Ádebıet
«ҰСТАЗЫМ МЕНІҢ»
Мен оны осылай деймін. Жасы кіші болса да, солай атаған өзіме ұнайды. Екі күннің бірінде телефон арқылы тілдесеміз. Бұл біздің үйреншікті әдетіміз. Ол – Астанада, мен Алматыдамын. Бізге түні де, күні де бірдей, телефон шар ете қалады. Көтерсем, Базархан інім болып шығады.
– Ұстазым менің! – деймін.
Ол рахаттана күледі. Содан соң: «Қойыңыз, көке, мен емес, сіз ғой ұстаз», – дейді. «Жоқ, Базеке, сен ұстазсың», – деймін.
Иә, ұстаз болып біреуді үйрету оңай емес. Ондай биікке көтерілу үшін жастың үлкендігі жеткіліксіз. Базархан Ергешұлы Рүстембаев – мен ғана емес, алдымдағы талайларға тағылым етер ісі бар азамат. Көргені көп, түйгені одан да молдау азаматты сыйлайтындар, «Базеке» дейтіндер аз емес.
Міне, осы жерде шегініс жасайын. Ол кеңестік жүйе ыдырап жатқан уақыт еді. Дәл сол кездің қарсаңында республикамызда демократиялық сайлау болды. Өзіміз көп жыл қызмет істеген Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің «Дәуір» баспасының директоры, әйгілі полиграфия маманы Әнуарбек Тілеулесов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа ұсынылыпты. Өзім жақсы араласатын Мардан аға Байділдаев бір кездескенде: «Талғатжан, қиындау болып тұр. Бір орынға бес кісі түсіп жатыр. Біздің сайлау округімізде Алматы Ауылшаруашылығы институты бар ғой, сайлау комитетінің төрағасы Базархан дейтін жас жігіт екен. Сұрастырсам, жуалылық көрінеді. Танисың ба?» – деді. «Ой, аға, танымасақ – танысармыз. Бүгін түстен кейін барайын», – дедім.
Не керек, сол сөзімде тұрып бардым. Сайлау комитеті институттың бас корпусының кіреберісіндегі оң жақ бөлмеде екен. Бойы менен сәл ғана жоғары, шашы дудыраған жас жігіт жылы жүзбен қарсы алды. Амандықтан соң, «Базархансың ба?» дедім. «Ия, аға, Базарханмын». «Жуалыдансың ба?» «Ия, оны қайдан білдіңіз?» – деді көзі күлімдеп. «Ой, Базеке, мен көріпкел Талғат Айтбайұлы дейтін ағаң боламын», – дедім күліп. «Онда сізді білеміз ғой, танымал журналистсіз», – деді. Міне, осы сөзінен-ақ ол газет-журналды қадағалап жүретін азамат екенін көрсетті. Мардан ағаның әңгімесін айта бастап едім: «Ол кісі кеше келіп кеткен. Әнуарбек Тілеулесов депутаттыққа түсіп жатқандардың ішіндегі мықтысы. Бізден дауыс алады», – деді бірден.
Расында, Әнекең Базархан төрағалық еткен сайлау нүктесі бойынша ең көп дауыс алды. Бұл жерде, әрине, мәселе ол кісінің депутат болған, болмағанында емес, Базарханның бізбен адамша әңгімелесіп, сыпайылықпен шығарып салғанында. Оның осы қасиеті біздің одан кейінгі араласуымызға себеп болды. Үй-ішімізбен жақындастық. Жиі шақырысамыз. Келіншегі Алмамен бірге оқыған екен. Бір аңқылдаған ғажап әйел. Қонақжайлылығының арқасында Жуалыдан шыққан қаламгер ағаларымызбен де етене болып кетті. Әсіресе, бәрімізге ұстаздық еткен Рақымбай Сатаевпен тонның ішкі бауындай араласты.
Бір жылы академик Әбдуәли Қайдаров сексенге толды. Алматыдағы дүркіреген тойына Жуалыдан бір қауым ел келді. Ауданның әкімі Еркінбек Солтыбаев, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Естемес Аманбеков және әйгілі колхоз бастығы Әбілдабек Қойбақов, мектеп директоры Болатбек Қайыпбекұлы араларында бар, сол кісілердің бәрін үйге шақырдық. Жазушы Қалаубек Тұрсынқұлов жетпіске толып, суретін кілемге салдырып, жуалылық қаламгерлер дастарқан жайғанбыз. Үйіміздің үлкен бөлмесіндегі кең жайылған дастарқанда қызмет еткендердің бірі Базархан болды. Бір топырақтан шыққан азаматтардың осы отырысты ұйымдастыруы Еркінбек ағаға ерекше ұнапты. Менімен жүздескен сайын: «Талғат, сенің үйің жуалылықтардың центрі екен ғой, осы ынтымақтарың жарасып жүре берсін. Бізге қатты әсер етті, өте риза болдық», – дейді үнемі.
Жуалыдан шыққан ғалымдар да көп. Бірақ бәрі бірдей дәл Базархан сияқты журналист-жазушылармен араласа бермейді. Онымен ауыл жақтағы той-жиындарға да бірге барамыз. Әміртай Бөриев ағамыздың жетпіс жылдығында да Базекең бізбен бірге болды. Толымбек Әлімбекұлының аудандық Мәдениет үйінде өткен шығармашылық кешінде алдыңғы қатарда отырды. Комсомолдық жұмыста әбден ысылған азамат емес пе, барлық ұйымдастыру жұмыстарының арасында жүреді.
– Көке, мен Ауылшаруашылық институтында оқығаным бар, оған қызмет істеген кездерімді қосыңыз, қаншама ел танитын тұлғалармен араластым. Жиырма жылға жуық уақыт ректорымыз болған Хайдар Арыстанбеков, одан кейін төрт жылдай басқарған Ермек Жұмабеков, бес жыл ректорлық еткен Борис Петрович Шах, одан кейін Ғылым академиясы басшылығынан институтымызға ауысқан Кенжеғали Әбенұлы Сағадиев, бүгінде ректорлық қызметін абыроймен атқарып жүрген Тілектес Исабайұлы Есболов сынды ағалардың үйретері көп болды. Студент кезімде институттың комсомол ұйымын басқардым. Бертінде ректордың жастар ісі жөніндегі орынбасары қызметінде жүрдім. Осы жұмыстар мені шыңдады. Оның үстіне ұстаздық қызметімді қосыңыз. Ұстаз болу үйрете жүріп үйрену емес пе?! – деді жылы жымиып.
Бәрі адамның ниетіне байланысты. Өзі ізгілікке ұмтылып, жақсылыққа қарай жұлқынбаса, өмір шіркін бір ырғақпен өте береді. Біз білетін Базархан мектептегі кезінен-ақ белсенді болыпты. 1977 жылы арман қуып Алматыға келеді, СХИ-дің (осыны Хайдар Арыстанбекұлы ағамыз «Самый Хороший Институт» дейді екен) инженер-механиктер дайындайтын факультетіне оқуға түседі. Үздік бітіріп шығады. Үшінші курста жүріп айлық жалақы алатын институт комсомолының бірінші хатшысы болады. Аудандық комсомол комитетінің бюро мүшелігіне сайланады. Елмен араласуының, көпшілікке қызмет етудің тәсілдерін меңгеріп, институттан соң Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетіне қызметке шақырылады. Одан Жамбыл облыстық комсомол комитетіне қызметке жіберіледі. Осы бағытта жүре берсе партия, кеңес саласына ауысып, біраз биікке көтерілер еді. Бірақ оған ғылымға деген құштарлығы жібермеді. Аспирант болды. 1992-жылы Кубань Ауылшаруашылығы институтының ғылыми кеңесінде кандидаттық диссертациясын қорғады. Ол уақытта ғылымның бағы жарқырап тұрған кез. Екінің бірі қорғай алмайды.
«Алдымда арқа сүйер ағам жоқ». Осы сөзін Естемес аға: «Әй, Базархан, сен өйтіп көңіліңді түсірме. Біз кімбіз?!» – депті. Сөйтіп көңіл хошын жылы сөзімен көтеріп қана қоймай, Е.Аманбеков ағамыз күнделікті бітіп болмайтын қарбалас жұмысын былай ысырып тастап, оның қуанышын бөлісуге Кубаньға ұшып жетеді.
Міне, ағаның – ағалығы. Екеуі аталас та емес, есеп-қисап қуған пенделіктен де аулақ. Қалай риза болмассың?
Жақсыға жанасатындар қай кезде де табылады. Бұл реттен алғанда Базарханның бақыты зор. Достары көп. Бәрімен үзбей сөйлеседі, қызық-қуаныштарына ғана барып қоймай, бастарына ауыр күн түскенде әдейілеп барады немесе телефонмен шынайы көңілін білдіреді. Оның басқа республикада да қимас достары жетерлік.
Базархан бүгінде еліміздегі танымал ғалымдардың бірі. 2005-жылы докторлығын қорғаған. Астанадағы С.Сейфуллин атындағы Ауылшаруашылығы университетінің профессоры. Өзі бір кездері кандидаттық жұмысын қорғаған Кубань Ауылшаруашылығы институтының Құрметті профессоры еді, енді таяуда Полтава Ауылшаруашылығы институтының Құрметті профессоры атаныпты.
Сонымен, Базархан Теріс өзенінің жағасындағы ауылынан бала болып аттанып, даналыққа бет алған Базарханға айналды. Ата жасы алпысқа келіп отыр.
Ол төрт монография, бес оқулық пен қырықтан астам оқу-әдістемелік құралдардың авторы. Қазақстан Республикасында алты патент иесі. Біздің елімізден тыс Ресей, Украина, Германия, Венгрия, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркия сынды мемлекеттердің баспа беттерінде екі жүз елуден астам ғылыми мақалалары жарық көрген. Үнемі ізденіс үстінде жүретін азамат Германияда, Қытайда біліктілігін арттырды. Оның жетекшілігімен төрт кандидаттық, екі PhD докторы, он төрт магистрлік диссертация қорғалды.
2010 жылы Халықаралық Аграрлық білім беру академиясының академигі (Мәскеу қаласы), 2013 жылы Қазақ Ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының толық мүшесі, 2014 жылы Ресей Табиғаттану академиясының академигі болып сайланды.
Ғылым саласына сіңірген еңбектері үшін Білім және ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытудағы еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталған. Ол сонымен бірге Жуалы ауданының Құрметті азаматы.
Алпыс – ата жасы. Бірақ зейнет демалысына шығатын жас емес. Базархан да өмірлік тәжірибесі мол, ғылымға сіңіретін еңбектері жалғасатын азамат. Ұстаздық қызметі де әрмен қарай ұласады. Ол әдемі қоңыр даусымен дәріс оқыған кезде аудиториядағылардың бәрі қыбыр қақпай ден қояды. Орысша да, қазақша да емін-еркін, көсіле сөйлейді. Арасында шәкірттерін сергітіп алу үшін өз басынан кешкен қызықты әңгімелеріне де кезек беретіні бар. Ол осындай бойға біткен ерекшеліктерімен мені де еліктіріп әкетеді. Ойыма ой қосады. Әлбетте содан соң оған әзілдеп болса да «сен менің ұстазымсың, ұстазымсың!» деп телефон шаламын. Ол «қойыңыз, көке» деп және күледі.
Иә, оқырман, өстіп әзіл жарастырып, күліп өмір сүргенге не жетсін!
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
публицист-жазушы.
Алматы қаласы