Ádebıet
Әлемнің екінші ұстазы
Аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің, Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы Аружан Қуанышбайдың ұйымдастыруымен «Әлемнің екінші ұстазы» атты әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай кітап көрмесі өткізілді.
Шараның мақсаты – жастар арасында әлемнің екінші ұстазы атанған әл-Фараби бабамызды кеңінен насихаттау, еңбектерімен таныстыру.
Шараға Қарасаз ауылдық кітапханасының әдіскері Ақкөгершін Темірбекова қатысты. Ол әл-Фарабидің өмірбаянын айта келе, жастарға мол мәлімет берді.
-Шығыстың ғұлама ойшылы әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар аталатын, Арыс өзенінің Сырға барып құятын сағасындағы Фараб қаласында дүниеге келді. Фарабидің толық аты-жөні Әбу-Насыр Мұхаммед Иби Мұхаммед ибн Ұзлағ ибн Тархан Әл-Фараби. Әл-Фараби түрік тайпасының дәулетті бір ортасынан шыққаны бізге мәлім, бұған дәлел оның толық аты-жөнінде «Тархан» деген атаудың болуы. Туған жері қазақтың ежелгі қаласы Отырарды арабтар Барба-Фараб деп атап кеткен, осыдан барып ол Әбу Насыр әл-Фараби, яғни Фарабтан шыққан Әбу Насыр атанған. Сол тұста өмір сүргендердің қалдырған жазбаларына қарағанда, Отырар қаласы IX ғасырда тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет орталығы болған.
Әл-Фараби – көрнекті ойшыл, өзінің замандастарының арасындағы ең ірі ғалым, философ және шығыс аристотелизмінің ең ірі өкілі. Өзінің білімділігі мен сауаттылығының арқасында «Екінші Ұстаз» атағына ие болды. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасы орасан зор (150-ге жуық философиялық және ғылыми трактаттар), ал оның айналысқан ғылыми салалары ол – философия мен логика, саясат пен этика, музыка мен астрономия. Ғылыми еңбектерінің ең әйгілісі «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайлы трактат»деп аталады. Оның атақты «Музыка туралы үлкен трактат» деген шығармасы әлемнің көптеген тілдеріне аударылған, – дей келе, ғұламаның еңбектеріне тоқталды.
Баяндамашы Әл-Фараби философия саласы бойынша грек ойшылы Аристотельдің «Категориялар», «Метафизика», «Герменевтика», «Риторика», «Поэтика», бірінші және екінші «Аналитика», «Топикасы» және т.б көптеген еңбектеріне түсініктемелер жазды. Әбу Насырдың Платон және Аристотель философиясындағы идеяларға арналған кітабы оның философия саласындағы аса көрнекті ғалым екенін әрі философия пәнін терең меңгергенін дәлелдейді. Фараби Аристотельдің әлеуметтік-қоғамдық идеяларын дамыта отырып, өз тарапынан да «Кемеңгерлік меруерті», «Ізгі қала тұрғындарының көзқарасы», «Мәселелердің түп мазмұны», «Ғалымдардың шығуы», «Бақытқа жету», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері» сияқты көптеген сындарлы философиялық еңбектер жазған. Фараби бұл еңбектерде дүние, қоғам, мемлекет, адамдардың қатынастары туралы заманнан озық тұрған пікірлер, пайымдаулар айтатынын жеткізді.
Әл-Фарабидің еңбектері күні бүгінге дейін өз мән-маңызын жоғалтқан жоқ. Әл-Фарабидің мемлекет, ел басқару жөніндегі тұжырымдары, әлеуметтік-этикалық саяси көзқарастары бүгінгі қоғам үшін де айрықша маңызды. Оның еңбектері еуропалық Ренессанстың өрлеуіне үлкен ықпал етті. Фараби Шығыс пен Батыстың ғылымы мен ежелгі мәдениетін табыстыруда зор рөл атқарды.
Шараны қорытындылай келе, бүгінгінің жастары осындай ғұлама бабамыздың ұрпақтары екенін естен шығармау қажет. Біз білімді, парасатты, мәдениетті болып қалыптассақ, артымыздан ерген жастарға үлгі болсақ, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосқан болар едік деген ой түйдік.
Аружан Бауыржанқызы,
Қарасаз ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы