Ádebıet
Ұлы даланың ұлы перзенті
Қандай қиын күресте өткен күндерің,
Тағдырыңның айлағы боп тұр жерің.
Ол сенімен, сен онымен
Мәңгіліксің ұдайы,- деген ұлы ғұламаның қанатты сөзі ғасырлар, сан белестерден өтіп, бізге жеткені не деген ғажап еді?!
Адамзат баласының ақыл-ойы мен пайым-парасатының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан ұлы ойшыл бабамыз Әбу Насыр әл-Фарабидың туғанына 1150 жыл толу мерейтойын ЮНЕСКО аясында атап өту межеленгені бойымызға қуат, санамызға жігер береді. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған ұлы бабамыз әлемдік сан қырлы ғылымның дамуына өлшеуіз үлес қосқан. Ойшыл араб философиясының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты.
Ғұламаның толық аты-жөні Абу Насыр Мұхаммад ибн Мұхаммад Ибн Тархан ибн-Узлақ әл Фараби ат-Түркі. Әл Фараби қазақтың ежелгі қаласы Отырарда Арыс өзенінің Сырдарияға құятын сағасында 870 жылы туған. Арабтар Отырарды Бараба-Фараб деп, Тархани»деп те атаған. Оқуды ерте бастаған бала Фараби Отырарда, Ташкент, Бұқара, Самарқанда, одан соң Қорасанда білім алып, кейін Қосөзен аралығындағы Бағдат қаласында оқуын жалғастырады. Зерек боп туған Фараби өте білімді адамдардан сабақ алған. Оның білімі энциклопедиялық еді. Ол логика мен жаратылыстану, медицина мен шет тілдерін оқып, музыканы жақсы көрді.
Бағдат қаласы сол кездері мәдениет, ғылым мен өнердің орталығы болды. Тұрғындарының өмір сүру деңгейі және әлеуметтік құрылымы жоғары еді. Бағдатта ол сот қызметкері болып та жұмыс істеген, кейін сабақ бере бастаған. Замандастары философты ақылды және талантты тұлға ретінде танып білген.
Ғұламаның туындыларын екі санатқа бөліп қараймыз, Біріншісі ғалам заңдарына, адамның өміріне және дүниетанымына арналған. Математика, астрономия және геометрия ғылымдарына байланысты заңдарды зерттеген. Сондай-ақ, уақыт пен кеңістіктің тұжырымдамасы туралы теориялар айтқан. Екінші жабайы жануарларға арналған жұмыстар мен олардың қолданыстағы заңдарын қамтиды. Химия, биология, медицина және физика ғылымдарын терең зерттеген.
Әл-Фараби философия мен әлеуметтану, саясат, педагогика, этика, диалектика мәселелеріне ден қоя білді. Әлемдегі барлық нәрсені 6 деңгейге бөлген, олар бір-бірімен тығыз байланысты деп түйген. 1-кезең – барлық нәрсенің тууы; 2-кезең – барлық заттың пайда болуы; 3-кезең – ақыл-ой, дамып келе жатқан ақыл; 4-кезең – жан; 5-кезең – пішін; 6-кезең – материя. Осы алты кезең адамзат баласының пайда болуының негізі болған деген философиялық ой түйген.
Ол әлемнің жаратылуын, біртұтастығының басты себебі Құдай деп санаған. Екінші орында планеталар мен аспан денелері, жер формасы т.б. Ғалым теориясы бойынша материя мәңгілік және формамен тығыз байланысты. Соңғы екеуі бірін-бірі толықтыратындығына күмәнданбаған. Құдай жаратылыстың басты себепкері деп қараған. Ғарыштық ақыл-ойға иланған. Философияны діни көзқараста емес, ғылыми тұрғыдан зерттеген. Құдыреті күшті Жаратушы мен материалдық әлемді бөлген.
Ғұламаның жеке ғұмыры туралы аңыздардан алынған, нақты мәлімет өте мардымсыз. Ғалым оқу кезінде де жұмысын тоқтатпаған. Шамда бақ сақшысы боп істеді. Сығырайған шамның жарығымен ғылыми жұмыстар жүргізді.
Әл-Фараби бабамыз 950 жылы Дамаск шаһарында 80 жасында о дүниелік болған. Шаһар қабырғасынан тыс жерге жерленген. Өткен ғасыр тоғысында ғұлама қабірі басына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, сол тұстағы бас мүфти Әбсатар қажы Дербісәлі барып, зиярат жасап, ұлы баба әруағына құран бағыштаған. Басына арнайы даярланған асыл тастан белгі қойып, елдігіміздің ұлы ғұламаға деген ілтипатын паш еткені кім-кімнің де жүрегін тербейді.
Задында, «философтар адамдардың қате көзқарастарын, ал тарихшы олардың шалыс басқан қадамдарын зерттейді» деген тәмсіл бар. Өмірдің күрес екені – ақиқат! Пәлсапа тілінде – аксиома. Ғұлама ғалым соқыр сенім кесапатына қарсы өзінің тарихын қанмен жазған, рухани бостандық пен гуманизмнің қасиетті заңдарын таптау үшін бар зұлымдығын жасап баққан баққұмар мансапқорлыққа қарсы аянбай күресе білді.
Фараби өзінің саналы өмірінде ғылымның әр саласы бойынша бірнеше жүзден аса еңбектер жазып қалдырған. Түрік ғалымы Ахмет Атеш ғұламаның 160 еңбегі болған десе, тәжік ғалымы Б.Гафуров 200 еңбек жазған деп санайды.
Әл-Фараби ең әуелі ұстаз-ағартушы. Бүкіл пәлсапалық ізденістері, пайымдаулары адамды барынша кемелдендіру, дамыту мақсатына арналған. Адамдардың шынайы бақытқа жеткізу жолдарын табуды мұрат тұтқан.
Өз сөзінде ғұлама: «Біз жақсы мінез-құлықпен ақыл-парасатқа ие болған кезде, олардың арқасында бақытқа жетеміз. Бұл екеуі бар кезде біздің өзіміз және іс-әрекеттеріміз үстем де кемел болады, осылардың арқасында біз шын мәнінде қастерлі, қайырымды, инабатты боламыз»- дейді. Араб халифатында ертеден қалыптасқан дәстүр бойынша мемлекет басшысы, әміршісі «сегіз қырлы, бір сырлы», білім-парасатты, мінез-құлықты, барынша кемел азамат болуы ең басты шарт болып табылады.
Ұлы ғұлама осы ойды талапты педагогикаға енгізіп, орнықтырушылардың, іске асырушылардың алдыңғы сапында тұр. Ол қабілеті бар балалар әбден толысқан кемеңгер басшы, әмірші болып, өкіметті қолына алу үшін оларға қандай тәлім-тәрбие беру қажеттігін айқындауды негізгі міндет деп білген. Фараби мұндай туа біткен және жас кезінен даритын 12 қасиеттің атын атайды.
Жастарды тәрбиелеу жүйесінде ұлы ғалым бірінші орынға адамгершілік, моральдық тәрбиені қояды. Бұл тәрбиенің ауқымына имандылық, еңбек, этика, дене т.б. тәрбие түрлерін енгізіп, тұтас қараған. Оның ілімі бойынша мінез-құлықтың жақсысы да, жаманы да туа бітпейді, жүре бітеді.
Ғұлама: «біз мінез-құлық сапаларының абзалы да, оңбағаны да жүре келе пайда болады дейміз. Адамға қалыптасқан мінез-құлық болмаса қарама-қарсы мінез-құлыққа өз еркімен көшіп кетуі мүмкін. Себепші болатын нәрсе – әдет. Ал әдет деп мен белгілі бір әрекеттің жиі-жиі және ұзақ уақыт қамтылуын айтамын. Мінез-құлықтың қалыптасу жолдары өнер үйрену жолдары сияқты».
Әл-Фараби тәрбиені неғұрлым ерте бастағанды ұтымды санайды. Әл-Фарабиден бастау алған жақсы-жаман әдет-дағдылардың адамның жан-жақты кемел қалыптасуындағы пайда мен зиянын еңбектерінде ашып көрсеткен.
Әл-Фараби педагогикадағы өзін-өзі тәрбиелеу, ақыл-парасат, ерік күші арқылы өзін тезге салу, жөнге салу әдістері туралы қағидаларға осылай қолдап, дамытып отырған.
Фараби басқа діндегі, ұлт ғылымдар еңбектерін жатырқамай, озық, үлгілі жақтарына жоғары баға беріп, оларды қауым үшін уағыздай насихаттап отырған. Өзі – 70 тіл білген, ұлы полиглот. Ол Аристотель, Евклид, Прометей, Әл-Кинди, Әл-Баттани т.б. ұлы тұлғаларды өзіне ұстаз санап, олардан көп нәрсе үйренген. «Бақытқа жету трактатында» (рисалат) ғылымның интернационалдық сипатын айта келіп, ғылым туралы «Ежелгі дүниеде Иракты мекендеген халдейлерде болған, сонан кейін мысырлықтарда кездеседі. Олардан гректерге, гректерден сириялықтарға ауысқан. Ғылымның бүкіл мазмұны грек тілінде баяндалып, онан соң сирия тіліне, одан арабшаға аударылған»,- деп аса құнды дерек келтіреді.
Ғұламаның ұстаз туралы ғибратты сөзін осы тұста келтіре кетсек: «Ұстаз өзіне айтылған сөзді жете түсінген, көрген, естіген, аңғарған нәрселерін жадында жақсы ұстайтын, ешнәрсені ұмытпайтын, алғыр да аңғарымпаз, өткір, сөзге шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл, жаны асқақ, ар-намысын ардақтайтын, батыл және ержүрек болуға тиіс, – деп жазды ұлы ғалым.
– Ұлы ұстаз туралы шығыстанушы, дін қайраткері Әбсаттар қажы Дербісәлі: «Әл-Фараби- дәрігер, музыкант, философ, тіл маманы, педагог. Ең бірінші болып «Музыканың ұлы кітабы» деген шығарма жазған. Сол кітап Сирияда қолыма түсіп, елге ала келдім. ІХ-Х ғ.ғ жазылған еңбекте ноталар бар. Музыканың теориясы кеңінен қамтылған. Ол кезде Еуропа елі ұйықтап жатқан болатын»,- деп жазды.
Музыка адамзаттың әмбебап тілі екендігін ұлы қазақ ақыны Мағжанның 1920 жылы жазылған туындысында:
«Түріктің кім кемітер музыкасын,
Фараби тоғыз шекті домбырасын.
Шерткенде 99 түрлендіріп,
Жұбанып кім тыймаған көздің жасын»,- делінген.
Болатбек қажы Қайыпбекұлы,
Көкбастау ауылдық округінің
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
(Жалғасы бар)