Ádebıet

Еленбей кеткен ер Қасым

(Ұлы Отан соғысында Отан қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)

(Басы газетіміздің
№17,25,26,28, 29 сандарында)

«Полина Роман деген орыс қызы,
Он жеті, он сегізге келген кезі.
Қазаққа Қасым деген ғашық болып,
Сондағы Полинаның айтқан сөзі»,- дегім келіп тұратын Полина апамды көрген сайын.
Ол немересі Наташаға;
-Сенің атаңдай «красавец» бұл өмірде өте сирек кездеседі,- деп талай айтыпты. Ол қарындасым бабушкам Қасым атамды қатты жақсы көрген. Қанша жыл өтсе де ұмытпай жиі еске алады. Олардың махаббаты кинодағыдай,- деп маған айтып еді. Бір жолы реті келгенде Полина апама сұрақты төтесінен қойып едім, неге Орынкүл әжеме немесе әкем Әбделіге (похоронная извещения) қара қағазды көрсетпедіңіз, қайтыс болғанын неге айтпадыңыз дедім.
Апам байғұс біраз мұңайып алып, кішкене үнсіздіктен кейін мені дұрыс түсін, балам,- деді. Жарты ғасырдан астам уақыттан кейін бұл сұрақ алдынан шығатынын ол қария қайдан білсін?! Қиналып отырып бәрін жайып салды. Ол заман өте ауыр кезең еді, 1943 жылдың соңғы айы декабрь 1944 жылдың басы январь, февраль, март айларында Қасымнан хаттар мүлде тыйылды. Ең соңғы хаты 27.11.1943 жылы жазылған. Бұрынғы келген хаттары ұзақ болатын. Бұл хат өте қысқа жазылған, өте ауыр жараландым, қоршауда қалдық, солдаттарымды ойлап уайымдап жатырмын сондай мағынада жазылған хат… Көктем шығып қар ерісімен апрель айында аудан орталығы Бурныйға райвоенкоматқа шешем екеуміз бардық. Шешем айқайлап-бақырып бетбақтыққа салып, 4-5 айдан бері хат-хабар, не өлісі не тірісі жоқ,- деді. Біраз уақыттан кейін басқа бір кабинеттен бір әскери киімдегі егде орыс кісі менің қолыма бір жапырақ қағаз ұстатты. Оқып шығып талып қала жаздадым. Жылап жатырмын, даусым қатты шығып кеткен болу керек, военкомат қызметкерлері жиналып қалды әйтеуір, әскерилері бар, гражданскийлері бар маған көңіл айтып жатты. Бір уақыттан кейін бағанағы маған извещения берген адам, сіз офицердің жұбайысыз, сізге солидная пенсия тағайындалады. Соғыста қайтыс болған офицердің жесірі ретінде деді. Құжаттарыңызды дайындаңыз,- деп кабинетіне кіріп кетті. Содан шешем екеуміз ары ойланып, бері ойланып кемпірдің жүрегін ауыртып, естіртпей-ақ қояйық деген шешімге келдік. Одан кейін мен 7-8 жылдан соң ғана екінші күйеуге шықтым. Бұл да табиғаттың заңы ғой…
Но, роды Ералиевы продолжается…
…Ал Қасым ше, Қасым?!
Қасым да ет пен сүйектен жаралған жас сұлуды сүюге, үйленуге әке болуға қақы бар еді. Бірақ аласапыран заман, бір соғыстан кейінгі бір соғыс оның үйленуіне, анасының қолын ұзартып, келін түсіруіне мүмкіндік бермеді. Соғыс жазда емес, күзде басталғанда Ералының қара шаңырағында бір тойдың болатыны кәміл еді. Бұл соғыстың фин соғысы емесі екенін, оның ұзаққа созылатынын, одан алғашқы соғыстағыдай аман қалу-қалмауы белгісіз екенін «кадровый офицер» жан жүрегімен сезді. Сезді де төмендегідей тоқтамға келді. Алыстағы қара көз бауырларын қайта көру-көрмеуі бір Аллаға аян. Жау Еділді алып, Оралға табан тіреп тұр. Енді бір аттаса Орал таудың ар жағынан, Қазақ елі көрініп тұр. Мен осы орыс қызына үйленіп, қан майданға кетер кезде елге, анама жіберуім керек деп шешті.
…Соғыс кезінде сүйіп қосылған екі жас көктемде Қасымды қан майданға алып кеткенше қысқа болса да бірге болу бақытына ие болды. Аяғы ауыр келіншегі мен енесін «Мәскеу-Алматы» пойызына шығарып салып, анасы мен бауырына дұғай-дұғай сәлем айтып, өзі дайындаған жауынгерлерімен бірге алғы шепке кете барды.
Екі ғашықтың жолы екіге бөлініп, бірі батысқа, бірі шығысқа бір-бірін қия алмай арттарына жалтақтап кетіп бара жатты. Екеуінің қайта кездесу, кездеспеуін бір Құдай білетін, ол екеуіне де белгісіз еді…
…Боранды бекетте (Бурное стансасы) жеңгесі мен құдағиын Әбделі күтіп алды. Ел-жұрт Қасымның өзін көрмесе де, келіншегін көріп көзін көргендей бір көтеріліп қалды. Ол кезде тылдағы жағдай да қиын еді ғой. Орынкүл апам бір қой сойып, кішігірім той жасап, ақсақалдардың батасын алды. Бұл бұрын-соңды болмаған оқиға-тұғын. Біреуі бір ауыз сөз орысша білмейтін, біреуі бір ауыз сөз қазақша білмейтін қос құдағи қырманда қатар тұрып жұмыс істеді, арбамен бидай тасыды. Полина 1942 жылдың 15 қыркүйегінде қырманда жұмыс істеп жүріп өмірге бір қазақты алып келді. Ақ түйенің қарны жарылды, тұңғыш ұлдың тұңғыш баласын немерелерінің ырымалды перзентін көріп Орынкүл қатты қуанды. Ұлды болғанын Қасым да естіді, білді. Баласын көзбен көріп, қолмен ұстамаса да шаңыраққа ие болып қалатын баласы бар екенін білгеннің өзі дәтке қуат еді қан майданда жүрген Қасым командирге.
1941 жылғы Москва түбіндегі шешуші шайқас кезінде Баукеңе желтоқсан айында ауылдағы әйелі ұл тапқаны туралы жақсы хабар жетеді. Сонда Баукең штаб бастығы лейтенант Рахимовты шақырып, қуанышты хабарымен бөліседі. Рахимов ұйымдастырып кешке бір отырыста Бақытжанды «жуады». Тап сондай жағдайда Қасекең де қарулас достарымен кішкене уақыт атап өтті. Ол кезде екі ауылдың арасында (майдан мен тылдың арасында) үшбұрышты үшбу хаттар үзілмей келіп тұрған.
Мақсат – жас ұрпақты елін, жерін сүюге, оны қорғай білуге тәрбилеу. Елін сүю, қорғау әр әскердің азаматтық міндеті. Сол үшін ол жоғарғы азаматтық санаға ие болуы керек. Бәрін қорытып айтқанда, адамның ақылы мен санасына байланысты.
…Танкіге қарсы соғысатын ротаның командирі гвардия аға лейтенанты Ералиев әрдайым алғы шепте болды. Қасекең хас батырдың бірі еді, жеңіл желпі жараланғандарын есептемегенде екі рет ауыр жарақат алған еді. Жараланса да тірі екендігіне шешесі шүкіршілік етіп, жас келіншегі де күн санап күтуде еді. Соғыс жүріп жатқан аймақтан анасының құрсағында аман-есен елге жетіп, ата-бабасының туған жерінде жарық дүниеге келген жас қазаққа Әбделіге ұқсастырып Әбдірәсіл деп ат қойды Орынкүл апасы. Қандай жағдайда баламды сақта, деп шегелеп тұрып тапсырған Қасекеңнің бұйрығын бұлжытпай орындады жиырмаға жетпеген жас келіншек.
(Масютина) Ералиева Полагея Романовна 41-інші жылғы келіншек, 13-ші желтоқсан 1941 жылы Пермь облысы Соликамск қаласында некеге тұрғаннан кейін фамилиясын Ералиева Полягея Романовна деп өзгертеді.
Полина апамыз сұрапыл соғыс жылдарында Жуалы ауданы «Красная заря» ұжымшарында аянбай еңбек етіп, соғысқа кеткен күйеуі Қасымды «келіп қалар» деп күтумен өткен 41-інші жылғы келіншектердің бірі еді.
«Мұңайып отырғаным неге жатар,
Қамығып жылағанда кім жұбатар?
Жеткізсе Жаратушы жан-саямды,
Қарайған түн бозарып, таңым атар» деп арзу-жыр арнаған ананың айтқаны дәл келді. «Жалғыз ағаштың орманға, жалғыз ұлының бір әулетке» айналуына күллі саналы ғұмырын сарп еткен, құт-ырыс дарыған қара шаңырақта бақытты да бақуатты, ұзақ ғұмыр кешкен ана бейнесі әркезде де ел есінде.

(Жалғасы бар)

Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close