Ádebıet

«Мен де із қалдырам»деп еді шәкіртім…

Аса сезімтал, қашан көрсең де өзін еркін ұстап, көңілді жүретін елгезек, көпшіл, биязы студент Бауыржан Үсенов құрбы-құдастарынан ерекшеленіп тұратын. Өзіне куратор болған жылдар ішінде бірде-бір оғаш қылығын байқамадым, біреулерге айтқан артық-ауыс сөзін естімедім.
Университетімізде Бауыржан атты өлең жазатын студенттер баршылық еді. Ол солардың бәрімен сыйластық, достық қарым-қатынаста болды. Оның жұртты тамсандырардай домбыраға қосылып ән айтатыны да, сұлу сазды, ойлы лирикалық өлеңдер жазатыны да бар еді..
Бірінші курс студенттерінің кураторы ретінде оларды ауыл еңбеккерлерінің егіс алқабы өнімі – қызанақ жинауға көмектескелі Алматы маңындағы Калинин (бүгінгі Тұздыбастау) ауылына алып бардым. Жұмысты жапырып істейтін жігерлі жастар жүрген жер қашанда той-думан ғой. Кешкілік студенттерім би билеп, ән айтып, көңіл көтеретін.
Кім-кімді де етене жақын араласқанда ғана тани бастайсың. Бауыржанмен сөйлесе, сырласып, өлеңдерін, әндерін тыңдай жүріп, тума талант екеніне көзім жетті. Өзіне:
– Осы қалпыңнан танбай, табандылықпен ізденсең, алысқа барасың. Бойыңда Құдай берген талант мол екен, – деп ағалық, ұстаздық тілекестігімді білдірдім.
Үшінші курста студенттерімді картоп жинауға Қостанай облысының бір шаруашылығына алып бардым. Картоп жинау жұмысында бір ай болдық. Осы мезгіл ішінде Бауыржан маған көп көмектесті. Мекен еткен село, көрші бөлімшелердегі тұрғындарға бірнеше рет концерт қойдық. Риза болған тұрғындардың қайсыбірі үйлеріне шақырып қонақ та етті. Бұны мен сан алуан өнер иесі Бауыржанның еңбегі дер едім.
Арада бір жыл зулап өте шықты. Түс қайтқан мезгіл. Кафедрада студенттерімнің мақалаларын оқып отыр едім, Бауыржан Момышұлы ағаның үйіндегі Жәмила жеңгей телефон соқты.
– Қарағым, қазір үйге келе аласың ба?
– Жарайды. – Басқа ләм-мим демей көшеден такси ұстап, жылдам бардым
– Қарағым, таракан қаптап кеткендіктен бөлмелерді уламақ едім. Бірер күнге ағаңды үйіңе алып бара аласың ба? Баукеңе Рахымжан Қошқарбаев ағаң да қонақ үйінен жеке бөлме бөліпті. Ағаң сонда жатам дейді.
– Қонақ үй жақсы емес пе?
– Жақсы жақсы-ау, бірақ «үй-жайы бар бұл кісі мұнда неғып жүр?» деп жұрт өсектейді Содан қорқам. Сені ағаң тыңдайды, үйіңе баруға көндір, – деді сыбырлай сөйлеп.
– Өсектей берсін, мен өсектен қорықпаймын, – деп Баукең алғаш қасарысып бақты. Әрең деп көндірдім. Сол жолы ол кісі үйімде төрт күн болды. Үшінші күні маған өзім кураторлық ететін курстағы Бауыржандарды Баукеңмен дидарластырайын, – деген ой келді . Бұл ойымды ол кісіге айтып едім:
– «Кем болма, кең бол» деген ата-бабамыз. Мен болашағыммен дидарласуға қуанам, – деді бірден.
Сөйтіп, Бауыржан Үсеновты, Бауыржан Омаровты іздеп таптым. Бауыржан Жақыпты таба алмадық.
– Ағай, Бауыржан атамызбен кездесуге біз де барайықшы, – деп Нүсііп Әбдрахимов пен Светқали Нұржан өтініш жасады. Оларды да ертіп, үйге келдім..
Баукең алдымен Бауыржан Үсеновпен сөйлесті.
– Атыңды әке-шешең неге Бауыржан деп қойды?
– Сіздей елін сүйген батыр болсын деп қойды.
Осы тәріздес Бауыржан Омаровтың да жауабын тыңдап:
– Ата-аналарыңа менің атымнан рақмет айтыңдар, – деді. Кезек Светқали Нұржановқа келді.
– Сенің атың кім?
– Светқали.
– Жоқ, сен Жарыққалисың! – деді Баукең. Даусы қатты шықты. Мұны күтпеген біз селк ете қалдық. Нүсіп Әбдрахимовқа: «Азамат атануыңа тілектеспін», – деді.
Аз-кем үнсіздіктен кейін Баукең: «Менің атағымның да, шатағымның да іргетасын бекітіп, қабырғасын қалауыма ұлт көсеміміз Әлихан Бөкейханов, көшбасшы сардарларымыз Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мұхтар Әуезов аталарың көмектесті, – деп бір сағаттай әңгіме айтты. Ол кісімен студенттерім риза көңілде қимай қоштасты.
Күндер өтіп жатты. Бір жолы жатақханаға кезекшілікке барғанымда Бауыржан Үсенов қасымнан шықпай:
– Ағай, айтыңызшы, Бауыржан Момышұлы атамызбен қандай тақырыпта сөйлесесіз? – деді қызығушылық танытып.
– Кез келген тақырыпта сөйлесеміз. Көбіне мен сұрақ қоям, ол кісі жауап береді. Жалпы қарым-қатынасымыз күрделі, кейде «есік анау» деп үйінен қуып шығатын да, телефон соғып, іздейтін де кезі бар, – деп Баукең екеуміздің арамызда болған мына бір әңгімені еске алдым.
– Екеуіміздің айырмашылығымыз жер мен көктей. Сен ақылдысың.
– Керісінше, аға.
– Жоқ, ақымақ болсаң, жақсы адамдар сені жанына жолатпас еді. Демек, сенде талайлар, тіпті өзің түсінбейтін қасиеттіңнің болғаны.
Жағдайды әділдікпен, шыншылдықпен дұрыс талдап, бағалай білуіміз керек. Ар-ұятыма жүгіне айтсам, немене мен сенен басқаларды көрмеппін бе? Сенің Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің иедеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықовпен, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлім меңгерушілері Аманжол Халықовпен, Садуақас Темірбековпен, профессорлар Темірғали Нұртазинмен, Бейсенбай Кенжебаевпен, Рахманқұл Бердібаевпен, Темірбек Қожакеевпен, академиктер Серік Қирабаевпен, Зейнолла Қабдоловпен, Тұрсынбек Кәкішевпен, Хайдар Арыстанбекұлымен, Ораз Жандосовтың ұлы, тарихшы Әли Оразовпен, ақын Ғали Ормановпен, ауыл шаруашылығы маманы, ойшыл Жасарал Ілиясовпен сыйлас, сырлас болғаның тегін емес. Тіпті кандидаттық диссертация қорғау кезінде сұрақ көптеп жауғанда, академик Зейнолла Қабдоловтың: «Біздің Мамытбек Максим Горький секілді ауызша сөзге шорқақ, жазғанда тайпалма жорғадай алдына жан салмайды» деп ес жиюыңа көмектескені жай нәрсе ме? Әлгі кісілермен сыйласып, сырласуың өмірі еш жерде жазылмаған ерекше дипломға ие болғаныңмен бірдей.
Өзің жақсы көретін адаммен сөйлессең, көңілің өсіп, жаның жадырап, жүгің жеңілденіп қалады, рухани байи түсесің. Кешеге дейін көне заманның көне сөзін көкірегінде сақтаған, қапысыз, еркін ой бөлісетін қазына қарттарым бар еді. Бүгін менің сенен басқа сыйласып, сырласатын ешкімім жоқ. Қайталап айтам, сенде бір асыл қасиет бар. Тек соны дамыта алмай жүрсің. Кейде «мақұл, жарайды» деген сөзбен тұйықталасың. Түсіне білсең, «мақұл» адамды тауға шығармайды, керісінше таудан құлатады. Барлық уақытта күрескер болуың керек. Ол оңай емес.
Мен сияқты жүйкеңе жүк түсіргің келмейді.Кейде ашуланғанымды сен пайда табу үшін ашуланады деп ойлайсың ба? Мен ашуланғанда, сені аздап та болса, ойланса, бойындағы мінін жойса екен деймін. Мұны қазір түсініп жүрген жоқсың, мен өлгеннен кейін түсінесің.
Өмір қатал. Соған сәйкес мен де қаталмын. Майданда жараланып госпитальға түскен алғашқы күндері әлім келмегеннен қасымдағы егде солдат Степанға:
– Мені отырғызып қойшы? – деп өтіндім. Ол таңырқап:
– Неге? – деді.
– Ең болмаса жатып өлмейін, отырып өлейін.
– Жолдас полковник, бұл қай сөзіңіз? Сіз міндетті түрде тірі қаласыз.
– Неге бұлай дейсің? – дегенімде, Степан:
– Өйткені сіз өте еркін, өмірге құштар жансыз. Дәрігердің алдында бәріміз бүгежектеп, қорқақ қоян кейпіне енеміз. Сіз «дәріге у қосып берсең де, пікірімді айтуға тиіспін» деп мәселені тікесінен қоясыз, – деген еді.
Мұны, қарағым, ретін тауып мақтану үшін емес, сен жігерленсін, қайраттансын деген оймен еске алып отырмын. Байқаймын, ұят болады деп көп жерде сыбағаңнан құр қалып жүрсің.
Ертең мен өмірден кеткеннен кейін жігерсіздікті қоясың. Ойың да, бойың да түзеледі. Өмірге, адамдарға басқа көзқараспен, басқа түсінікпен қарайсың. Өзгересің. Өзгергенде сен мені жақсы көргендіктен емес, мендей сөйлесетін адам таппағандықтан өзгересің, еріксіз ой тереңіне сүңгисің..
– Енді Баукеңнің үйіне жиі баратынымның себебін түсіндің бе? – дедім шәкіртіме.
– Түсіндім.
Бір барғанымда:
– Мен саған қатты ренжіп, нота жазғалы жатыр едім, – деді қабағын түйіп.
– Не үшін, аға?
– Үш апта бойы хабарласпай қойғаның үшін. Бүгіннен бастап, біздің қарым-қатынасымыз үзілді. Себебі, сен менің қарсыластарымның бірісің.
– Керісінше мен сіз жағындамын, аға.
– Көп жасаған адам қартаяды, алжиды, күш-қуаты кемиді. Оны кез келген торғай басынады. Соны ескеріп, опық жемес үшін екеуіміздің арамыздағы мемлекеттік, рухани қарым-қатынасты біржола доғармақпын.
– Ой, аға.
– Саған қатты ренжігенім сонша, екі күн бойы тамақ ішкен жоқпын.
– Сіз бұрын ешкімге ренжімеймін деуші едіңіз ғой.
– Мен тек саған ғана ренжимін. Өзің айтшы, сенен басқа біреуге ренжіген күнім болды ма?
– Болған жоқ.
– Үш апта хабарласпай қойғаның қалай?
– Жүрегім ауырып, дәрігердің көмегіне жүгінуіме тура келді.
– Е, солай ма? Онда ренжігенім бекер екен. – Дауыстай күлді. – Жаңалығыңмен бөліс.
– Арнайы тексеруден өтіп едім, дәрігер «қаның қою» деді.
– Ол қауіпті. Кардиомагнил деген табілеткі бар. Мен оны көп жылдан бері пайдаланам. Қанның қоюлануы жүрек талма ауруына алып барады. Қаның мөлшерден тыс қоюланса, бір минутке жетпей жан тәсілім етуің, немесе сал болып қалуың мүмкін.
Жүрегіңнің соғысын реттеп, қалыпты жұмыс істеуіне көмектесетін басқа да дәрілер бар. Сен туралы екі түрлі ойдамын. Біріншіден, білуге құштарлығың, сөйлескен адамыңның әңгімесін тыңдай білгің келетінің, екіншіден, жазғанда автор тілін сақтауға ұмтылатының ұнайды. Бұған біздің жазушылардың көбі көңіл бөлмейді. Бұл өте маңызды, қажетті тетік.
Байқауымша, сен құлағыңа сеніп, естігеніңді қағазға айнытпай түсіреді екенсің. Бұл шығармашылықтың елу пайызы ғана. Ең бастысы, көзбен жұмыс істеу. Адам сөйлегенде өң-түсі, қимыл-қозғалысы, дауыс-ырғағы өзгереді. Соны психолог-суретші ретінде дәл бейнелеуің керек. Бұл көріп, есту, сезу әсеріңе байланысты.
Кейіпкердің ішкі лабораториясын бақылауда үнемі сақ, сергек болуың қажет. Онсыз сен көп нәрсені жоғалтасың. Мәселен Толстойды, Мопассанды оқып отырғанда кейіпкерлері тіріліп, көз алдыңда тұрады. Суреткер болу қиынның қиыны. Суреткер болмай жазушы болуың неғайбыл. Мұны көзіңе айтып отырмын.
Абайдың «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын», Мағжанның: «Көрсең мендей көре біл, күлсең мендей күле біл» дегенінің астарына ой жібер. Бүгінгі замандастарыңның, келешек ұрпағыңның жан дүниесін рухани байыта алмасаң, сен ешкім емессің. Жығу үшін алдымен жығыла біл. Маған алаңдама. Мен боларым болып, бояуым сіңген шалмын. Ойлан. Сенің болашағың алдыңда.
Рас-өтірігін білмеймін, танысымның айтуынша, кеше Көк базардың жанында: «Ол жігітті менен артық ешкім сүймейді. Оған жар болуға мен ғана лайықтымын», – деп қыздар өзара таласып, бірінің шашын бірі жұла жаздапты. Милиционерлер жанұшыра жүгіріп жетіп, ысқырығын шалып, әрең ажыратыпты. Қызыл жағалылар:
– Мына арулар «мені ғана сүйеді» деп таласқан ол жігіт кім болды екен? – деп сұрастырып, тексерсе, Алматы қаласының батысындағы Орбита мөлтек ауданында тұратын Мамытбек деген журналист екен.
– Ой, аға, – дедім күліп.
– Кезінде ол аруларға Мамытбек қарамай кеткен-ау шамасы, – деп Баукең аха-ха-халай күлді. – Сенімен сөйлесу саған азап болғанмен маған демалыс, рахат.
– Маған да рахат, аға.
– Сен келсең, көңілім көтеріледі. Ауруымды ұмытам. Қатты қиналған сәттерімде сенімен сөйлескенді қалаймын.
Қазір телефон соғып отырғаным, менің миым алжасып кеткен жоқ па, соны білейін деп едім. Сен тексерші. Неге дейсің ғой?
– Неге?
– Соңғы кезде мен сенен басқа ешкіммен сөйлеспеймін, ешкіммен ой бөліспеймін. Тек қана Мекемтас газеттен қандай мақала оқығаны, кімнің кітабы жарық көргені туралы қысқа ғана мәлімет беру үшін хабарласады.
Сенімен миым жұмыс істей ме екен, істемей ме екен, тексерейін деп сөйлесем. Сөйлескенде маған ең керегі сенің қойған сұрақтарың. Оларға жауап беру үшін мен ойланам. Солай емес пе?
– Солай. Қазір сұрақ қояйын ба?
– Қойғын.
– «Қатын алма қайын ал» деген мақалға қалай қарайсыз?
– Кейбіреу: «Шіркін-ай, құда-жекжатымның бәрі бай, дәулетті, не үлкен қызметкер болса екен. Солардың көмегімен мен де қызмет сатысынан өссем» деп сандалады. Сен ондайлардың ешқайсысына мән бермейсің. Мән беретінің: «Пай-пай, не деген жанкешті адамдар. Ойпырмай, мұндай да құдіретті жандар болады екен-ау», – деген жалғыз тамсанып, таңдай қағу ғана.
Сен тіпті менің қасымда, көп алтынның ортасында жүріп тұлабойыңа ешқандай алтын ұнтағын жұқтыруды ойламайсың. Алтын жұқтыру деген сөз бай болу емес, ой-өрісіңді кеңейтіп, өзіңнің шығатын биіктеріңді анықтап, сол биіктерге апаратын жолдарды табуың. Ол не үшін керек? Ол көп ақша табу үшін емес, өзіңнің қолыңдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, рухани әлем шыңына жетуді ойластыру үшін керек.
Сенде: «Осы күніме Құдайға шүкір. Дабырасыз тер төгіп, тұлабойымдағы қасиетімді өмір сүрген ортама, келер ұрпаққа тастап кетсем» дегеннен басқа ниет жоқ. Менің бұл бағаммен келісесің бе?
– Келісем.
– Мен ешуақытта өмірдің түйіні ғылымда деп айтқан емеспін. Өмірдің түйіні ерлі-зайыптылардың сүйіспеншілігінде, одан кейін ақылда. Ауа, тамақ, ғылым – өмір сүрудің маңызды бір саласы. Адам ғылым, білім арқылы өмір жүгін жеңілдетеді. Ол басқа мәселе.
Баукең үнсіз қалып, қайта сөйледі.
– Сен ашық ауызсың. Сырыңды досыңа айтып, ол жұртқа жайып, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалайын деп тұрғаныңда, тағайындалмай қалдың. Сен бірінші хатшы болғанда, алдымен мені тұтқындар едің.
Мен күлдім.
– Сен бірінші хатшы болмай тұрғанда, о дүниеге аттанып кеткенім жақсы. Бірінші хатшы болған күні түнгі сағат үште адамдарыңды жіберіп, мені алдыңа алдыртар едің. Сенен ол шығады.
Мен қайта мырс еттім.
– Күлуіңе қарағанда, ойыңның төбесінен дөп түскендеймін. Олай ойламасаң, ашулануың керек еді.
– Сізге берілгендігіме көзіңіздің жетуі үшін мені әуелі бірінші хатшы етіп тағайындаңыз. Сізді ол күні қамамаймын, келесі күні қамаймын.
– Әзілдесе білу де – өнер, – деп Баукең аха-ха-халап күлді.
Біздің бұл секілді сөйлесуіміздің шегі жоқ…
– Әңгімеңізге рақмет, ағай, – деді ризашылықпен шәкіртім.
Мен студент Бауыржанмен кейін де сырласып жүрдім. Бір жолы оншақты өлеңін оқып, нағыз лирик ақын екенін мойындап, ой салсын деген мақсатпен кавказдық досым, ұлты қарашай Әзірет Ақпай ақынның басынан өткен бір оқиғаны айтып бердім.
Оның облыстық газетте істеп жүрген кезі екен. Үстінен Асанов деген қандасы жала жауып, тиісті орынға хат жазады. Оны Азрет іздеп тауып:
– Жаман іске араласқан екенсің. Бүйтпеуің керек еді. Енді болған жағдайды бастан-аяқ маған жазып бер. Өйткені, біріншіден, мен өзімнің арымды, екіншіден, ешқандай кінәсі жоқ, маған жақсылық жасаған адамның арын қорғауым керек. Ол менің парызым. Түсініп қой, қандай жағдайда да мен ешнәрседен шегінбеймін, – дейді даусын көтере сөйлеп.
– Маған облыстық орыс газетінің тілшісі Пышков деген кісі келді. Менімен жылы сөйлесіп, ресторанға шақырды. Біраз жүздеткен соң:
– Мені саған баспа директоры Әжиев әдейі жіберді, – деді. – Егер оның тапсырмасын орындасақ, екеуіміздің де кітаптарымыз кезек күтпей жарық көреді деп уәде берді. Сен анау редакциядағы Әзірет Ақпайдың атынан оның өлеңін аударған Ростовтағы ақынды жамандап хат жазуың керек.
– Темірлі неге жазбайды?
– Әжиевтың оған тапсыруға батылы жетпеді. Сенбейтін секілді…
Ішіп отырдық. Қаламын, қағазын ұсынды.
– Мен айтам, сен жаза бер, – деді. – Қалай келіскенімді өзім де білмей қалдым. Ол айта берді, мен жаза бердім. Арбап кетті… Қол қойдым. Кейіннен біраз өкініп, қауіптеніп жүрдім. Қанша ойлансам да «теріс іс еттім, жаңылдым» деуге батылым бармады, тәуекелім жетпеді. Оның мысы басып кетті. Облыстық газеттің тілшісі келіп айтқан соң… Әрі мұны жан баласы білмейді деп түйдім…
Оның жауабынан терең ойлауға ақылы жетілмегенін, онда ондай қабілеттің жоғын ұқтым. Асановтың түсінігін алып, Пышковтың жұмыс орнына барып:
– Ақылдасатын шаруа бар еді, – деп оны оңашаға алып шықтым. Асановтың хатын көрсетіп, «мәнісін түсінліріңіз» дедім. Ол хатты оқып отырып, қып-қызыл боп, жанын қоярға жер таппай қысылды.
– Мен қандай оңбағанмын! – Аузына басқа сөз түспеді. – Мен бұған қалай бардым?!…
– Сен өзіңе өзің дұрыс баға беріп тұрсың. Алайда маған жасаған пасық жамандығың үшін қалай жазалауым керек? Мен сені білмеймін, сен де мені білмейсің. Тек күнде көріп, сәлемдесіп жүрген жүз таныспыз.
Сен маған мына пасықтықты жасадың. Енді саған қандай жауап беруім керек? Мен де ер адаммын, намысым бар. Саған не істеу керегін өзің айт! Сенің айтқаның бойынша жазалайын.
– Мен кінәлімін. Қандай оңбағанмын?!.
– Сырттан көрінбегенмен жаның сондай лас. Ұрсам, қолым былғануы мүмкін. Мен саған тимеймін. Сен өзіңді өзің жазалап, міне осындай күйге түстің!.. Бар! Бара бер…
Ол өзін жоғалтты. «Жерде тұрақ жоқ, аспанда орын жоқ» дегендей терлеп-тепшіді. Алайда ол ұялып емес, жазалай ма деп қорқып тұрған еді.
Біз оның арынан айырылған мүсәпір екенін бұрын да білетінбіз. Әжиев секілді ол да тұрақтап қызмет еткен емес. Алдында ғана телестудияда істеді. Үйі телестудияның жанында еді. Бірде бөтен қаладан мас болып телефон соғады.
– Бұл телестудия ма? – дейді вахтер әйелге.
– Иә.
– Сізбен Пышковтың досы сөйлесіп тұр. Анасына хабар айтыңыз, ол қайтыс болды…
Осы тәріздес оның жұртты әбігерге салған кезі көп. Өзі имиген, жіңішке, істік мұрын, ұзын бойлы еді. Күлгенде де, сөйлегенде де сарғыш өңі сұрланып тұрады. Сары қасы сирек, құлағы кішкентай, мысық көз болатын. Бірінші көрген адамға «мынау парасатты, беделді адам шығар» дерліктей жақсы әсер қалдыратын.
Өмірде арамза, пасықтар – ызғар. Аяз гүлді үсітеді. Парасатты, ізгі жандар әлсіз. Себебі, олар өздеріне лайықты құралдармен ғана қорғанады, күшті бола бермейді. Біреуге жала жаппайды, өтірік хат жазбайды. «Бұлай етуге болмайды, ұят» деп өзін тежейді. Пасықтар бәріне барады. Соған қарамастан дүниеден өткен адамдардың көбісі өзінен кейін ізгілік, жақсылық қалдырып кетеді. Сондықтан адам қоғамында жақсылық көп, басым. Арамзалар қандай қарумен қаруланса да, түбінде жеңіледі. Өйткені адал, әділ адамдар көп. Қанша мықты болғанмен бір шелек бояу теңізді бояй алмайды ғой… Көп ұзамай Әжиев те орнынан ұшып кетті.
– Төңірегіндегі адамдар жек көрсе, ол кімге де аз жүк емес. Арсыз оны түк болмағандай көтеріп жүре береді. Соның өзінде оған жаның ашиды, – дедім мен сөз арасында.
– Ол рас. Амал қанша, сенен ұялып тұрмын. Ертең еліңе қайтасың. Мына бұлт апта бойы Эльбрус шыңын тұмшалап, сенен жасырғаны ұят болды. Ештеңе емес, келесі келгеніңде бұл жағдай қайталанбайды, – деді Әзірет сұңғақ бойын тік ұстап, Эльбрус шыңы жақтан ойлы көзін алмай. Кейде оның осы бейнесін сағынған кезде «Сергелдең» деген өлеңінің:
– Күздік боп қара жерге көмілсейші,
Сағымның беткейінде сырғанамай, –
деп аяқталатын соңғы екі жолын есіме аламын…
– Ағай, Баласағұни бабамыз: «Ізде ізгілік, қуанба құр жүргенге. Жақсы ат керек бұл өмірді сүргенге» деген ғой. Маған Бауыржан атамның, ақын Әзірет досыңыздың ой толғамдарын жақсы айттыңыз. Сеніңіз, мен де «сағымның беткейінде сырғанамай» із қалдыруға талпынам, – деді студент Бауыржаным толқи, тебірене сөйлеп…
Оның өмірден ерте озғанын естігенде: «Әттеген-ай, дүние жалған деген осы екен ғой. Қандай таланттан айырылдық. Оның бергенінен берері көп еді-ау. Амал қанша?» деп қимай өкінгенім бар…
Мамытбек ҚАЛДЫБАЙ,
филология ғылымының кандидаты

Таңдаулы материалдар

Close