Ádebıet

Сіз кімсіз?!

(Ұлы ұстазға арналған сыр-толғау)

Әл-Фараби – ұлы ұстаз ең ірі,
Болашаққа болған үлкен сенімі.
Сан ғасырлар өткенімен әлі күн,
Жер бетінде жалғасуда өмірі.
Автор.

Іздегенім сөз емес сезім менің,
Сергелдең боп сезіммен көз ілмедім.
Сексен келіп, жетпістен асқаннан соң,
Өлең жазар емес қой кезім менің.

Жақсы өлең келгенде қуанамын,
Осы емес пе, Алладан сұрағаным.
Он төрт кітап жазсам да өлеңменен,
Ақынмын деп айтуға ұяламын.

Арнасам деп бір өлең бабамызға,
Не бар, не жоқ саралап санамызда.
Қалам алдым қолыма жазбақшы боп,
Әбу Насыр Фараби данамызға.

Дөңгелек қой дүние шыр айналған,
Бекер босқа өлеңді құрай ма ада?
Әл-Фараби бабама толғау жазу,
Көптен жүрген көкейде қиял болған.

Ғұламаны оңай емес анықтау,
Әл-Фараби өте биік алып тау.
Адам ата жаралғалы жүректе,
Екінші Ұстаз атағымен қалыпты-ау.

Көрмегенмін бабамыздың мазарын,
Көп те емес ол туралы жазарым.
Ұлы, ойшыл ғұламаны ұмытпай,
Өмір бақи пір тұтады қазағым.

Көп білімнің көкке туын көтердің,
Өтер айлар, өтер жылдар, өтер күн.
Әл-Фараби атындағы ҚазМУ-де,
Балалары да оқиды шетелдің.

Ұлы бабам толғау жазсам мен саған,
Қол жеткіздік арманға сен аңсаған.
Әлемдегі екінші Ұстаз данышпан,
Ақылыңа, талантыңа тамсанам.

Толғау

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Асыл баба?
Ұлы ойшыл ғұлама ғасыр баба,
Сан түрімен ғылымның айналысқан.
Жазбай оны хақым жоқ жасырғанға.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Білгім келді,
Өлең қылып жазайын үлгіңді енді.
Сан ғылымның меңгеріп сара жолын,
Өзің жүрген ізбенен жүргім келді.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Ғұламасыз,
Білім қуған бірегей бір ағасыз.
Оқу-білім көгінде шамшырақ боп,
Мәңгі бақи жарқырап тұра аласыз.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Білгір ғалым,
Туған жері Фараб деп сыр қылғаным.
Өлеңменен өрнектеп толғау жаздым,
Бұдан өзге жоқ менің тындырғаным.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Сұрап қалам,
Бір білерім, ғылымда тұрақты адам.
Ұлы ойшыл, әлемнің Ұлы Ұстазы.
Оған арнап жыр жазу сынақ маған.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Сұрап қалам,
Еңбектерің ежелден ұнап маған.
Жүрегімнің әмірін орындасам,
Неге жаздың дей көрме, бірақ маған.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Данышпаным,
Өлең қылып ғылымның арыстанын.
Көп оқыдым демеймін, көп білемін,
Сондықтан да тереңге барыспадым.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Ардагерім,
Жүрген жолы жетелеп алға мені.
Білім ғылым жолына терін төккен,
Өнеріңнен ғибрат алған елің.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Кереметім,
Насихаттап ғылымның кереметін.
Бала күннен ғылымға жол ашқанда,
Жетіп жатыр еңбегің еленетін.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Айта алмадым,
Дәл жауабын сұрақтың қайтармадым.
Атын қойып ардақтап жатыр əлем,
Білім менен ғылымның майталманын.
Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Дараланып,
Жүріп өткен ізіне қарап алып,
Білім ғылым жолында үлгі тұтып
Ұрпақтары ұзаққа барары анық.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Бәйтерегім,
Оқып алып ойлаймын ой тереңін.
Айтар ойын өлеңмен жеткізетін,
Ақын болып тумасам қайтер едім?

Әл – Фараби
Сіз кімсіз –
Сыр сақтаған,
Шығарманы оқып ап, жыр жаттағам.
Өнер қуған адамға өлім де жоқ,
Осындай ой келеді бір сәт маған.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Дәрігерім,
Сан ғылымды меңгерген жәдігерім.
Ұлы ойшыл , ғұлама бабам жайлы,
Жаза бергім келеді әлі менің.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Дара тұлға,
Бар осындай тарихта дана тұлға.
Өмірінде өшпестей із қалдырған,
Адамзатты ғылымға қаратуға.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Биік тұлға,
Білімімді барынша жиып миға.
Тоқсан толғау жазсам да аздық етер,
Ғылым қуған данагөй сүйікті ұлға.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Қасиетің,
Еңбегіне ел болып бас иетін.
Жолына түс білімнің-ғылымның деп,
Адамзатқа айтылған өсиетің.

Әл – Фараби,
Сіз кімсіз –
Табынамын,
Адамзаттың жаралған бағына мың.
Бар әлемнің екінші Ұстазы деп
Суретіне үңіліп сағынамын.
Суретіне үңіліп сағынамын!!!

Жеңіскүл СЕЙІТҚҰЛҚЫЗЫ,
ардагер ұстаз.
Әлем халықтары жазушылары одағының мүшесі, ақын.
Қызтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close