Ádebıet
Ерлік туралы жыр
«Ерліктің атаусыз кетуі –
халықтың трагедиясы».
Бауыржан Момышұлы
Аңыз түбі ақиқатқа ұласқан,
Арынды, асау, асқақ рухтан сыр ашқан.
Көкбөрінің ұрпағымыз ту етіп,
Еркіндік пен ерлік салтын ұнатқан.
Көне тарих қатпарында қатталған,
Ғибрат сөздей көкіректерде жатталған,
Бізге жеткен ерлік дәстүр киелі.
Ғұн мен сақтар дәуірінде-ақ басталған.
Пран киіп, пырақ мінген сақ бабам,
Белін шешпей басына ер жастаған.
Бөтен елге сұқтанып көз сатпаған.
Тек өзінің бостандығын сақтаған.
Ұрпаққа ерлік мұра болған атадан,
Көшпенді елдің қанында бар ата заң.
Талай ердің аты қалып тарихта,
Батырлығы аңыз болып жасаған.
Дала заңы, еркіндікке бас ұрған,
Ер түркіміз! Көк тәңірге табынған.
Күлтегін мен Тоныкөктің рухымыз,
Құлпытасқа өсиет болып жазылған.
Халқы азат болу үшін құлдықтан,
Талай ерлер есер жаумен қырқысқан.
Қаталдықпен қанша өлім сепсе де,
Ерлік рухты жеңе алмаған Шыңғысхан.
Қойнауы құт, қасиетті паң далам,
Өршіл рухты ел сүюден таңбаған.
Отырарды жаудан қорғап Қайыр хан,
Қорлық емес, ерлік өлім таңдаған.
Мансұқ етіп маңғол салтын бұрынғы,
Тарих көші соны арнаға бұрылды.
Жәнібек пен Керей хандар бас болып,
«Қазақ» атты хандығымыз құрылды.
«Ақтабанда» ай тұтылып азат күн,
Ел басына бұлт боп төнді азап, мұң.
Ерлігімен ұран болған Абылай,
Үш жүзінің басын қосты қазақтың.
Залал шақта өмір, өлім арбасқан,
Ерлік болды жауға сілтер алдаспан.
Қабанбай мен Бөгенбайдың ерлігі,
Ұрпақтарға аманат боп жалғасқан.
Рухы биік кең өлкеге көсілген,
Шапқан жаудың жорық жолы кесілген.
Қазақ атты қайсар елдің ерлігі,
Жер бетінен «Жоңғар» атын өшірген.
Ерлік рухы қалғыған жоқ, бұлқынды,
Бодандықтан бостандыққа ұмтылды.
Кенесары, Махамбеттер ерлігі,
Бізге жетті Тәуелсіздік бұл күнгі.
Кеудесіне шырақ жаққан талайдың,
Өнер менен ғылымдағы ақ айдын,
Ерлік емес деуге сірә, бола ма?
Өнегесін Шоқан менен Абайдың.
Жығылмады асқақ рухтың байрағы,
Ұрпақтардың жігер отын қайрады.
Егеменді ел болуға талпынған,
Өр Алаштың ерлігінің айғағы.
Азат таңның арман болған арайы,
Алаш пенен қайта туды орайы.
Ахмет пенен Тұрар сынды ерлерім,
Елің үшін құрбан болды талайы.
Шоғын үрлеп жігер менен ерліктің,
Соғыс өрті қайта ұрады жер үстін.
Фашизмнің ойран етіп ордасын,
Рахымжандар туын тікті Жеңістің.
Кешпес үшін күйін құлдық азаптың,
Нағыз ерлер отын кешті тозақтың.
Ұлт батыры-феномені атанды,
Бауыржандай қайсар ұлы қазақтың.
Желтоқсанда қанға бөгіп алаңы,
Іңкәр үміт болған еді жаралы.
Жанартаудай бұл сілкініс Қайраттың,
Жас толқынның ерлігі еді саналы.
Орындалып елдің аңсар, арманы,
Ұлт намысы шырқау көкке самғады.
Күрестердің ұлысы боп Желтоқсан,
Тәуелсіздік мәңгілікке орнады!
Түндігінен көрінетін көк аспан,
Оған жету арман еді о бастан.
Қырандары Тоқтар, Талғат, Айдынның,
Ерлігімен ғарышқа да жол ашқан.
Жауһар жүзік қала орнатып Есілден,
Елбасымыз ерлік рухын өсірген.
Ұлт ұясын асыл етіп жүректің,
Астананы Арқа жаққа көшірген.
Бейбіт кезде елді ерлікке шыңдаған.
Ерлік дәстүр бір сәтке де тынбаған.
Еңбегімен Ер атанған ерлерді,
Айтпай кетсем, болар еді сын маған.
Ғасырлардан өткен талай дүлейдің,
Ерлік жеңген мысын басып үрейдің.
Бабалардан, жастар, сізге аманат,
Ерлік рухы өлмесін деп тілеймін!!!
Дәулетжан Байдалиев,
ақын.
Ауданның Құрметті азаматы