Ádebıet

Имандылық иірімдері

Ассалаумағалейкүм, мұсылмандар,
Рақым қолын ізетпен ұсынғандар.
Жасаған садақаңыз қабыл болсын,
Құдайым қабыл етсе ісіңді оңдар.

Атыңнан айналайын, хақ Пайғамбар,
Сабырдың қазығына ат байланар.
Көзі емес көкірегі соқырлар көп,
Барар жері бақша емес отқа айналар.

Жаратқан, айналайын, несібе бер,
Білгенді, білмегенді кешіре гөр.
Тәубасын пенделердің қабыл етіп,
Алдыңда мәртебесін өсіре гөр.

Көңілі таза жандар бар таңғы шықтан,
Санасы, бойы аулақ азғындықтан.
Пайғамбардың үмбеті нақ осылар,
Мұсылман мұсылманның жанын ұққан.

Жақсылық, жамандық та бір Алладан,
Артық сөз болмас сірә, Кәлимадан,
Үйіңізде бес уақыт азан болса,
Кем емес Мекке шаһар Мадинадан.

Ұрпақты игілікке бастайтұғын,
Иманды ұл үлкенінен аспайтұғын.
«Отанды сүю – иманнан» дейді қазақ,
Дәретсіз жердің бетін баспайтұғын.

Осындай бауырларым болса екен,
Әр ауыл болса екен алтын мекен.
Жүректегі иманды иірімдер,
Жортқандай кең далада арқар, бөкен!

Пернебек БЕРДІМБЕТОВ,
зейнеткер.
Шақпақата ауылы

Таңдаулы материалдар

Close