Ádebıet
Мәңгілік болсын тұғырың!
Қарашы, әлем, қазақтың Ұлы даласын,
Құшағына сыйдырған сан ұлт баласын.
Жаңғыртқан елдің рухы менен санасын,
Жасасын қазақ, жасасын мәңгі, Алашым!
Азатсың енді, азатсың мәңгі текті елім,
Аз ба еді, сенің азапты қырғын шеккенің?!
Келмеске кетсін, тар жолдар, тайғақ кешулер,
Қайталанбасын зобалаң көрген өткенің.
Көк түркілерді Күлтегін болып қорғаған,
Көкбөрідейін көкке ұмтылған – зор бағаң.
Азаттыққа жетсе екен есіл елім деп
«Абылайлап» жауға шапқан ер бабам.
Шежірелі тарих тамырын тартып тереңнен,
Қазақ хандығы басталған Жәнібек, Керейден.
Қалың жұртымен Қозыбас жаққа көш бастап,
Жаужүрек елдің өрісі солай кеңейген.
Ұлы перзенттер сертінен еш таймаған,
Жанары от боп, бойында намыс қайнаған.
Желтоқсанның мұз құрсанған күнінде
Қайрат болып, намысын тасқа қайраған.
Қайран жастар… намыстың отын жандырған,
Ақиқатқа араша іздеп тағдырдан
Жалғасындай Томирис, Әлия, Мәншүктің,
Сәбира, Ләззат тарихта ізін қалдырған.
Тура жолға бастаған елін Нұр-ағам,
Ризашылықпен арналды небір жыр оған.
Татулық пен бірлікті ту еткен халқының
Бәрі ортақ – «Қазақстан» деген бір Отан.
Азаттық қымбат, Тәуелсіздік – ұлы ұғым!
Ешкім енді шайқамасын елдігімнің тұнығын.
Қыран қанатың талмасын, елім, ешқашан,
Мәңгілік болсын, мәңгілік болсын тұғырың!
Әлия Жақсыбекова,
зейнеткер ұстаз.
Көлтоған ауылы