Ádebıet

«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы…»

«Кең дүние, құшағыңды аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сенде менің.
Бұйрат құмдар – бұйығып шөлдегенім,
Бура бұлттар – бусанып терлегенім»… Қазақтың ақиық ақыны, халқымыздың аяулы перзенті Мұқағали Мақатаевтың осылай жырлағанын білеміз. Осы ретте өлеңнің ауылына «ат байлауға» бел байлаған талапты жас ақын қыз Ұлдана жақында аудандық газеттің редакциясына арнайы келді. Қызыларық ауылында тұратын Ұлдана Датқабекқызын нағашы жеңгесі Нұржамал Октарқызы осында бағыттап, әкелген екен.
Ұлдана Жамалбек – 1993 жылы ауданға қарасты Қызыларық ауылында туған. Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің көпсалалы колледжінде және аталған университетте «Есеп және аудит» мамандығы бойынша білім алған. Одан бөлек, Шымкент аймақтық-әлеуметтік университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тамамдаған.
Өлең – адамзатқа ортақ игілік, халық қазынасы. Әсіресе, біздің қазақ халқының ақын халық екенін бүгінде әлем елдері жақсы біледі. Осы тұрғыда ұлы ақын, хакім Абай: «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да олардың бар таңдамасы. Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын, Қазақтың келістірер қай баласы?» деп бекер жырламаса керек-ті. Өлең әлеміне жаңадан қанат қаққан, «өлеңге таласы бар» Ұлдананың басты мақсаты – қазіргі заманның келбетін жырға қосып, ұлт руханиятына да өзіндік үлес қосу. Ол жазған өлеңдердің замана шындығынан туғанын, ақын қыздың ата-ана тақырыбын, жалпы өмір шындығын жырлағанын байқауға болады. Ендеше, өлең әлеміне қанат қаққан жас қалам иесі Ұлдана Датқабекқызына сәт-сапар тілейміз!

Ақжарқын Тұрлыбай және оның махаббаты!

Суық күн, жаңбыр жауған, қаралы аспан,
Қос ғашық сағынышын зорға басқан.
Алты айың болды күткен алты жылдай,
Кездескенде жас алды сағыныштан.

Қыз жігіттің аяулы бір гүлі еді,
Амандығын күн сайын мың тіледі,
Қыз жабырқап жыласа мұңға батып,
Басқа әлемнің ол үшін жоқ керегі…

Жігіт қыздың тірегі, жүрегі етін,
Ақса ағын, соны ұстап тірелетін.
Сол ағынмен алысқа жігіт кетсе,
Көңіл-күйі құлазып, кірленетін.

Екеуі де дәл қазір алыс жолда,
Өмір заңы емес қой біздің қолда.
Қызды қатты сынаған қатал тағдыр,
Жазығы не, Тәңірім, қыздың онда.

Махаббатты көресің көздерінен,
Жазалады қазақты кім көрінген.
Жазықсыз қандасымыз торға түсіп,
Жігіт қалды жаралы жүрегімен.

Қыз қалды өмір бойы темір торда,
Қазақ емес сұм жауыз қытай қолда.
Жігіт қалды ес жимай, жаны жасып,
О, Тәңірім, екеуін өзің қолда!

Көз жасын тамызып көп елжіреген,
Бұлай боларын ғашықтар еш білмеген.
Айырғанмен бозбала бойжеткенді,
Сезімдері сөнбейді, еш берілмеген.

Армандар мен мақсаттар қалды артта,
Қыз жүрегі жабырқап, жүр жырақта.
Қазақтың жерін басу арман болып,
Ақжарқын, шыдай тұрғын, бұл сынаққа!

Жігіт күтіп жүр қызды өзін алдап,
Іші толы мұң-зарға, сырты жайнап,
Жұлынған жарты жүрек сағынады,
Сыздаған жараны ол күнде тырнап.

Елжірейді мұны көріп ет жүрегі,
Ақжарқынға халқымның көп тілегі.
Қытайдағы темір тордан аман келсін,
Босатылып кісеннен қол, білегі.

Бұл күнде зор сенім бар қос ғашықта,
Отау құрар күн тусын болашақта.
Тағдырдың қарсы тұрып дауылына.
Махаббат оты сөнбесін, ешуақытта!!!

Қаламымды тастамаймын…

анарым жасқа толып түйілсе де,
Төбемнен қара бұлттар үйілсе де.
Ақындық арлы жолдан тайсалмаймын,
Артымнан арсыз жандар сөз етсе де.

Көкірегім шыдамастай күйілсе де,
Күн сайын жабырқаулы күй кешсем де.
Қаламымды қолымнан тастамаймын,
Жалған өмір сағаты тез келсе де.

Арманыма қол жетпесім білінсе де,
Өлеңдерім жинақ болып үйілсе де.
Тағы айтамын, көк сияны тастамаймын,
Қорқынышты қара түс көрінсе де.

Өсек-өтірік өрмекшідей өрбісе де,
Өлеңіме мына жұрт сенбесе де.
Бәрібір қаламымды тастамаймын,
Қиын-қыстау мен-дағы күн кешсем де.

Төмен болып тау төсінен терлесем де,
Шынардай биік шыңға мінбесем де.
Өзім үшін өнер жолын тастамаймын,
Жинақтарым кітап боп келмесе де.

Еңсемді ептеп ұстап жүрмесем де,
Жақсы мен жаманды тең көрмесем де.
Оң қолдағы барымды тастамаймын,
Жаңа ғұмыр, жәннат өмір көрмесем де.

Сезім сырын біреудің сезбесем де,
Күні кеше көк теңізді көрмесем де.
Қайталаймын, қаламымды тастамаймын,
Мансаппен биік шыңға өрлесем де.

Мейлі маған адамдар сенбесе де,
Алланың құлымын ғой, не десе де?!
Тәңір берген сыйымды тастамаймын,
Мініп алып шабыттың кемесіне!!!

Ақын жанға не қымбат?!

Өтіп жатқан уақыт қымбат,
Басқа қонар бақыт қымбат.
Бірде келер, бірде келмес,
Ақын үшін шабыт қымбат.

Білімсізге ақыл қымбат,
Бикештерге алтын қымбат.
Қолдап күнде шабыт берер,
Ақын жанға халық қымбат.

Жетімдерге ана қымбат,
Үйі жоққа пана қымбат.
Терісті оңдап ойлау үшін,
Ал ақынға сана қымбат.
Аналарға бала қымбат,
Шағалаға қала қымбат.
Кең алқапты ұлы жері,
Ақын үшін дала қымбат.

Байлар үшін үй қымбат,
Кедейлерге күй қымбат.
Жанға жылу беру үшін,
Ақындарға сүю қымбат.

Шешендерге сөзі қымбат,
Соқырларға көзі қымбат.
Сынағына сын өмірдің,
Ақындарға төзу қымбат.
Қарлығашқа ұя қымбат,
Бойжеткенге қия қымбат.
Әр өлеңін жазу үшін,
Ақын жанға сия қымбат.

Әйелдерге сән қымбат,
Ал ерлерге тән қымбат.
Бәрімізге бұл өмірде,
Тапсыратын жан қымбат.

Шырақшыға шырақ қымбат,
Тау басына бұлақ қымбат.
Барлығына бұл өмірде,
Бастан кешер сынақ қымбат.

Жақсы көрем туған жерді…

Кең алқапты табиғаты үшін,
Аңыз, ашық ақиқаты үшін.
Жақсы көрем туған жерді,
Достарымның ілтипаты үшін.

Жеріне бидай еккені үшін,
Жамандарды сөккені үшін.
Жақсы көрем туған жерді,
Батырлардың мекені үшін.

Ұзын биік терегі үшін,
Сүрінбейтін мергені үшін.
Жақсы көрем туған жерді,
Балалық шақ бергені үшін.

Биікте тұрған жері үшін,
Бейнетпен шыққан тері үшін.

Жақсы көрем туған жерді,
Арындаған, айбарлы елім үшін.

Сауатын күнгі сауын үшін,
Нөсерлеп жауар жауын үшін.
Жақсы көрем туған жерді,
Екі алқапты тауы үшін.

Бәрінен шығар амалы үшін,
Жаудан қорған қамалы үшін.
Жақсы көрем Туған жерді,
Таза леп ескен самалы үшін.

Байлыққа толы даласы үшін,
Текті ұл-қыздың анасы үшін.
Жақсы көрем Туған жерді,
Әркімге болған панасы үшін.

Азаны бар мешіті үшін,
Әрқашан ашық есігі үшін.
Жақсы көрем Туған жерді,
Тербелген менің бесігім үшін.

Ойнақтаған құлыны үшін,
Суы таза құдығы үшін.
Жақсы көрем Туған жерді,
Сақтаған менде қылығы үшін.

Арайлап атқан таңы үшін,
Жүгірсең шығар шаңы үшін.
Жақсы көрем Туған жерді,
Айбарлы, абзал, арысым.
Жүрегімдегі намысым!!!
Ұлдана Жамалбек,
жас ақын.
Қызыларық ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close