Ádebıet

«Біздің сезім күзде өнген гүл сияқты…»

ақжарма ақынды жамбылдық жерлестері сағынышпен еске алды

Бауыржан Үсеновтың 60 жылдығына орай облыс орталығы Тараз қаласындағы Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында ақын, жазушы, журналист, өмірден ерте кеткен Бауыржан Үсеновтың 60 жылдық мерейтойына орай «Біздің сезім күзде өнген гүл сияқты…» әдеби артбук өтті. Мақсаты – ақын Бауыржан Үсеновтің өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау. Жастар арасында ақынның өлеңдерін оқыту арқылы патриоттыққа баулу.
Ұйымдастырушылар Бауыржан Үсеновтың өмір өрнектері мен шығармаларына тоқталып, жерлестеріне сөз беру үшін Жуалы ауданымен онлайн байланысқа шықты. Артбук барысында арнайы шақырылған қонақтар ақын туралы естеліктерімен бөлісіп, ой-пікірлерін ортаға салды.
Кеш қонақтарының арасында «Салық тәртібі» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газеті, «Ар-Ай» жастар газетінің бас редакторлары Оралхан Дәуіт, Дәулет Төленді, Қазақстан Журналистер одағының мүшелері Шоқан Сыздықұлы, Қуаныш Иембердиев, Амангелді Әбіл, сонымен қатар, ақынның жары Гаухар Тәжікенова, Бауыржанның туған інісі Біржан Үсенов пен кіші ұлы Мұхамедсалық Үсен болғанын айтқан жөн.
Әдеби кешті жүргізген журналист, «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Амангелді Әбіл Бауыржан Үсеновтың азаматтық қырларына, әсіресе, оның әйгілі Желтоқсан оқиғасына қатысқан сәттерінен әңгіме өрбіте отырып, ақын туралы естелік айту үшін сөзді кеш қонақтарына кезегімен ұсынып отырды. Амангелді Әбілдің Бауыржан ақын туралы жақсы білетіні, екеуі де Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық Университетінің журналистика факультетінде бір топта оқыған. Студенттік қызығы мол жылдарды бірге өткізген.
Кеш қонақтары кезегімен сөз алып, Бауыржан Үсенов туралы, оның қазақ әдебиеті мен айтыс өнерінің қазынасына қомақты олжа салғанын баса айтса, ақынның жары Гаухар апай мен бауыры мен ұлы есте қалған естеліктерді қайта жаңғыртып, олар асыл жар, адал бауыр, қамқор әкеге деген сағыныштарын өлеңмен, әнмен әсерлі жеткізді.
Өз кезегінде аудандық кітапханадан облыстық кітапханамен онлайн байланысқа шыққан ақын туып-өскен Қошқарата ауылындағы №9 Абай атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ақынның шәкірті Мөлдіркөз Кенжебекова, мектептің озат оқушылары Аяжан Мұстафа, Ұлжарқын Дауылбай, Мадияр Мәдібек Бауыржан Үсеновтың «Ауыл», «Қошқарата», «Жапырақ жайлы бір өлең» т.б. өлеңдерін оқыды.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close