Ádebıet
АРМАНЫ АСҚАҚ АЗАМАТ ЕДІ
Ол бұл дүниеден ерте кетті. Әйтпесе, сөз жоқ, жуалылықтардың мақтанышына айналатын қаламгер болып шығар еді.
Енді осы жерде өзім әруағын аунатып отырған азаматпен таныстыра кетейін. Бақытбек Кенжебеков менің жақсы көретін ардақты қайным болатын. Төрт қайнымның ішінде ол мен үшін өте ерекше бала еді. Ол да мені өте жақсы көретін. Мектептен келе сала: «Жеңешем қайда?» деп іздеуші еді. «Біз отырмыз ғой, оны неге іздедің?» деп кейде енем де қызғанғандай жауап қататын.
Мен келін болып түскенде, ол мектептің бірінші сыныбына жаңа барған екен. Сабаққа сондай ынталы, көп нәрсені білсем деп ұмтылып тұратын. Бәлкім, сол да себеп болды ма, елгезек Бақытбек екеуміз бірден достасып кеттік. Сабағын жасауға көмектесемін, қызық кітаптар оқып беріп, оған да оқытамын. Бастауыш сыныптарда оқып жүріп-ақ ол маған еліктеп әдеби кітаптарды көп оқитын болды. Бір күні байқасам, өлең шығаруға да талаптана бастаған екен. Өзі шығарған бір өлеңін «Дари-дау» деген әнге салып, жолдастарымен бірге айтып жүр. Бақытбектің осындай құштарлығын байқаған қайын атам Кенжебек те (Аманкелді атындағы колхоздың басқарма бастығы болатын) барған жерінен оған кітаптар әкеліп беретінді шығарды.
Жан дүниесі таза, мейірімді, кішіпейіл қайным менің суға шыққанымды көрсе, ілесе шығып, қолымдағы шелегіме жармаса кететін. Су әкелу, үйді тазалау, іні-қарындастарына көмектесуге әрдайым дайын тұратын. Бақытбек оқып, мен жұмыс істеп жүрген Қайраттағы «Октябрьдің 40 жылдығы» атындағы мектепт-интернатта алыс ауылдардың балалары жатып оқитын. Кейде өзінің сыныптас балаларын бірге ертіп келетін де: «Жеңеше, мына балалар үйдің наны мен тамағын қатты сағыныпты, сол үшін ертіп келдім» дейтін. Сөйтіп жүріп Асадан келіп, интернатта жатқан, әке-шешесі жоқ баланы үйге біржола кіргізіп алды, екеуі орта мектепті бірге бітірді. Екеуін де Шымкентке алып барып, технологиялық институтқа түсірдім. Жап-жақсы оқып жүрді. Бірінші курсты бітірген жазда қайным бүкіл құжаттарын алып, институттан шығып келіп отыр.
–Мұның не? – дейміз ғой, ренішімді білдіріп.
–Жеңеше, сіз сияқты тіл маманы болғым келеді, шынымды айтсам мына мамандық маған ұнамайды, – деді. Сол сөзін естіп ашуланған ағасы Асылбек оны ертіп апарып, колхоздың қара жұмысына кіргізді. Күзде әскерге кетті де, сол жерден жолдама алып келіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеттің филология факультетіне түсті. Студент кезінен-ақ жазумен айналысты, сол кездегі ұзынағаштық жігіттер Нағашыбек Қапалбеков, Жұмабай Шаштайұлы және басқалар онымен сыйлас достар еді. Жоғары оқу орнын бітірмей жатып, «Амансыз бе, көке?» деген кітабын шығарды.
Ал, Шымкентке бірге барған жолдасы Қалдыбай сол институтты бітіріп, дындай инженер болды, бірақ Бақытбек ол мамандықты алмағанына еш өкінген емес. Небәрі 37 жасында дүниеден озған қайным ұзағырақ жасаса, күшті жазушы болар еді деп әлі күнге дейін өкінемін.
Бақытбек жоғары оқу орнын бітірісімен «Қазақстан әйелдері» журналына жұмысқа кіріп, өмірінің соңына дейін сонда істеді. Өзін журналист ретінде, қаламы қуаттанып келе жатқан азамат ретінде танытты. Жазған дүниелерінде отбасылық бақыт пен бірлік, ағайын-туыс арасындағы адамгершілік қасиеттеріне үлкен мән беретін.
Алакөл ауданының қызы Сараға үйленіп, жарасымды отбасы болып тұрып жатқан. Тұңғыш қызы Ажар 1982 жылғы, одан кейінгі қызы Гаухар 1984 жылы дүниеге келген. Қылықты болып өсіп келе жатқан қыздарының қызығы Бақытбекті алға сүйреп, келешекке құштарлығын күшейтіп, өмірінің мағынасын арттырды. Журналда жүріп ол көп жазды. Сол жазғандарының арасында қыз-келіншектер туралы мақалалары көп еді, әттеген-айы, сол жарық көрген дүниелерін келіншегі сақтамаған сияқты.
90-жылдардың басында Сара келініміз екі қызымен шетелге кетіп қалды, сөйтіп біз Бақыттың жазғандарына ие бола алмай қалдық. Жазғандарының ішінен ерекше есімде қалғаны: Отанды болашақ қорғаушылардың бойында жауынгерлік дәстүрлерге адалдық сезімін қалыптастыруға, еліміз бен жеріміздің тарихына, аға ұрпақ өкілдерінің ерлік күресіне мұқият қарауға басымдық беріп, осылардың өмірінің қаһармандық беттері – біздің ұлттық идеологиямыздың құрамдас бөлігі екендігі туралы жүректі тербейтін құнды мақалалар жазғаны. Айтар ойы, көтерген проблемасы жетерлік еді. Сондықтан келелі, елге ой саларлық мәселелер көтерді, толғақты тақырыптарды толғады, өз кезінде көтерілген көптеген мәселелерге тұжырымды пікір білдіріп отырды. Әсіресе, Ұлы Жеңістің 45 жылдығына орай соғыс кезінде қолына ер қаруын алып, майданға аттанған, майдан үшін, бүкіл халықтың жеңісі үшін тылда көз ілмей еңбек еткен қазақстандық қыз-келіншектердің ерлікке бергісіз істерін баяндаған мақалалары да ойымда қалыпты. Сол жазғандарын оқығанда мейірім мен шаттық үшін ғана жаратылған қыз-келіншектердің бал-бұл жанған жүзін қалай ашу мен кек торлағаны көз алдыма келетін. Біз сол бір сұрапыл шақты басынан өткерген үлкендерді көп көрдік. Күле де, шаттана білген, қуана да, күрсіне білген аналар ел басына мұнар күн туған қасіретті шақта жер үстіндегі жазықсыз тіршілікті қорғауға деген шексіз махаббатымен тың бір қайратқа мінген еді. Он сегіз бен жиырманың арасындағы әлі жігіт болып сүйіп те үлгермеген азаматтар ажал оғының астына аттанды, күні кеше қос тұлымы желбіреп, ертеңгі болашаққа аппақ арман, балауса үмітпен күлімдей қараған жас қыздар да нәзік балтырын сыздатқан солдат етігін киіп, гүл құшуға ғана жаралғандай сүйрік саусақтарымен ауыр автоматты көтеріп, майдан шебінде жүрді. Қыз-келіншектер тек қана майдан шебінде емес, тылда да аянбай еңбек етіп, жеңіс күнін жақындату үшін ерлік еңбектің небір үлгілерін көрсетті. Ежелден халқымызға тән елдік пен ерліктің ауыр жүгін жауапкершілікпен көтеріп, туған жерден алыста зұлым жаумен шайқасқан ардагер жауынгерлердің сенімді көмекшісі бола білгенін жаны тебірене жазды. Отты жылдардың тауқыметін өскелең ұрпақтардың ешқашан көрмеуін тілей отырып, бүгінгі жастардың жалынды боп ержетуін қалады ол.
Дүниеден ерте кеткен ардақтым-ай, деймін мен. Егер жер басып жүрсе, мақтана айтатын талай жетістіктерге жетер еді. Өйткені, оның алдына қойған мақсаты да, арманы да көп еді…
Күміс Пармашқызы,
Алматы облысының, Жамбыл
ауданының Құрметті азаматы,
ҚР-ның мәдениет қайраткері,
ҚР-ның оқу ісінің озаты