Ádebıet

Осы жұрт Әлекеңді біле ме екен?!

Қазақта: «Қартайғанда кәрі боз жорға шықты, алдындағы қырқаға зорға шықты» деген сөз бар. Менің де жасым алпыстан асқанда қолыма қалам алып, ой қозғауыма ұлым Сағатбектің: «Әке, бір кісідей еңбек еттіңіз, дәм-тұздың тартуымен Жамбыл облысының бірнеше аудандарында қызмет атқардыңыз. Кейінгі ұрпаққа үлгі болсын, болашақта біздің әжеміз, атамыз, әкеміз осындай жандар болған деп айтып жүретіндей есте қаларлық еңбек жазыңызшы» деп қолқа салуы себеп болып, тәуекел деп іске кірістім. Мен өзім кәсіби журналшы, я болмаса жазушы емеспін. Тек жас кезімде әдебиетке қызығушылығым болған соң әрі аудандық басылымға бірді-екілі мақала жазумен айналысқаным қызығушылығымды оятты.

Әлқисса, мен 1953 жылы 4 шілдеде қасиетті қарт Қаратаудың теріскейіндегі елі дарқан, жері бай, түгін тартсаң май шығатын, шөбі шүйгін, бораны қатты, наны тәтті, жұлдызы биік Жуалының тау баурайындағы Түркісіб елді мекенінде дүниеге келіппін. Менің айтпағым, әжем жайында болмақ. Көнекөз қарттардың айтуынша, марқұм әжеміз Алиша күні бүгінге дейін елдің есінде. Әлі күнге дейін елдің басы қосылған жерлерде әжеміздің жақсы істерін үлгі-өнеге етіп айтып отырады.
Ертеректе Жуалы ауданы біресе Оңтүстік Қазақстан облысына қарап, біресе жеке аудан болып тұрған деседі. Біздің ауыл Күреңбел ауылдық советі деп аталып, оған бірнеше ауылдар бұрынғы Кәріқорған, Тасбастау, Казанка, Благовещенка, Қоңыртөбе, Самсоновка, Төңкеріс ауылдары кіріпті. Әжеміз Алиша ер мінезді, адуынды, еті тірі, іскер, ауылда, ауданда, облыста сауатты, ақылды өте беделді кісі болыпты. Ол кезде әйел адамдар басшылық іске араласпақ түгілі, бас қамымен, үй тірлігімен жүрген уақыт емес пе?!
Ел басына күн туған 1941 жылы Ұлы Отан соғысының өрті тұтанғанда аудан басшылары Алиша Үмбетованы Күреңбел ауылдық советіне басқарма етіп тағайындапты. Әжеміздің небір ерлік істерін әлі күнге дейін ел жыр қылып айтады. Ал атамыз Қожаназар момындау, аздап емшілікпен айналысатын кісі болған. Әжеміз ол кісінің атын атамай «біздің үйдің кісісі» деп атаған.
Атамыз кішкентайынан жетім қалып, кейінірек молдалық жолына түсіп, емші-молда болып, Шу, Мойынқұм өңіріне кеткен екен. Сол жақта жергілікті Оман төре деген ауқатты кісінің Алиша атты қызымен танысып, көкірек елінің Қалыбай, Ақмолда, Айнақұл деген кісілермен аралас-құралас болады. Содан Шу өңірінде төре, қожа, молдалары қудалау науқаны басталып біреулер біздің атамызды: «мынау өзі қожа, өзі тәуіп» деп шолақ белсенділерге жеткізіпті. Содан жанашыр бір кісі: «Есің барда еліңді тап бала, ертең ұсталасың» – дейді. Атамыз Алишаға: «Мендік болсаң артыма ер» деп, төренің байлаулы тұрған бәйге қара атын мініп, ортасына жалғыз баласы Мейманды алып, «Жуалы қайдасың?» деп өз еліне тартып кеткен екен. Бәйге қара ат демекші, әжеміз Алиша сол қара атқа күміс ер-тоқым, құйысқан, жабу жауып мініп, ел аралайтын көрінеді. Сол ат шамамен 1965 жылға дейін сол төңіректе бәйгенің алдын бермей жүріпті. Біз бала кезімізде сол атты көрдік. Сізге өтірік, бізге шын, сылқым қара, тілі ұзыннан қақ бөлінген, шапқанда басын төмен салып, үстіндегі шабандоз бала «Түймеш» (шын аты Түймебай Айтбеков) баланы құлатардай екпіндеп, ауыздығын шайнап, жүгенге ырық бермейді екен. Ол кезде бәйге қазіргідей айналма емес, аттар тіке бәйге 20-25 шақырымға шапқан. Ауылдағы тау етегінде, өзен бойында үлкен төбе қазір де бар. Сол төбенің басындағы мәреге ел жүгіріп, әруақ шақырып отырады екен. Бәйге аттарының Күйік асуынан жіберіліп, олардың қалың шаңының Түркісібке жеткенін де талай көрдім.
Алиша әженің ұжымдастыру кезінде, одан кейін де ерен еңбектің үлгісін көрсеткенін, ауыл тұрғындарын еңбекке жұмылдырғанын ауылдың көнекөз қариялары Шаймерден Шәрденов, Сауран Шынтаев, марқұм Мырзахан Марасилов, Омарбеков, Шайдуллиндер кейінгі ұрпаққа естелік, үлгі ретінде аңыз қылып айтып отыратын. Ол кісінің сұрапыл соғыс басталарда 1941 жылы жалғыз баласы Мейманды 18-ге толды деп, соғысқа жібергенін қалай түсінуге болады?… Ол кезде әкеміз 17-де болатын. Елдің әжемізге: «Жалғыз балаңды неге соғысқа жібересің, алып қалсаң болатын еді ғой»- дегеніне: – Менің балам басқалардан артық емес, 40 жыл қырғын болса да ажалды өледі,- дегенінің өзі ерлікпен тең емес пе?! Сол кезде майдандағы баласының тілеуін тілеп отырсын деп, жақсылыққа ырымдап, Жуалы өңіріндегі абырой-атағы үлкен беделді, елге сыйлы, бағбан Жүзбай деген кісінің Анар деген жалғыз қызына құда түсіп, тана тағып, келін етіп түсіріп, үйіне кіргізіп алады. Сол Анар шешеміз 1945 жылы соғыс аяқталып, Мейман әкеміз бір көзінен айырылып, үш рет ауыр жараланып, көкірегі орден-медальға толып елге оралғанша Алиша әжеміздің үйінде әкеміз Мейманның тілеуін тілеп отырады. Осы тұста аласапыран заманның қиындығына қарамастан қазақы салт-дәстүрімізді берік ұстаған жандарға қалай риза болмайсың…
Бүгінде Түркісіб, Тасбастау ауылдарында «Жүзбай сайы», «Жүзбай бауы» деген жерлер бар. Әсіресе, «Жүзбай бауы» қазір саялы бауға айналған. Онда өрік, шие, алма, жаңғақ, тұт, терек, емен, аққайыңның неше түрі бар, кәдімгі ну орман дерсің! Табиғат аясын тамашалауға шыққандар осында демалады. Міне, «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген осы.
Алиша әжеміздің ұрпақтарының қолында Жуалы ауданы, Оңтүстік Қазақстан облысы партия ұйымының 7-ші конференциясының шешуші дауысы бар, № 53 Мандаты сол кездің куәсіндей боп сақталып келеді.
(Жалғасы бар)
Шарханбек Қожаназаров.
Кәріқорған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close