Ádebıet
Жыр-ғұмыр
Барша қазақ сусындар жырыңменен,
Тау суындай мөп-мөлдір бүлінбеген
Поэзия шыңына туын тігіп,
Жыр-тұлпары ешқашан сүрінбеген.
Табиғаттай тап-таза өлеңдерің,
Рухы биік-тым асқақ, кемеңгерім.
Жабырқаған кездерде жырыңды оқып,
Шабыттандым, шаттандым, кемелдендім.
Жырларыңа қанықпын-сыр ақтарған,
Оқимын да мұңданам, қуаттанам,
Сенің нәзік жаныңды жаралаған,
Пенделердің ісіне налып қалам.
Саған аға, ешкім жоқ таласатын,
Бәрінен де биік тұр парасатың.
Қара өлеңді сапырып, жыр-қазанда,
Отын жақтың маздатып, жыр-ошақтың.
Әттең, бір кем дүние-ай, дөңгеленген,
Теперішті көп көрдің, пенделерден.
Махаббаттың соңында да лаулай түсті-
Туған жерге, тіліңе, елге деген.
Дауылдарға айқара ашып, кең төсін,
Қара бұлтты қара өлеңмен жеңгенсің.
Мәңгі өлмейтін жырлар қалды артыңда,
Сен, өмірді жырлау үшін келгенсің.
Болашаққа арыз жаздың-қайғы, арман…
Ән іздейміз терең, мәнді ойлардан.
Айдай әлем іңкәр сенің жырыңа,
Жыр-ғұмырың мәңгілікке айналған.
Әлия Жақсыбекова,
зейнеткер ұстаз.
Көлтоған ауылы