Ádebıet

Сіздерге ұрпақ қарыздар

Қан майданда от кешкен,
Қайран да біздің әкелер.
Көкірегін оқ тескен,
Арманда кеткен көкелер.

«Бәрі майдан үшін» – деп,
Барын салған аналар.
Еңбекке жұмсап күшін тек,
Ауылда қалған паналар.

Жерді жыртып, егін сап,
Жеңісті күткен сарыла.
Масақ теріп, күн көріп,
Қанағат еткен барына.

Сол кездегі балалар,
Жұмысқа ауыр жегіледі.
Ерте есейген саналар,
Шөп орып, септі егінді.

Қайран да әпке, жеңгелер,
Шұлық тоқып май шаммен,
Жарларыңды майдангер,
Жүрдіңдер күтіп, аңсаумен…

Жүрсін деп келер жас ұрпақ,
Бейбіт өмірді тыныс қып.
Жанды пида еттіңдер,
Орнатып елге – тыныштық.

Ұлан-байтақ жерімде,
Ғұмыр кешсін деп келісті.
Қайран да, қайран Ерлерім,
Жақындаттыңдар Жеңісті.

Сендерді айтар ән қылып,
«Елім» деп туған есілдер.
Ел есінде тұрар жаңғырып,
Ұмытылмайтын есімдер.

Қан төккен ел мен жер үшін,
Боздақтар, қайран арыстар.
Көрсеткен ерлік үлгісін,
Сіздерге ұрпақ қарыздар!

Әлия Жақсыбекова,
ардагер-ұстаз.
Көлтоған ауылы

Таңдаулы материалдар

Close