Ádebıet

Мен бүгін анамды ойлап толғанамын…

(Анам Ханзада Әбішқызына арнаймын)

Өрт
Менің анам Ханзада Әбішқызының туып-өскен жері қазіргі Талапты ауылы. Ол кісіде соғыс кезінде тылда жұмыс істеді деген қағазы жоқ еді. Кейін тыл ардагері атанып, марапаттала бастады. Анамнан соғыс жылдары туралы сұрайтынмын. Сонда анам: -Соғыс кезінде ауылдық жерде еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін жұмыс істеген. Шолақ белсенділер ауылдағыларға тыныштық бермейтін. Соғыс басталған жылдары мен 14-15 жаста болып, ауылдағы мектепте 7-сыныпта оқитынмын. Оқу осымен тоқтады. Ал, тыл ардагері деген қағазды кейін дайындап алғандар ғой.
-Неге ары қарай оқымадыңыз?- деймін мен.
-Ағам соғысқа кетті, бір інім ауру, үйде әпкем және кемпір мен шал қалдық. Үй шаруашылығы менің мойнымда қалды.
– Соғыс кезінде қандай жұмыс істедіңіз?
– Ол кезде негізгі жұмыстар қолмен атқарылатын. Шөп шабу, қырманда бидай тазалау, қызылша кетпендеу, арық қазу, бидай тасу т.б. жұмыстар. Шолақ белсенділер жұмсаған барлық жұмысты атқардым. Айлық деген болмайтын. Еңбек күнге авансы беретін, ол бидай, ұн, қант сияқты түрінен.
Менің бала кезімде әкем тауда қой бағатын. Демалыс кезінде тауға барамыз. Қойшылардың негізгі тамағы ет болатын. Әсіресе, қыс айлары «автолавка» жете алмайды, міне осы кезде күндіз де, түнде де ет тағамдары. Жегің келмейді, бірақ басқа тамақ жоқ.
– Апа, Талаптыда бір көшені осы уақытқа дейін «неміс» көше дейді. Олар қашан келген?
– Олар соғыс кезінде көшіп келген. Көп қиыншылық көрді. Жас балалары көп өлді. Қыс түсе әр үйге бір-бір неміс жанұясын кіргізіп кетті. Үйіміз екі бөлмелі еді, кіреберіс бөлмені босатып бердік. От ішкі бөлмеде жағылатын, кіре беріс бөлме салқын болды. Оларға қалыңдап сабан төсеп, жатын орын дайындап берді. Әкем діндәр кісі болатын. Оларды шоқынғандар деп жақтырмады. Шешем тамақтан көмектесіп тұрды. Орысша да немісше де білмейміз, әйтеуір «ыммен» сөйлесеміз. Текті нәсілдер екен. Аштықтан, суықтан, аурудан көп қырылды. Бірақ ұрлық, зорлық, күштеу, қайыршы болған жоқ. Сол жылдары босқындар көбейіп кетті. Қолдарында бар заттарын тамаққа айырбастады. Бір күні біздің үйге «Зингер» деген тігін машинасы бар неміс босқындар келді. Олар біраз талқанға сол тігін машинасын айырбастамақшы екен. Шешем сол машинаға қатты қызықты. Бірақ әкем «бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп алдырмады.
Көктем шыға оларға бір көше тіліп берді. Олар күндіз-түні қимылдап тез-ақ үй соғып алды. Біз олардан үйдің шатырын шошақ етіп соғуды сол кезде бірінші рет көрдік. Соғыс кезіндегі, одан кейінгі қиыншылықты бірге бөлістік. Қыздары бізбен бірге жұмысқа шықты, бірге шөп шауып, қырман тазалап, арық қаздық. Олар қазақ тілін тез үйрене бастады. Кішкене балалары ауылда қазақ мектебінде оқыды. Бір-екі жылда кішкене балалары қазақша емін-еркін сөйлейтін болды. Есейген қыздары оқуға барған жоқ. Олармен қоян-қолтық жұмыс істеп, тез-ақ өз бауырымыздай болып кеттік. Біз оларға қазақша әндер үйреттік. Жұмысқа барарда, қайтарда олар бізбен бірге ән айтады. Әсіресе, Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» деген әнін қатты жақсы көретін. Менің Эмма деген дос қызым болды. Оның адал да шынайы көзқарасы осы уақытқа дейін көз алдымда. Қырманда болған бір оқиға есімде. Жаздай қырманда жұмыс істеп, қара күзде қырман аяқталар уақыт болып қалған. Қырман басшыларынан көз ала бере бидай қуырып жейміз. Бір күні қуырылған бидайымызды жеп, әңгіме дүкен құрып, ән айттық. Біз бір-бірімізге сүйеніп отырғанбыз, қалай ұйықтап кеткенімізді білмей қалыппыз. Ол ненің күші, ненің әсері екенін білмейміз. Мүмкін жаздағы жұмыстан шаршап сәл ғана босаңсығанның әсері ме екен. Басым қатты дуылдап түтінге шашалып жатырмын. Бірақ ояна алмаймын. Бір кезде Эмма жұлқылап жатыр.
– Ойбай, тұр, тұр, өрт болып жатыр – дейді. Кеш мезгілі. Түтінмен араласып айнала қап-қара. Немістер қаптап келе жатыр екен. Тілім байланып сөйлей алмаймын. Эмма немістерді ертіп келіп қалған екен деймін. Әлде өз ұлтын көргенде сатылып кетті ме? Ол неге сатқындық жасайды, екеуміз дос едік. Көзіме түрме елестеп тұр. Денем дел-сал орнымнан тұра алмаймын. Бір кезде жылан шағып алғандай орнымнан атып тұрдым. Қарасам басқа қыздар да орнынан тұрмай жатыр.
Тұрыңдар ! – деп айқай салдым. Бәрі ұйқылы-ояу жан-жағына алақтап тұра бастады. Бір күн бұрын жаңбыр жауып, даладағы бидайдың бәрін сабанмен жауып тастағанбыз. Қырман аяқталар мезгіл болып қалған. Қарауыл да жоқ. Бәріміз айыр, тырмамен отты өшіре бастадық. Сабанның асты су, беті түтіндеп жатыр. Бидайдың бетін ашып тастадық, от астына өтпеген. Техника аман, қарауыл отыратын қоймаға от тимеген. Шығарып тастаған сабанымыз түтіндеп жатыр. Қыздар арықтан су әкеліп шашып жүр. Бәрінің есі шығып кеткен.
Үйге қайтып келеміз, ешкімде үн жоқ, үндемей үйді-үйімізге тарадық. Түрімді көріп апам шошып кетті, күйе мен тер араласып айғыздалып кетіпті. Үсті-басымды қағып, беті-қолымды жуып жатып қалдым. Бірақ түнімен ұйықтай алмадым. Әкем де шешем де ұйықтамапты. Оянған сайын әкемнің зікір салып отырғанын көрем. Әкемнің бақсы- балгерлігі бар еді. Ертеңіне жұмысқа бармай қалдым. Екі құлағым қырман жақта. Қашан милиция келер екен деп күтіп жүрдім. Бірақ ешқандай дыбыс жоқ. Көп уақытқа дейін қорқып жүрдік, бірте-бірте тынышталдық.
Кейін біз көрген 1980-90-шы жылдардағы немістер қазақшаны жақсы сөйлейтін. Мақал-мәтел, мысал келтіре сөйлегенде таңқалатынбыз. Сөйтсек, олар Талаптыда төрт жылдық қазақ мектебін бітірген екен.

Тәтті нан
Әке мен шешенің қадірін балалы болғанда білесің деген рас-ау. Қазір ойлап қарасам, шешем Ханзаданың сол кездегі төзімділігіне әлі күнге таңқалам. Мүмкін, аналардың барлығы сондай шығар. Жаз кезіндегі қалай тамақ ішкеніміз есімде жоқ. Ал қыстағы оқиғалар есімде. Кешке қарай төрт бала, төрт қыз стол жағалай отырамыз. Бәріміз тамақ күтіп отырамыз. Ортадағы пеш қызып тұр. Шешеміз ыстық пешке пәтір нан пісіріп жатыр. Сол кезде ашыған қамырды оқтаумен жайып ыстық пешке пісірген нанды пәтір нан дейтін. Піскен нанды ортаға тастайды. Кешке дейін даладан ойнап, жаурап келген біз ортаға тастаған нанды тез бөліске саламыз. Пәтір нан тез піседі, бірақ біз келесі нан піскенше тез тауысып қоямыз. Бұл жағдай үшінші, төртінші нанға дейін жалғасады. Әкем темекісін сорып бізге қарап отырып: «Еңбекпен тапқан нан тәтті болады», – дейді.
Сонда қалай деп ойға қалам. Бұл нанды әкем мен шешем еңбектеніп тапты, бізге қалай тәтті болады. Бәріміз нан жеп отырмыз, бірақ ойланып отырмыз. Мүмкін әкем кейін ер жеткенде адал еңбектеніп тапқан нандарың бұдан да тәтті болады деп тұрған шығар.
Ержетіп, есейгенде кейде нан жеп отырып шешем есіме түседі. Сол кездегі шешем пісірген нандай тәтті нан жеп көрмеппін.
(ЖАЛҒАСЫ БАР).
Аташбек Әмірқұл,
зейнеткер.
Теріс ауылы

Таңдаулы материалдар

Close