Ádebıet
…Жылдар үдерісінде бұлақ болып басталып, дарияға айналған Тельман Сауранбеков
Жуалы жері өзінің атақты перзенттерімен, даңқты тұлғаларымен аты алысқа танылған өңір. Бауыржан Момышұлы бастаған батырлары мен генералдарын айтпағанның өзінде, Жуалыдан еліне адал қызмет еткен қаншама мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылым, білім, әдебиет-мәдениет және өнер тарландары өсіп шыққаны белгілі. Олардың көпшілігі шалқар мұхиттың ең түкпіріндегі ашылмаған аралдай беймәлім күйде өмірден өтсе, танымалдарының өзі бірте-бірте ұмытыла бастады. Қазір де туған отаны үшін таудай істер тындырса да елге танылмай жүрген жерлестеріміз көп. Міне, кешегі өткен және бүгінгі көзі тірі майталмандарымызды жергілікті «Jańa ómir» газеті арқылы насихаттап, елге қайта танытып жатсақ мұның жас ұрпақ үшін тәрбиелік, өнегелік маңызы зор болар еді.
Мен «Jańa ómir» газетіне басшылық етіп жүрген 90-шы жылдардың басында газет бетінде «Туған жер түлектері» деген атпен жаңа айдар ашып, Жуалының талантты перзенттері туралы мақалалар сериясын бастаған кезімде аудандық Мәслихатқа сайланып, қызмет ауыстыруыма байланысты ол мақсатым аяқсыз қалған еді. Енді редакцияның қазіргі ұжымына осы рубриканы қайта жаңғыртып, ұмытыла бастаған тұлғаларымыз, елге әлі танылып үлгермеген ерекше қабілеті бар жерлестеріміз туралы мақалалар жариялап тұруды қолға алса деген ұсынысым бар. Бұл рубриканы жүргізуге Алматыда тұратын қаламгер жерлестеріміз көмектесуге құлшынулы. Алдағы уақытта баспагер-жазушы Талғат Айтбайұлы екеуіміз «Jańa ómir» жарияланған осындай мақалаларды топтастырып, жеке кітап шығаруды жоспарлап отырмыз.
Олай болса, сәт сапар, «Туған жер түлектері!» Мен осы серияның ең алғашқы қарлығашы ретінде Жуалының Қошқарата ауылынан түлеп ұшқан белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жуырда ғана дүниеден өткен Тельман Еркінбекұлы Сауранбеков туралы мақаламды жолдап отырмын.
Мырзахан Ахметов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері
Мемлекет қайраткері Т.Сауранбеков
Осы қазан айында ардақты ағамыз Тельман Сауранбеков дүниеден өтті деген суық хабар жеткенде көңілім құлазып, ол кісімен кездесіп, сөйлескен, дастарқандас болған кездерім есіме түсті. Осыдан 4 жыл бұрын Тельман ағаның 75 жасқа толатын мерейтойы қарсаңында үйінде болып, ұзақ әңгімелескен едім…
Бұлақ бастаудан, жылғалардан басталып бара-бара арнасы кеңейіп, өзенге барып құяды. Өзен де жол-жөнекей мың-сан бұлақтармен молайып, айдынға барып қосылады. Кейде көпті көрген қарияға ұқсап ой түбіне батып, үнсіз жататын айдын көл жел шайқаса толқып, тебіреніп шежірелі қарттай «сөйлеп» қоя береді: ғасырлар қойнауынан ой толғап, оны айналасына толқындардың сарылы мен тілімен сыр қып, жыр қып айтып жататын сияқтанады. Елімізге белгілі қайраткер Тельман Еркінбекұлы Сауранбековпен әңгімелескен сәтімде осы сурет көзіме елестеді. Әр адам – өзінше бір әлем. Сол әлемді тану, әлгі адамның кім екенін білу үшін оның өзімен сөйлесіп, сұхбаттасқанға не жетсін?!
Туған жер – тұғырың
Халық арасында Бауыржан Момышұлы туралы аңызға бергісіз әңгімелер айтыла қалса, оның өмірлік достары, белгілі қаламгер Құрманбек Сағындықов пен Еркінбек Сауранбековтің есімі де қатар аталады. – Осы үш азаматтың достығы туралы білгің келсе мына жолдарды оқы, – деп Тельман Еркінбекұлы Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» деп аталатын естеліктер кітабының өзі белгілеп қойған бір бетін маған көрсетті. «…– Күні бүгінге дейін бір жағдайға таңданам, – деп басын шайқап қойды атам. – Баяғыда, мен Жуалыда райкомда істеп жүргенде, Еркінбектің үйінде тұрдым. Еркінбек Құрманбек екеумізден екі-үш жас үлкен болатын. Бірақ біздің сырлас, қимас дос болуымызға оның әсері аз тиген емес. Кеудемізді арман мен тілек кернеген жас кезіміз, басымыз біріксе-ақ алдағы күнімізді армандап, жорамал жасаймыз. Сонда Құрманбек «мен журналист боламын» дейді. Мен «әскери адам боламын» деймін. Еркінбек екеумізге қарап күліп қойып: «Ниеттеріңе жетіңдер, армандарың алдарыңнан шықсын, екеуің сыртта жүргенде біреуіміздің ауылда қалғанымыз жөн. Сондықтан мен осында қалып, ауылдың белсендісі болайын» дейтін. Осы айтқандарымыз айнымай келді. Еркінбек марқұм өмірінің соңына дейін Жуалы ауданында партия, совет қызметінде болып, адал тер төкті. Құрманбек болса белгілі журналист, жақсы аудармашылығымен танылды. Өзің білесің Александр Бектің «Арпалысын» ойдағыдай аударып, қазақ оқырманына жеткізді. Үшеуміздің достығымыз ертеден басталып, талай асудан асты»… (З.Ахметова, «Шуақты күндер», А., «Жалын», 1987, 253-бет). Осы тұлғалардың дәстүрі балалары Бақытжан, Кеңес, Тельмандардың, онан өтіп немерелерінің достығымен жалғасқаны да таңғаларлық жәй. Бұл шынында да аға ұрпақтың өшпес өнегесінің жемісі. Бауыржан Момышұлымен өмір бойы дос болып, сыйласып өткен Еркінбек Сауранбекұлы ауылдағы мектепті, сонан соң Жамбыл қаласындағы мұғалімдер даярлайтын курсты, Қызылордадағы кооперативтік курсты бітіріп, мұғалім, кооператив қызметкері, аудандық милиция бөлімінің бастығы, колхоз төрағасы, мектеп директоры лауазымдарын атқарған кісі. 1942 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған Еркінбек Сауранбеков 1943 жылы алапат шайқаста ауыр жараланып елге қайтады. 1944 жылы Жуалы аудандық атқару комитетіне жауапты хатшы қызметіне шақырылды. Бір-екі жылдан соң ауатком төрағасының орынбасары, төрағасы лауазымдарына көтерілді. Жуалы өңірінде Еркінбек Сауранбековтің азаматтығы, қайраткерлігі, елге істеген жақсылықтары туралы аңызға бергісіз әңгімелер қазірге дейін айтылып келеді.
Алғашқы қадамдар
Сынап сынды сырғыған уақыт сияқты өмір де үнемі қозғалыс, қимыл, жылжу, құлдилау, өрлеу үстінде өтеді. Алдан бел-белестер, асулар, қиялар кездеседі. Биіктен-биікке адам сатылап жылжиды. Тельман да тіршілік үдерісінде асқаралы асуларға өмір баспалдақтарымен өрлепті. – Ұлы Отан соғысынан ауыр жарақат алып елге оралған менің әкем Еркінбек Сауранбеков Жуалы аудандық атқару комитетіне жауапты хатшы болған соң біз аудан орталығы – Бурный селосына көшіп келдік. Мен сонда 4 жасымда балабақшаға бардым. Құрманбек Сағындықовтың ұлы Кеңес те менімен бірге осында тәрбиеленді. Япырай, елімізде алапат соғыс жүріп жатқан осындай қиын кезде балабақшаның жұмыс істеп тұрғанына мен қазірге дейін таңғаламын, – деп бастады әңгімесін Тельман Еркінбекұлы. – Бақшадан кейін Бурный орыс орта мектебінің 1-сыныбына бардым. Ол кезде аудан бойынша жалғыз орта мектеп осы ғана, басқа ауыл мектептерінің бәрі 7 жылдық. Біздің мектепте бір мыңнан аса бала оқыды. Көпшілігі орыс, украин, неміс, шешен балалары, қазақтар санаулы ғана. Орысша оқимыз, тәрбиеміз де орысша. Бірақ, үйде қазақша сөйлеп, қазақша тәрбиеленгендіктен мен қазақы қалпымды сақтап өстім.
Иә, 1957 жылы орыс орта мектебін бітірген Тельман аудандық Пионерлер үйіне әдіскер болып жұмысқа орналасты. Келесі жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне түсіп, екінші курстан кейін Абай атындағы ҚазПИ-дің сырттай оқытатын бөліміне ауысты. Отбасылы болған соң жұмыс істеу керек. Алматы қаласы Совет аудандық комсомол комитетінің жолдамасымен пионер лагеріне тәрбиеші болып келді. Күзге салым Алматы қаласының сол кездегі Совет аудандық комсомол комитеті оны №6 мектеп-интернатқа пионер вожатый, тәрбиеші етіп жіберді. Мұнда да Тельман өз жұмысын көрсете білді. Осы сынақтан өткен соң 4-5 айдан кейін аудандық комсомол ұйымының басшылығы Тельманды Совет аудандық комсомол комитетінің мектеп, комсомол және пионер ұйымдары бөлімінің меңгерушісі етіп бекітті. Оның бұл жұмысқа қалыптасуына сол кездегі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Болат Баталовтың ұстаздық қамқорлығы көп болды. Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Ғайникен Бибатырованың ақыл-кеңесі де оны шыңдай түсті. Алматы облыстық комсомол комитетіне нұсқаушы, артынша бөлім меңгерушісінің орынбасары болған кездерінде осы қызметте жүріп Алматы, Жетісу, Талдықорған өңірінің бүкіл атырабын аралап, жер көрді, ел таныды. «Көре-көре көсем, сөйлей-сөйлей шешен боларсың» дегендей, қызмет істеп, елмен араласу арқасында көргені, білгені көбейді.Үш жыл осы қызметте шыңдалған ол 1965 жылы Совет аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Бұл жұмыста қабілет-қарымы жарқырап ашылған Тельман Сауранбеков 1968 жылы Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып барды. Бұрын қаладағы бір ғана аудан аумағында жұмыс істесе, енді осынау алып шаһардағы бүкіл аудандардың, үлкен-үлкен кәсіпорындардың, жоғары оқу орындарының, мектептердің, өнер, мәдениет ордаларының жастарына тікелей басшылық ететін болды. Республика ғана емес, БЛКЖО Орталық Комитетімен де тығыз байланыста жұмыс істеді. Жалынды комсомол жетекшілері Өзбекәлі Жәнібеков пен Ғибатолла Мырзағалиевтің тәрбиесі мен ықпалы Тельманды жас қырандай түлетті.
Мәскеудегі үш жыл
«Адам өз бақытын өзі жасайды» деген рас сөз ғой деймін тегінде. «Жақсылық көрсең – өзіңнен, жамандық көрсең – өзіңнен» деп дана халқымыз айтқандай, шынында да, өмірде көп нәрсе өзіңе байланысты болады. Тельман Сауранбеков өз бақытын өзі тапқан, өз тағдырын өзі жасаған бірегей азамат. «Отызында орда бұзбаған қырқында қыр аспайды» дегендей, отызға келгенше талай биікті бағындырған Тел-аға өмір асуларынан тек өзінің ақыл-ойымен, білім-білігімен, қабілет-қарымымен, іскерлігімен, еңбекқорлығымен, талабымен жеткен қайсар жан. Алматы қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет істеп жүрген кезінде Мәскеуден келген БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Евгений Тяжельников Тельман Сауранбековтің жұмысымен танысып, сөйлеген сөздерінің терең мәнін бірден танып білген екен. 1969 жылы «Тәрбиесі қиын жасөспірімдермен жұмыстың жайы туралы» есеп беру үшін БЛКЖО Орталық Комитетіне шақыртылған Тельман әуелі хатшы Г.Елисеевтің қабылдауына барып, есеп беруге келгенін айтқанда ол кісі мұның сөзін жүре тыңдап, ұзын дәлізбен дедектете жөнелген. Үлкен емен есіктің алдына келіп тоқтағанда байқады, бұл БЛКЖО Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Е.Тяжельниковтің кабинеті екен. Табалдырықтан аттағанда үлкен кісі мұны күлімсіреп қарсы алды. Жүзі жайдары. – Тельман Еркінбекович, біз Сізді БЛКЖО Орталық Комитетінің аппаратына қызметке алғалы отырмыз. Ертең сағат 10-да Орталық Комитеттің бюро мәжілісінде бекітіп жібереміз, – деді Евгений Михайлович сөзге келмей. Мұның есеп беруге келгенімен ешкімнің шаруасы болған жоқ, есеп жайына қалды. Бюро мәжілісінде БЛКЖО Орталық Комитеті аппаратының жауапты ұйымдастырушысы қызметіне бекітілді де кетті. Алматыда бала-шағасы бар, Мәскеуде қалу ойына келмеген Тельман Сауранбеков елге қайтқан соң бірден Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Федор Мочалинге барып: «Жасым 28-ге келді, әйелім, екі балам бар, Мәскеуге бармай-ақ қойсам қайтеді», – деп өтініш білдірді. Ф.И.Мочалин дереу облыстық партия комитетінің бірінші хатшысына телефон соқты.
– Асанбай Асқарович, біздің қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Тельман Сауранбековті Мәскеуге шақырып, БЛКЖО Орталық Комитетінің аппаратына қызметке тағайындап жіберіпті. Бұл енді бармасам қалай болар екен деп отыр, –деді. «Маған келсін» деді аржақтағы дауыс.
– Айналайын, мұның болмайды, – деді Асанбай Асқаров бұл келіп сәлемдескен соң. – Мәскеудегі әлгі жұмысқа қойса дөңгелетіп әкететін білімді жігіттер толып жүр. Алайда, Бүкілодақтық комсомол ұйымы Орталық Комитетінің басшысы партияның ұлт саясатын ұстанып, ұлт аймағынан келген сені әдейі таңдап отыр. Ол жерде Кеңес Одағы аймақтарының комсомол-жастарымен жұмыс істеу арқылы көргенің көбейеді, рухани толысасың. Ғани Мұратбаев болған жерге баратыныңды ұмытпа. Керек болған кезіңде біз өзіміз-ақ сені шақыртып ала қоямыз, – деп А.Асқаров бұған ойлана қарады. Мәскеуге аттанып кетті. Жұмысқа кірісті. Көп ұзамай пәтер алып, отбасын көшіріп әкетті, баласын – мектепке, қызын – бақшаға орналастырды. Орталық Комитет Тельман Сауранбековтің қадағалауына Ресейдің Брянск, Смоленск, Рязань, Ярославль облыстары мен Чуваш АКСР-ін бөліп берді. Мәскеуде қызмет істеген үш жылда, ұлан-байтақ Ресейдің бірталай аймақтарын аралап, елдің тұрмысын, қалалары мен деревнялардың жағдайын өз көзімен көріп, ой түйді. Ал өзі сол аймақтардағы комсомол ұйымдарының іс-қызметін биік деңгейге көтеріп, абырой-беделге ие болды.
Қазақстан жастарының жетекшісі
Бір күні Ярославльде қызмет бабымен жүрген жерінен БЛКЖО Орталық Комитетінің хатшысы Елисеев телефон шалды.
– Тельман Еркінбекович, сені Алматыға, Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетіне хатшылыққа шақыртып жатыр. Өзің шеш, барам десең өз еркің, бармай осында қалам десең жұмысыңды істей бер, – деді Елисеев бұған ой тастай сөйлеп.
– Әрине, барғаным дұрыс шығар,– деді Тельман Еркінбекұлы. Бұл 1972 жыл болатын.
Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне келіп еді, ұйымдастыру – партиялық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Оразай Батырбеков мұны бірден бірінші хатшы Д.А.Қонаевтың алдына алып барды.
– Айналайын, біраз өмірді көріпсің, тәжірибе жинапсың. Біз енді саған Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің идеология жөніндегі хатшысы лауазымын тапсырғалы отырмыз. Бұл өте жауапты жұмыс. Сенің қабілетің жетеді деп сенеміз. Ертең Пленумда бекітеді. Табыс тілеймін, – деді Д.А.Қонаев…
Қазақстан Комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы болып қызмет істеген жылдарында көптеген игілікті іс-шаралардың ұйытқысы болды. Әсіресе, шығармашыл жастармен жұмыс істеу оның жанын шуаққа бөлейтін. Екі жылда бір өткізілетін жас ақын-жазушылардың республикалық семинар-кеңесіне облыс-облыстардан жас таланттыларды тауып, жинау арқылы Жазушылар одағына өлшеусіз көмек көрсетті. Көптеген талантты жастардың Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығын алуына ықпал етті. «Дос-мұқасан» эстрадалық ансамблі, «Алматының жас балеті» дүниеге келіп, жас таланттардың өнер әлеміне шарықтауына жол ашты. Бүкілодақтық мәні бар әскери-патриоттық «Әкелер даңқты жолымен», ауыл мәдениетін қолдауға арналған «Комсомол. Мәдениет. Ауыл» шаралары Т.Сауранбековтің бастауымен Қазақстанда өте белсенді және мазмұнды өтті.
Партиялық шыңдалу
1976 жылы Тельман Сауранбеков қалалық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Алматы – республиканың астанасы әрі алып шаһар. Шығармашылық ұйымдар, өнер және ғылым ордалары, жоғары оқу орындарының көпшілігі, ірі-ірі өнеркәсіп орындары осында. Білім беру, денсаулық сақтау мекемелері де жеткілікті, олардың бәрін назарда ұстау керек. Жұмысшылар мен интеллигенцияның, әр алуан ұлт өкілдерінің ең көп шоғырланған жері де – Алматы қаласы. Сондықтан Т.Сауранбеков идеологиялық жұмысты барынша жандандыруға тырысты. Қалалық партия комитеті обкомға бағынғанымен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінен тікелей тапсырма алып отырады. Алматы астаналық қала болғандықтан бүкілодақтық, респуб¬ликалық іс-шаралар өткізу, қаланың мерекелік безендірілуі, идеологияландырылуы мұның жауапкершілігінде. 1980 жылы елімізде кеңінен атап өтілген Қазақ КСР-і мен Қазақстан Компартиясының құрылғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты жиынға СОКП Орталық Комитетінің Бас хатшысы Леонид Ильич Брежнев бастап, бүкіл 15 республиканың бірінші хатшылары басқарған делегациялары келді.
Алматы қалалық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы болып үздіксіз 8 жыл қызмет атқарған Тельман Еркінбекұлы осы жылдары қалалық партия комитетінің 5 бірінші хатшысымен жұмыс істеді. Олар: Федор Мочалин, Петр Ерпилов, Тауфик Мұхамед-Рахимов, Әнуар Жақыпов және Ақан Қойшыманов болатын. Әрине, бес басшының мінез-құлқы, адамгершілік деңгейі, ұйымдастырушылық қабілеті, жұмыс стилі бес түрлі. Бірақ Тельман Еркінбекұлы бәрімен де тіл табыса жұмыс істеді.
Жаңа белестер
Горбачевтік «Қайта құру» басталып, демократияның жылымық лебі біліне бастаған кез. Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті аппаратында ашылған шетелдермен байланыс бөліміне Т.Сауранбеков меңгеруші болып тағайындалды. Жаңа ашылған бөлімде жұмыс шашетектен. Шетелдіктермен байланыс мәселелері де сан қырлы. Социалистік елдердің Үкімет басшылары бастаған делегациялар Қазақстанға ат ізін сала бастады. Шетелдік туристер көбейді. Туризмнің күрт дамуына байланысты Туризм агенттігі құрылды, шетелдік туристерге арнап «Отырар» қонақ үйі салынды. «Шетелдерден келген бірде-бір қонақ ескерусіз қалмасын, Қазақстанмен таныссын, баратын облыстарына апарыңдар, тиісті жағдай жасап, қонақжайлылық танытыңдар» деген Д.А.Қонаевтың тапсырмасы бойынша Орталық Комитеттің шетелдермен байланыс жөніндегі бөлімі Қазақ КСР Сыртқы істер министрлігімен, туристік агенттігімен бірлесе жұмыс істеді. Сөйтіп Тельман Сауранбеков Қазақстанның шетелдермен байланысын нығайтуға өзіндік үлес қосқан қайраткер.
КСРО Министрлер Кеңесі жанындағы Дін істері жөніндегі кеңестің Қазақ республикасы бойынша өкілі болған жылдары еліміздегі дін істері жаңа арна тартып, жүйеге түсті. Мәскеудің қарсылығына қарамастан сол кездегі Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қолдауымен Алматыда жаңа мешіт құрылысын бастаса, Орта Азия мұсылмандары діни басқармасынан оған қарайтын Қазақстан қазилығын бөліп, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасын – мүфтилігін ашуға қол жеткізілді. Еліміз президенттік басқару жүйесіне көшкен соң Н.Ә.Назарбаев ел Президенті болып сайланды. Президент Аппараты жасақтала бастады. Т.Сауранбековке Президент Н.Назарбаев аппараттың азаматтарды қабылдау және хаттар бөлімінің меңгерушісі болуды ұсынды. «Бұрын мұндай жұмысты атқарып көрмеген едім, қалай болар екен», деп қобалжып еді, «Қазіргі уақытта бұл өте жауапты әрі керек жұмыс. Қазір партиялық органдарға ешкім шағымданбайтын болды. Мұң-мұқтаж, шағымдарын Президентке, тікелей маған жазып жатыр», – деп Елбасы салмақ сала сөйлеген соң келісімін берді. Шынында да, қабылдауға келгісі келетін азаматтар да, пошта арқылы жөнелтілген хаттар да көп екен. Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауға келгендерді жылы жүзбен қарсы алып, сөздерін мұқият тыңдап, тиісті ведомстволар арқылы мәселені әп-сәтте шешіп тастайтын іскерлігі Тельман Еркінбекұлын таңғалдыратын. Шешуі қиын мәселелерді министрліктерге, тиісті мекемелерге жүктейді. Т.Сауранбеков аппарат басшысымен бірге бұл мәселелердің оңды шешілуін қадағалап, өтініш иелеріне уақытында жауап жазып жатады. Президент аппаратындағы үйренген бұл жұмыс ол ҚР Парламенті Сенаты аппаратының жалпы бөлімін басқарған жылдарында да кәдеге асты.
Тельман Еркінбекұлы өмірде өзінің жеткен жетістіктерін ұстаздарымның арқасы деп білетінін, ұстаз дегенде ол әуелі Д.Қонаев пен А.Асқаровтың есімін ыстық ықыласпен еске алды. Белгілі қайраткер Өзбекәлі Жәнібековке деген құрметі де айрықша екен. Елбасы Н.Ә.Назарбаевпен қызмет бабында аралас-құралас болған кездері ұмытыла қоймас, сірә. Десек те, әкесінің досы, өзі өмір бойы папа деп өткен, даңқты Бауыржан Момышұлы тәрбиесінің де жөні бөлек еді. Баукеңнің қатал да жігерлі тәрбиесі Тельман Еркінбекұлын адалдық пен азаматтыққа баулыды. Ұзақ жылғы ерен еңбегі ескеріліп, екі мәрте «Құрмет белгісі» орденімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды. «Жуалы ауданының құрметті азаматы» атағы берілді. …Жылдар үдерісінде бұлақ болып басталып, дарияға айналған Т.Е.Сауранбековтің өмірі – өнегелі өмір.