Ádebıet

Еленбей кеткен ер Қасым

(Ұлы Отан соғысында Отан қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)

(Басы газетіміздің
№17,25,26,28, 29, 30, 34 сандарында)

«Батырлық – тәуекел мен ақылдың есебінен шығуға тиіс. Тәуекел кейде ақылды да ақтап алады. Ал ақылсыз тәуекелді ештеңе де ақтап ала алмайды».
Бауыржан МОМЫШҰЛЫ.

Бірден операция столына жатқызып денесіндегі оқтар мен снаряд сынықтарын алып тастады. Әскери дәрігерлер қаншама тырысқанымен көп қан кеткен Қасымды аман сақтау қиынға соқты. Өлім аузында тұрса да ол майдан даласында қалған сарбаздарын ойлаумен болды. Екі-үш жылдың ішіңде ол сарбаздар өзінің бір туған бауырларындай, кеше ғана ауылдан келген жас жігіттер туған інісіндей болып кеткен еді. Туған інісі демекші, Қасымның есіне алыс ауылдағы 17 жасар Әбдәлі інісі түсті. Қаратаудың саясындағы кіндік қаны тамған Кеңбұлағы, Кәріасуы, сол Кәріасудағы анасы Орынкүл мен өзінің сүйіп қосылған Полинасы, бір жастан жаңа асқан кішкентай Әбдірәсіл (Володя) еске түсті. Еске түскесін елжіреп кетті…
-Сендер аман болыңдаршы, қымбатты анашым, бауырым, жан-жарым және бауыр етім балам,- деп іштей дұға етіп, Алладан олардың амандығын тіледі. Ораз қажының үлкен немересі Құранды, намазды жақсы білетін. Қанша жерден коммунист командир болғанмен бір Алланың бар екендігіне, Мұхаммед пайғамбар (С.Ғ.С) оның елшісі екендігіне имандай сенетін.
«О туған жер, жер жәннаты Жуалы сені қайта көрер күн болар ма екен? Қайран шешем, қалыңыз қалай? Сіздің аялы алақаныңызды маңдайға басатын, Қасым-ау, Қасым,- деген дауысыңызды қайта есітер күн келер ме екен? Жалғыз бауырым сен аман бол, айналайын, біздің әулеттің ендігі бас көтерері сенсің.
Бабамыз Жаубасар жалғыз еді, Ораз атамыз да жалғыз болды, Ералының жалғыз інісі Тұртай соғыста қайтыс болды. Мынау қанды қырғыннан менің аман қалу, қалмауым бір Аллаға аян. Сондықтан анам да саған аманат, балам да саған аманат, Полина да саған аманат! Ие бол бәріне, көзімнің қарашығындай сақта баламды»,- деп Қасым госпиталь төсегінде іштей аманат етіп жатты.
Бірақ Қасым өзінің соңғы хатында өзінің тым ауыр халін ашып жазған жоқ. Анасын аяды, жан жарын аяды, бауырын аяды. Көңілінің түкпірінде жазылып кететін шығармын деген де бір үміт болды. «Үмітсіз шайтан» деген. 30-ға жетпеген (28 жастағы) жас командир өзінің қысқа ғұмырын көз алдынан өткізіп жатты. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі»,- деген. Мүмкін ажалым жеткен шығар,- деп ойлады.
Егер майдан даласын ертерек тастап шықса қан аз кетіп, уақытында дәрігерлік көмекті алса аман қалуы да мүмкін бе еді?! Бірақ, ол командирлік шешім қабылдады және оны абыроймен орындады. Әйтпесе, қиын сәтте солдаттарын, басқарып отырған отделения, взвод, рота, дивизион, батальоны мен полкін, дивизиясын тастап дизертірлік жасаған командирлер, тіпті, 2-ші армияның қолбасшысы генерал-лейтенант Власовтың ондаған мың солдатты тағдыр тәлкегіне тастап, жауға өз аяғымен барып берілгені факт емес пе?!
Өзінің қатты жараланса да қасқайып қан майданда жанында жүргені жауынгерлеріне үлке-е-ен рух беретінін өте жақсы білді. Ал кетіп қалса «боевой дух» түсіп кететінін сезді. Сондықтан да соңғы секундқа дейін қасықтай қаны қалғанша Қасым ата жауға қасқайып қарсы тұрды. Қалмақпен соғыста Қарабатыр бабасы жекпе-жекте қалмақтың атақты батыры Сүйреннен жеңілмей ауыр жараланып сол жарасы жазылмай қайтыс болып еді Аңырақай шайқасында. Енді, міне, 224 жылдан соң Қарабатырдың алтыншы ұрпағы сұрапыл соғыста қол бастап, жауын жайпап барып ауыр жарақаттан 1943 жылдың 29 қарашасында көз жұмды. Қарабатыр Естіұлы мен оның тікелей ұрпағы Қасым батыр Ералыұлы екеуінің тағдырлары да ұқсас еді…
Екі бірдей соғысқа қатысып, кең-байтақ Кеңес үкіметінің жүздеген ұлттарының мыңдаған ұлдарын әскери өмірге шыңдаған, шыңдап қана қоймай бір атаның баласындай етіп тәрбиелеп талай шайқаста қол бастаған қайран ер Қасым атам 65-ші Армияның, 58-ші бригадасының жеке батальон командирі, гвардия капитаны Қасым Ералиев әскери үрмелі оркестрмен марш ойнап, салют атылып, Елани деревнясының батысына жерленіп, аты-жөні жазылып, ескерткіш белгі қойылды.
Жан-жағы қоршалды. 1987 жылға дейін 44 жыл бойы сол жердегі орта мектеп ұжымы шефке алып күтіп, гүл қойып, қараумен болды. Ол туралы Подольскідегі Орталық архивтен келген хатта егжей-тегжейлі айтылған. 1987 жылғы Байғалидың жазған хаттарынан кейін ол кісіні Бауырластар зиратына қайта жерледі. Ол туралы хабар бізге атамның жатқан жерін тауып, қайта жерлеп қойғаннан кейін бір-ақ келді. Сөйтіп, 44 жыл бойы өзі соғысқан соңғы алаңында жерленген Қасым Ералиев 1987 жылдан бері Бауырластар зиратында жатыр. Әбдәлі әкеміз 1966 жылы 40 жасында қайтыс болып кетті. Ол аға аманатын орындады. Ағасының баласына «асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» ретінде қарап, Әбдірәсіл бауырын өте жақсы көрді. Еркелетіп, 50-ші жылға дейін мойнына мінгізіп көтеріп жүретін, атқа мінгізіп үйрететін, қайда барса да жанынан тастамай ертіп жүретін, оны ағасының көзіндей көретін.
-Мен сені қазақ қызына үйлендірем,- деп сүндетке отырғызды. Өзінен 2-3 жас қана үлкен Полина жеңгесіне зор құрметпен, қошеметпен қарады, сыйлады, жақсы көрді, орыс пен қазақтың бәрінен қызғанды. Төлеген ағасы қайтыс болғанда жеңгесін ешкімге ренжітпеген, әмеңгерлік жолымен ие болған, кейін кұба қалмақпен соғысқанда ерлік көрсеткен Сансызбай секілді еді менің марқұм әкем. Кеңес үкіметінің заңдары болмағанда, өзі Компартияның мүшесі болмағанда әкем әмеңгерлікпен «ерден кетсе де, елден кетпейді»,- деп орыс жеңгесін бір шаңырақтың астына алар ма еді,- деп ойлаймын мен кейде. Оған әкемнің өресі де, дүниесі де, абырой-атағы да жететін. Ақсақалдарды да, жеңгесін де, біздің шешемізді де көндіріп, сендіре алатын еді.
Бірақ, әкеміз Әбдәлі Әбдірәсіл ағамыз әскерден келер кезде қайтыс болды да ағайындылар 3-4 жылдан кейін бір-бірін көре алмай қалды. Оған тағдыр жазбады. Әбдәлі ағасын жерлеуге Әбдірәсіл қатысып, өз қолымен топырақ салды. Мен ол кезде 4 жасар бала едім. Сонда Қасым атамның әскери киіммен түскен үлкен суретін (портретін) қолына алып Әбдірәсіл ағамның (Ералиев Владимир Қасымұлы) ботадай боздап жылағаны 53 жыл өтсе де әлі күнге есімде. Иә, сурет демекші, 1966 жылы 19 қарашада қаралы жиында Володяның мені көтеріп түскен суреті бар еді, кейін жоғалып кетті. Қасымға бұйырмаған қазақ қызы, баласы Әбдірәсілге де бұйырмады. Ол неміс қызы Еленаға үйленді, 1 қыз 2 ұлы бар. Қазір Германияда тұрады.
Құрметті оқырман! Қан майданда қол бастаған Қасым Ералыұлы туралы мақаланы әрі қарай туған ағам Байғали Әбдәліұлының айтуы бойынша жазылған естеліктермен жалғастырамын.
-1963 жылдың жазы еді. Мен бес жастағы баламын. Зыр жүгіріп далада ойнам жүргем. Бір кезде біздің үйден 4-5 үй жоғары жақтан шамамен 100-150 метрдей қашықтықта келе жатқан ұзын бойлы, екі иығына екі кісі мінгендей әскери киімді адамды көріп қалдым. Сол сурет, сол сәт менің тап қазіргідей көз алдымда. Кішкентайымнан естіп өскен үлкен бөлмеде үлкен суреті ілулі тұрған, Орынкүл апамның күнде айтатын, соғыстан қайтпай қалған командир Қасым баласы ойыма сап ете қалды бала көңіліме. Қасым атам, командир атам келе жатыр,- деген ой болды менде. Алды-артыма қарамай үйге қарай зымырап келем. Зытып келем, зытып келем, «Қазақ солдатындағы» Қайырғалиға (Қайрошқа) ұқсап артыма қарап-қарап қоям, шынымен командир келе жатыр ма,- деп. Шынымен келе жатыр, тіпті, жақындап қалды.
-Апа, апа! Қасым атам келе жатыр!- деп айқайды салып келемін.
Кимешегіне шалынысып, бір құлап, бір тұрып:
-Не дейді, мына бала. Рас па құдай, Қасымымның келе жатқаны шын ба, рас па?!
Айтып едім ғой Қасым тірі деп. Ол тірі болса келмей қоймайды,- деп.
-Қасым-ау, Қасым, қайдасың? Қасым балам!- деп келе жатқан әскери адамға қарай тұра ұмтылды.
Жақындағанда анық байқадым, жас шамасы 25-тердегі жігіт, аяғында хром етік, Басында Қасым атамның суретіндегідей фуражка, галифе шалбар, бәрі келіп тұр-ау, келіп тұр. Тура Қасым атамның соғысқа кеткен жасында киімі, бойы, денесі бәрі-бәрі айнымайды-ау, айнымайды. Қасым атамның дәл өзі шығар деп ойладым сәби көңілмен.
Тек арада жылжып өткен жылдар, жиырма екі жыл ізін салмай қоймайды ғой. Бірақ ойлап тұрған мен жоқ. Сәл болмағанда Қасым ата,- деп құшағына қойып кететін едім. Ұзын бойлы солдат бізден бұрын есін жиды.
-Есенбісіз, шешей! Сіз мені соғысқа кеткен Қасым балам деп қалдыңыз ба? Мен Ыбырайымның баласы Мейрамханмын ғой. Әскерден келе жатырмын,- деді. Сол сәт, апам баласының жаман хабарын естігендей теңселіп кетті. Мен апамды аяп кеттім.
– Қайдасың, Қасым балам, қайдасың, Қасымым-ау, Қасымым!? Өлімісің, тірімісің? Бір хабарыңды неге бермейсің? Күнде күтем сені, күнде күтем! 22 жыл болды кеткеніңе, 22 жыл болды күткеніме.
Тағы да жиырма жыл күтем, өле-өлгенше, балам, ботам!- деп ботадай боздаған кезде сай-сүйегім сырқырап, апама қосылып мен бақырып, жылап қоя бердім. Көршілер келіп басу айтып жатыр. Әкем жұмыста еді шешем келіп:
-Қой апа, қойыңыз, келеді балаңыз, әлі-ақ келеді қайнаға! Кебін киген келмейді, кебенек киген келеді деген. Қайнаға кебін киіп кеткен жоқ қой,-деп енесін жұбатып жатыр. Қайран шешем! Бірақ өзі де жылап тұр. Мейрамхан көкем де апалап асты-үстіне түсіп жатыр. Жарты ауыл жиналып қалды. Алғашында түкке түсінбей, апамның дауысы естілгеннен кейін шынымен-ақ Қасым соғыстан келіп қалған екен деп ойлапты олар да.
Мен соғыс тақырыбында қаншама кітап оқысам да мұндай штрих, мұндай деталь кездестірмеп едім. Менің Орынкүл апамды композитор Алтынбек Қоразбаевтың «Қара кемпірінің» прототипі десе де болады. Жексенқұл мен Қосшығұлын күнде келіп қалар деп өле-өлгенше күткен Қызылсайдағы Қали кемпірге ұқсап 1976 жылы көз жұмғанға шейін 35 жыл күтті, үмітін үзбеді жарықтық апам.
…Апам көпке дейін өзіне-өзі келе алмай, солығын баса алмады. Бәрін бүлдірген мен өзім екенімді сезем. Кешке жұмыстан келгенде әкем маған түк те ұрысқан жоқ.
-Балам, атаңды сағынған-ақ екенсің. Мен де аяулы ағамды 22 жылдан бері сағынып жүрмін. Сағынамын күн сайын,- деді.
Мен қуанып кеттім, сол сәттен бастап менің бала қиялымда атам тірі, мен қайтсем де табам Қасым атамды,- деп шештім. Атамның деректерін іздеп табу идеясы осылай қалыптасты деп айта аламын…
(Жалғасы бар)

Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close