Ádebıet
Мына жұрт Әлекеңді біле ме екен?!
(Соңы. Басы №8 санында)
Енді әкеміз Мейман Қожаназаров пен анамыз Анар туралы айтқанымыз жөн болар. Өткен тарихқа көз жіберер болсақ, қазақ қазақ болғалы өзі мекен еткен ұшқан құстың қанаты талатындай, ұлан- байтақ кең даласын сыртқы жаулардан қорғаумен келген. Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын жайма-шуақ күндері мол бейбіт өмір үшін толарсақтан қан кешкен, шыңдалған жауынгер халқымыздың кешегі Ұлы Отан соғысына қатысқан ұрпағы да өздерінің сақадай сай сарбаздар екенін тағы да дәлелдеді. Біздің халқымыз оларды қашанда мақтан етеді.
Жамбыл облысының Шу ауданында 1924 жылы дүниеге келіп, есейіп ер жеткен соң мұғалім болуды армандаған Мейман Қожаназаров өзінің жалынды жастық шағын соғыста өткіземін деп ойлаған жоқ еді. 1941 жылы әскерге алынған ол 1418 күн Калинин майданының 332-ші дивизиясындағы 119-шы полкінің 1-ші батальонында соғысты. Кейін Украина, Беларусия, І Балтық майдандарындағы шайқастарға қатысты. Осынау сұрапыл соғыстың соңына дейінгі жорықта әскери бөлімше командирі нағыз қазақ батырларына тән батылдық пен өжеттік, алғырлық пен тапқырлық, қырағылық сияқты барлық қасиеттер бойында бар екенін көрсете білді. 1943 жылы Украина майданында батальон командирі майор А.Евсеев екеуі орман ішінде үш неміс барлаушыларымен бетпе-бет келіп, автоматтан оқ жаудырып, екеуін о дүниеге аттандырып, біреуін тірідей қолға түсірген. Осылайша біздің әскер командирлерінен «тіл» әкетпек болған жау барлаушыларының өздерін қапы қалдырып, қақпанға түсіргендері үшін әкеміз М.Қожаназаров Ұлы Отан соғысының ІІ дәрежелі орденімен марапатталған.
Жоғары Бас қолбасшы Сталиннің бұйрығы бойынша Витьевск қаласын азат еткендері үшін «Алғыс хатын» 1944 жылы шілдеде бөлім командирі майор Блиндер өзі қол қойып, әкемізге табыс еткен. Бұл әкеміздің соғыстағы ерліктерінің бірі ғана. Соғыс кезінде үш рет ауыр, екі рет жеңіл жарақат алып, 1945 жылы өзінің туған еліне оралды. Ол кісі аққұба өңді, келбетті, етжеңді ірі денелі адам болатын. Домбыра, сырнай тартып, мылтық асынып салтқа шығатын кездері де аз емес еді. Ол кісінің майдандағы ерлігі туралы аудандық «Жаңа өмір», облыстық «Ақ жол» газеттерінде көптеген мақалалар жарияланған. Жамбыл облыстық телеарнасынан материалдар берілген. Бұрынғы «Казанка» қазіргі «Кәріқорған» ауылының орта мектебінде 1985 жылға дейін ұстаздық қызметті абыройымен атқарып, зейнетке шыққан. Сол жылғы наурыздың 11-і күні І дәрежелі Отан соғысы орденімен екінші мәрте марапатталған.
Әкеміз Мейман бейнеттің зейнетін бір жыл ғана көріп, 1986 жылы өмірден өтті. Өмірдегі өз парызын өтеп кеткен әкемізді ұрпақтары, ел-жұрты ұмытпайды. Кәріқорған ауылының орталық көшесіне ол кісінің аты беріліп, жыл сайын облыс, ауданаралық М.Қожаназаров атындағы бокстан өткізілетін турнирлер – әке рухына бағышталған жұмысымыздың бір парасы ғана. Жамбыл облысының орталық мұражайында, Тараз қаласының Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған аллеяда ол кісінің есімі мәрмәр тасқа қашап жазылған.
Сонымен бірге, сол кезеңде аудандық партия комитетінде жауапты қызметтер атқарған, кейіннен аудандық мәслихаттың хатшысы қызметінде болған Естемес Аманбеков, бірнеше жыл аудан көлемінде ұстаз болған, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан Сатаев әкеміздің сауатты, үлкен жүректі, елге сыйлы ұлағатты ұстаз болғанын айтып отырады. «Орнында бар оңалар» демекші, ұрпақтары әке салған сара жолдан айнымай келеді. Ұлағатты ұстаз, үлгілі отбасы Мейман әкеміз бен анамыз Анар төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жандар. Ол кісінің жолын қуған ұлы Шарханбек, келіндері Құрбанкүл, Бағдат, Шамкүл, Умиягүл, немерелері Аян, Клара, Мерей, ал, Арна Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде, Қуанар мен Майя Нұр-Сұлтан қаласында ұстаздық қызмет атқарып келеді.
Біздің үйде әкемізден мұра болып қалған, әрі сұрапыл соғыстың куәсі болғандай Ұлы Отан соғысы І, ІІ дәрежелі ордендері, 12 медаль және де ең құндысы, Германиядағы Совет окупациялық әскери Бас Қолбасшысы, Совет Одағының Маршалы Г.Жуков және әскери Одақтың мүшесі генерал-лейтенант Телегиннің 17-октябрь 1945 жылы әкемізге берілген Алғысхаты, 1948-1950 жылдары Жуалы ауданында қызметте болған, даңқты партизан, Ұлы Отан соғысының батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, жазушы Қасым Қайсенов визиткасын әкемізге батыр ағамыз беріп, анамыз Анардың қолынан дәм татқан екен.
Әжеміз Алиша, әкеміз Мейман туралы азды-көпті есте қалғанын қағаз бетіне түсірдім деп ойлаймын. Осы шағын естелігімде келтірген дәйектердің барлығы құжаттармен дәлелденген.
Ендігі кезекте Анашым Анар Жүзбайқызы, Қожаназар келіні туралы болмақ. Әңгіме барысында айтылғандай, 14 жасында келін болып түсіп, соғысқа кеткен әкеміз Мейманның аман-есен келуін тілеп отыруын «жақсы ырым- жарым ырыс» дегендей, жақсылыққа жоруын ежелден атам қазақ білген-ау шамасы. Әкеміз сұрапыл сұм соғыстан үшінші топтағы мүгедек болып оралған соң, анамыз бірнеше жыл құрсақ көтермей, небір әулие-көріпкелдерге, балгерлерге, емшілерге барыпты. Содан Құдайдың көзі тура болып, Сәуле атты қызды дүниеге әкелген, бірақ ол шетінеп кетіп, тағы да бірнеше жыл құрсақ көтермей жүреді. Содан 1953 жылы 4 шілдеде дүниеге мен келіппін. Сол кезде елдің арасында жазушы, ақын Ізтай Тұрғамбетовтың «Рүстем-Дастан» деген әлқисса жырын ауылдың ақсақалдары «бас-сирақ», «соғымбасы», «қымыз жора», «той-томалақ», ас беру сияқты басқосуларда балаларға жарыса оқытып отырады екен. Дастан кейіпкері Зал батырдың баласы Рүстемдей болсын деп ат қойыпты. Содан анамыз дүниеге Жандосбек, Шарханбек, Арыстанбек деген төрт ұл, Балхия, Айна, Рауан, Замза деген төрт қызды дүниеге әкеліп 2010 жылы дүниеден озды. Анамыз салмақты, ағайынның ынтымақ-берекесін ойлайтын, қолы ашық, қонақжай, есігінен қонақ үзілмейтін жаны таза, жүзінен мейірім төгіліп тұратын жан болатын. Ол кісінің қолынан батыр Қасым Қайсенов, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза сынды еліміздің біртуар ұлдары дәм татқан.
Марқұмдардың жатқан жерлері жәннатта болып, иманы салауат болсын. Артында қалған ұрпақтарын желеп-жебей жүрсін деп әжеміз Алиша, атамыз Қожаназар, әкеміз Мейман, анамыз Анардың әруақтары ырза болсын!
Шарханбек Қожаназаров.
Кәріқорған ауылы