Ádebıet
Тарихи тұлғаның тағылымы
Талапты ауылдық клубында ағымдағы жылдың наурыз айының 26-сы күні аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің Мыңбұлақ ауылдық округіндегі жастар ісі жөніндегі инспекторы Шынболат Тұрарбектің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын жүзеге асыру аясында қазақтың көрнекті ғалымы, қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың туғанына 155 жыл толуына орай тарихшылар мен оқушы жастар арасында кездесу өткізілді.
Шараның мақсаты – қазақтың көрнекті ғалымы, қоғам қайраткері тарихшы Әлихан Бөкейхановтың ұлтқа сіңірген еңбегін жастарға насихаттап, тарихқа құрмет сезімін қалыптастыру.
Шараны Шерхантану музейінің қызметкері Ж.Набиева ашып, мектеп оқушыларына әйгілі тұлға жайында ақпараттар берді.
-Әлихан Нұрмұхамедұлы 1866 жылы туып, 1937 жылы қайтыс болған. Қазақ халқының көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, ұлт-азаттық қозғалысының теориялық негізін салушы әрі көсемі, қазақтың тұңғыш саяси партиясын ұйымдастырушы және Алашорда үкіметінің төрағасы болған әйгілі тарихи тұлға. Туған жері бұрынғы Семей облысындағы Қарқаралы уезінің Тоқырауын болысы. Қазіргі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы. Ата-тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын төре тұқымы. Арғы атасы атақты Көкжал Барақ. Қазақтың соңғы хандарының бірі Бөкей хан осы Көкжал Барақтың баласы. Бөкейден Батыр, одан Мырзатай, одан Әлиханның әкесі Нұрмұхамед деп туады,- деген ол туғанына биыл 155 жыл толып отырған бірегей тұлға жайында кеңінен әңгімеледі.
Әңгімені ары қарай Мыңбұлақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Ш.Тұрарбек жалғастырды. Ол тарихшы атамыздың шығармашылығымен таныстырды. Әлиханның саяси көзқарасының пісіп, жетілуіне, кейін белгілі саяси, қоғам, мемлекет қайраткері әрі қазақ ұлт- азаттық қозғалысының ұйымдастырушысы және көсемі ретінде танылуына, саяси күрескер ретінде шыңдалуына Омбыдағы күндері ерекше ықпал етеді деді ол. Басқосу барысында оқушылар тарапынан әртүрлі сұрақтар қойылып, тиісті деңгейде жауап берілді. Мұндай ашық форматта өткен кездесулер оқушылардың танымдық деңгейін арттырып, қоғамдық өмірге белсенді араласуына ықпал ететіні сөзсіз.
Қорытындылай келсек, міне, Әлихан Бөкейханов сияқты белсенді саяси тұлғалар 1917 жылы шілде және желтоқсан айларында өткен жалпы қазақтық съездерді ұйымдастырып, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметін құруға қол жеткізді. Жастар осындай зиялы тұлғалардың, қоғам қайраткерлерінің өмірімен тығыз таныс болып, үлгі тұта білуіміз керек.
Аудандық жастар ресурстық орталығы