Ádebıet
Еленбей кеткен ер Қасым
(Ұлы Отан соғысында Отан қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)
(Басы газетіміздің
№17,25,26,28, 29, 30 сандарында)
94 жасқа келіп осыдан бірер жыл бұрын Германия жерінде дүниеден озды. Күйеуі Ералиев Қасым Ералыұлы Белоруссия жерінде жатыр.
…1942 жылы немістің күші әлі де басым еді, әсіресе техника жағынан, танкі жағынан. Қасым Ералиев Сталинград түбінде, сосын Курск иінінде жаумен талай рет бетпе-бет келіп «қоян-қолтық ұрысқа» түсіп, өзінің бай тәжірибесін, білімін шебер қолданып үнемі командованиеден алғыс алып отырды. «Қызыл жұлдыз», «Қызыл Ту», «Отан соғысы» ордендерімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталды. Полинаға жазған хаттарында қорғаныста отырғанын, шабуылға шығып, Ресейдің талай қалалары мен деревняларын жаудан азат еткенін, жараланғанын, қайтадан соғысқа аттанғанын айтып жазып отырды. Оның елге, туған жерге, анасына, баласына, бауыры мен сүйген жарына деген сүйіспеншілігі мен сағынышы керемет еді…
Ерлік – елдің қасиеті, жүректілік – жігіттің қасиеті
1943 жылдың күзінде Жоғарғы Бас Қолбасшылық Украина мен Белоруссияны азат ету, бірінші Киев пен Минскіні жаудан босатуды жоспарлады. Бірақ жоспарланғанның бәрі іске аса бермейді ғой. Кеңес әскерлері партизандармен бірлесіп Днепрдің оң жағалауына өтіп Киевті азат етіп үлгерді. Ал Белоруссияда жағдай басқаша болды. Белоруссия майданының құрамындағы 65-ші Армия Полесьені, Гомель облысын жаудан азат етіп Минскіге қарай жылжыды. Қалың ормандағы қалың қар, ну батпақ көп қиындық тудырды. Негізгі күш арт жақтан дер кезінде келіп үлгермей 65-ші Армияның құрамындағы дивизиялар мен полктар, бригадалар қоршауда қалып қояды. Оның ішінде 58-ші бригада да бар еді. Ал бұл бригаданың сапында капитан Қасым Ералиев басқарған батальон соғысып жатты.
1943 жылдың қазан, қараша айларында Белоруссияны азат ету операциясы сәтсіздікке ұшырағаны туралы, ол туралы Ұлы Отан соғысы тарихының 2 томында жазылған. Есін жиған әккі жау қоршаудағы әскерді түгелімен құртып, балшыққа батырып қайткенде де Белоруссияны уысынан шығарғысы келмеді. «Жыланды үш рет кессең де кесірткелік қауқары бар»,- демекші, неміс әскері әлі де мықты болатын. 2-ші майдан әлі ашылмаған соң Гитлер бар күшін шығысқа салып отырған еді. Ең қатты шайқастар үлкен қалалар мен үлкен өзендер үшін болғаны белгілі. Днепрден бірінші өткендердің барлығына жуығына Кеңес Одағының Батыры атағы берілгені факт. Днепрден көлемі сәл ғана кіші Березина үшін ондай жомарттық болған жоқ. Менің ойымша, Минск Киевтің көлеңкесінде қалып қойды. Минскіні алмақ тұрмақ командованиенің қателігінен бірінші эшелондағы солдаттар мен командирлер тағдырдың тәлкегінде қалды. Қоршаудағылардың біразы алғы шепте шейіт кетті де, біразы шегініп партизандарға қосылып әупірімдеп аман қалды. Мыңдаған қызыл әскер пленге түсіп Австриядан бір-ақ шықты. Березина өзенінің бойындағы Светлогорск қаласын азат ету орасан күш-жігерді қажет етті. Адам ресурсы азайды. Облыс орталығы Гомель үшін қиян-кескі шайқас болды.
Баукең соғыс туралы, онда Отан үшін шейіт болған ерлер туралы:
«Мен өзім қырық жыл қырғында тірі қалған жандардың бірімін. Сол сұрапыл қырғын соғыста еліміздің талай саңлақ батырларының, ақылды ерлерінің қаза тапқанын мен көзіммен қан майданда көргенмін. Менен артық, менен батыр, менен ақылды жігіттердің өліп кеткенін көрдім. Олардың имандары жолдас болсын. Олар Ұлы Отанымыздың тәуелсіздігі үшін жан-тәнін аямастан соғысты, тәуелсіздік үшін жантәсілім етті. Имандары жолдас болсын» деп толғаған еді.
Иә, Отанның тыныштығы мен қалың елдің амандығы, ұрпақ болашағы, сонымен бірге, бейбітшілік жолындағы сұрапыл соғыс туралы хас Батыр Бауыржан Момышұлынан кейін ешкім жеріне жеткізіп айта алған жоқ. Баукең еліміздің әскери әдебиетінің негізін қалауымен де тарихта өзінің бірегей есімін алтын әріптермен қашап жазып қалдырды.
Ұлы Отан соғысының зардабын тартпаған біздің елде бірде-бір жанұя жоқ шығар?! Сондай отбасының бірі – Ералиевтер әулеті…
Қасым Ералиев басқаратын батальонның жауынгерлері командирін қатты сыйлайтын, құрмет тұтатын. Командирінің ағалық ақылын тыңдап, айтқандарын бұлжытпай орындайтын. Басқа батальондарға қарағанда адам шығыны аз болатын. Одақтың түкпір-түкпірінен келген әртүрлі ұлт өкілдеріне бірдей қарайтын, алаламайтын. Ауылдан жаңа келген орысша білмейтін қандастарына қазақша сөйлейтін, олар да өздерінің командиріне арқа сүйеп, үлкен тірек көретін.
Бірақ бұл жолғы ұрыста екі жақтан да шығын аз болған жоқ. Бүткіл Белорус майданы шабуылға көтерілген қазан айында жер қара еді, қар түспеген болатын. Жауды тықсырта қуып, Гомель облысын түгелге жуық азат етіп үлгерді. Көкте самолеттер, жерде танкілер, артиллерия мен минометтер және әйгілі «Катюшалар» жауға қарсы оқ пен снарядты қарша боратты. Сол шабуылдың ең алғашқы шебінде «Отан үшін алға!»,- деп айқай салып іштей ата-бабасының әруағынан қолдау тілеп, қол бастаған батыр бабалары; Қарабатыр, Рысбек батыр, Сиқым атаға сыйынып қол бастап Қасым алға шықты. Сүйікті командирінен сарбаздары да қалыспады. Елани, Боровичи деревняларынан жауды тырқыратып қуып шықты. Березина өзенінен өтіп, арғы бетті жаудан азат етті.
Қараша айында қалың қар түсіп алға жылжу қиындай берді. Қоршауда қалған жеке подразделениелерге (бөлімдерге) қарсы шабуылға (контратака) шығып, жан-жақтан қыса бастады. «Арт жақта Березина өзені одан қайта өтіп шегінуге болмайды» деген бұйрық бар.
Командир болу деген сөз – ұстаз, тәрбиеші болу деген сөз. Әскери іс оқытумен, тәрбиелеумен жүзеге асады. Жақсы командир – жақсы педогог. Оның сырына түсінбесеңіз, көздеген мақсатыңыздан түк шықпайды.
Осының бәрін жақсы білетін тәжірибелі комбат, гвардия лейтенанты Қасым Ералиев солдаттарына былай,- деп тапсырма берді.
-Жолдас жауынгерлер! Қазір 1941 жыл емес, 42 жыл да емес.Соғыстың 3-ші жылы жүріп жатыр. Бір аттап Минскіге жетсек, ар жағында мемлекеттік шекара тиіп тұр. Елімізді жаудан толық азат етер күн алыс емес. Сондықтан аянбай соғысу керек. Жауға толық тойтарыс бермей тоқтамаймыз. Ал артқа қарай бір қадам да шегінбейміз. Отан үшін елде қалған туыс бауыр үшін әке-шешеміз бен қатын-баламыз үшін соңғы деміміз үзілгенше шайқасып өлеміз,- деді. Немістің «Фердинандтары» мен «Тигрлері» құмырсқадай қаптады. Арнайы танкіге қарсы бағытталған батальон гранатометтері мен кіші калибрлі пушкаларын ата жауға қарсы бағыттады. Екі жылдан бері танкімен алысып келе жатқан жауынгерлер танкінің көптігінен сасқан жоқ. «Бісміллә»,- деп қойып Қасекең мен қазекеңдер танкілерді көздеп ата бастады. Тұс-тұстан отқа оранып «Фердинандтар», табиғи шынжыры үзіліп «Тигрлер» тұрып қалды. Батырға да жан керек деген. Өртенген танктерден қара киімді неміс танкистері тырбаңдап шыға бастады. Шыққанын шыққанша Қасымның солдаттары қырып салып отырды. Кейбір танкілер окоптарға тым жақындап қалды. Оларға қол гранаталарын лақтыруда. Біздің жауынгерлердің де қатары сирей бастады. Бірақ бір де бір адам артқа шегінген жоқ.
Себебі, қасқайып Қасым батыр жандарында жүргенде 18-ге жаңа толған бозбалалар өздерін сенімдірек ұстайтын. Командирдің жігерлі сөздері мен батыл істері, тәуекелшілділігі, батырлығы, қаһармандығы оларға аян болатын. Қазір де кіші командирлерге нақпа-нақ тапсырма беріп, әрдайым алдыңғы шептен табылды. Бірақ оқ пен снаряд, мина мен бомба адам таңдамайды. Міне жақыннан келіп жарылған бомба командалық пункттің быт-шытын шығарып кетті. Ысқырып келіп жарылып жатқан снарядтың сынықтары Қасымды жаралап кетті. Бұған дейін 4-5 рет жеңіл, екі рет ауыр жараланған капитанға бұл жарақат өте ауыр боп тиді. Басынан, кеудесінен тоқтаусыз аққан қанға қарамастан госпитальға бармай-ақ сол жерде жарақаттарын байлатып алып ұрысты жалғастыра берді.
-Командир жолдас! Сіз өте қатты жараландыңыз. Тез арада госпитальға апару керек Сізді,- деген сөздерді құлағына қыстырмады. «Шешуші сәтте майдан даласын тастай алмаймын, өлсем алдыңғы шепте өлем»,- деп ешкімге бой бермеді.
«Көреген басшы елді өсіреді,
күшті майдан ерді өсіреді»
Ол ертерек госпитальға барса тірі қалуы мүмкін екенін білді. Біле тұра қасықтай қаны қалғанша Қасым батыр, хас батыр ата жаумен арыстанша алысып, жолбарысша шайқасты.
Қасым сол алмағайып шақта ерлік деген сөздің жауабын дұрыс шеше білген кісі еді. Адам өзінің достарын, жолдастарын қадірлей біліп қауіпті жағдайда қорғай, сақтай білу керектігін үйретті және оны іске асырған Қасекең еді.
Адамның бірінші командирі ана екенін айтып, оны дәлелдей білді. Ана тәрбиесінің дұрыс болуынан өскен жас бесігінен қандай тәрбие алғанының өмірінде маңызды орын алатынына ерекше мән берген. Сондықтан да, жауынгерлік тәрбие әскери киімде емес, жөргекте жатқанын терең білген.
Кешке дейін бір шабуылдан соң, бір шабуылдың бетін қайтарумен болды. Түннің бір уағында 58 бригада командирінің бұйрығынан соң ғана қатты қансыраған, әбден әлсіреген комбат госпитальға баруға келісті.
(Жалғасы бар)
Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы