Ádebıet

Ақын ұлағаты қай заманмен де үндес

Қазақтың бас ақыны Абайдың ұрпаққа мұра етіп қалдырған өсиеті қай-қайсымыздың да санамызға сілкініс жасап, танымдық ой тудыратыны хақ. Дана ойшылдың жақсылыққа бағамдайтын бағыт-бағдарға толы нақыл сөздерінен әр заманның болмысын, күрмеуі көп мәселенің шешімін де іздеуге болады.

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қарсаңда жарық көрген «Абай аманаты» атты көлемді мақаласы ғұлама ойшылдың ғұмыр жолын тану үшін тартымды ойларды таныстыруға негізделген деп ойлаймын. Мұнда ол Абай жайлы ой қозғап, оның ақылға қонымды айтқандарынан мардымды мысалдарды сөз ете отырып, ақынның мақсат-мұраты қазіргі дәуірде қаншалықты орындалғанын жіліктеп жеткізген.
Абайдың сөзі мен өсиеті өмірдің барлық саласында өзекті. Қалай өмір сүріп, еңбек етуге үйрететін өмір оқулығы да осында. Сондықтан әрбір қазақтың үстелінде Абайдың жинағы жатса, ұлы ақын өлеңдері мен ғақлия сөздерін қазақ баласы тегіс танып, тегіс білсе, құба-құп. Көзі ашық, көкірегі ояу кез келген азамат Абайға жүгінсе, жол таппай қоймайды. Дара да, дана ақынның асыл мұрасынан сусындаған адам жаманнан жиреніп, өтірік, ұрлық, бекер мал шашпақ сияқты ұятты істерден бойын аулақ ұстары сөзсіз.
Мақала авторы биылғы Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы адамзатқа қатер төндірген пандемия уақытымен тұспа-тұс келгеніне де тоқталып, бұл қиыншылықты да еңсеретінімізге сенім білдіреді.Тіпті, осындай кезеңде ақынның мына сөзіне жүгініп, жігерленуге болатынын түсіндіргендей: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?»
Иә, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай, лайым солай болғай. Абайдың оймақтай ойы мен сүбелі сөзі ұрпаққа үлгі болса, болашақтары жарқын боларына менің де сенімім мол.

Шорабай ЫСҚАҚОВ,
«Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы Жуалы аудандық бөлімшесінің директоры

Таңдаулы материалдар

Close