Ádebıet

Сәлем, Наурыз!

Қанша ғасыр сән берген даламызға
Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,
Сәлем, Наурыз!
Сен біздің арамызға
Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.

Сен ең көне жырысың санамыздың,
Рухи шаттығымсың тасып толған.
Сені тойлап, бабасы бабамыздың,
Әжемнің әжесіне ғашық болған.

Сен бүгін арнасысың дара күйдің,
Сан пейілдің төрінен күлімдейсің.
Сен менің ұлы бабам Фарабидің,
Кешігіп елге жеткен үніндейсің.

Басыңды көтер, қане, күн қақтаған,
Сен енді басқа айқайға бұрылмайсың.
Тымырсық, тылсым жылдар тыңдатпаған,
Сен бізге Шәкәрімнің жырындайсың.

Ғасырды көктеп өтіп сұңқар сезім,
Немерем тік көтеріп уақыт туын.
Ғашығына арнаған іңкәр сөзін,
Өзіңнің тойыңда айтса – бақыттымын!

Мұхтар Шаханов,
ақын

Таңдаулы материалдар

Close