Ádebıet

Құдіретті құдық

(әңгіме)

Кариманың анасы Түркістанға зиярат жасау үшін жолға жиналды. Ол онда ұжымымен бара жатыр. Жол жөнекей басқа да әулиелердің басына соғып, кешкісін Арыстан баб кесенесіне түнемек. Сол үшін де ерте тұрып жол азығын қамдауда. Анасымен жарысып құлқын сәріден қыздары Әмина мен Карима да тұрып алған. Әмина тоқаштың қамырын жайса, Карима қызартып бауырсақ пісіруде. Сөйтіп олар анасына керек азық-түлігін дайындасып, қасында зыр жүгіріп жүрген еді.
«Ештеңені ұмытқан жоқпын ба?» деп анасы жолға алып шығатын заттарын қайта түгендеуге кірісті.
– Анашым, Әулие басына барғанда құран оқытасыз. Ұмытып кетпеңіз, – деді Әмина газетке бөлек оралған жеті шелпекті анасына ұсынып.
– Рақмет, алтыным! – деп анасы бойжетіп қалған ортаншы қызының маңдайынан иіскеп, бетінен сүйді. Қағазға майы сіңген шелпекті сөмкесінің бір бұрышына салып қойды.
Анашым, деп сырттан үйге ентіге жүгіріп кірген Карима:
– Мынаны да сөмкеңізге салып алыңыз, – деп қос құтыны қолына ұстатты.
– Жарығым-ау, бос құтыны не істеймін? Суым бар ғой жолға алған, – деді таңданып.
– Анашым, Арыстан баб кесенесіне барғанда атаның құдіретті құдығынан су аласыз. Мен сол суды ішкелі бері кілең беске оқып жүрген жоқпын ба? Тағы да құдіретті құдықтың суын ішіп бұдан да әрі тек беске оқысам деймін, – деді Карима тақылдап.
Мектепалды даярлық тобына барып жүргенде Карима әке-шешесімен ілесіп Арыстан баб кесенесіне барған-ды. Сонда көп нәрсенің байыбына бармаса да осы бір сапары жадында сақталып қалыпты. Ата басындағы құдықтан жапа-тармағай су ішіп, бос құтыларына су құйып алып жатқан жұртты көргенде қатты таңырқаған ол: «Анашым, ана ата-апалар суға неге таласып жатыр. Ішіп те, қолдарындағы бос ыдыстарға құйып та алуда. Не ауылдарында су жоқ па?» деп сұрады. Анасы: «Бұл құдық суында қасиет бар. Сондықтан алып жатыр олар бұл суды. Ол судан сен де іш. Мектепте жақсы оқисың. Алла нәсіп етсе, ағаларың сияқты мектепті алтынға бітіресің. Жоғары оқу орнына түсесің. Үлкен азамат боласың» деп жауап берді.
Атаның кесенесіне кіріп, әруақтарға құран бағыштап шыққан соң құдыққа жақындап судан дәм татты. Жаңа «қасиетті құдық суынан тезірек дәм татсам екен» деп асыққан Карима әкесі құйып берген бір кесе суды қолына алып, мөлдір судан бір ұрттады. «Ішәй, ащы екен. Анашым, мен ағаларым сияқты жақсы оқитын боламын. Сол үшін кеседегі суды түгел тауысып ішіп қоямын» деп сіміріп салды. «Көрдіңіздер ме» дегендей, кесесін көтеріп, әкесіне ұсынды. Сөйтіп, «аға-әпкелерім де жақсы оқысын» деп құдық суынан бос құтыларға құйып алды. Үйге келген соң «Арыстан баб басындағы құдіретті құдықтың суы. Ішіңдер. Сендер де сабақтарыңды кілең беске оқитын боласыңдар» деп аға-әпкесіне үлестірді. Содан бері Карима ол құдықты «Құдіретті құдық» деп атап кетіп еді.
– Ниетіңнен, талабыңнан айналдым, жарығым. Әкел ұмытпай тұрғанда еркетайымның құтыларын да сөмкеме салып, Құдіретті құдықтан су әкеп берейін өзіне, – деп өткенді ұмытпаған қызына қарап, езу тартты. Құшағын жайып, бауырына басты. Алаулаған алма бетінен, қарақаттай көзінен алма кезек сүйіп, еркелетіп жатыр.
Осы мезет сырттан «шық» дегендей автокөліктің дабыл үні үстін-үстіне басылды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
балалар жазушысы

Таңдаулы материалдар

Close