Ádebıet

Абайдың: «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап» өлеңі туралы

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап». Осы бір өлеңді толық түсініп, көңіліне бекіткен адам ешқашан адаспайды. Өзіне сенімді, сыпайы, салмақты, қызба емес, бос сөз сөйлемейтін, өз орнын білетін адам болады. Оқып көрейік:
Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,
Әуре етеді ішіне қулық сақтап.
Өзіңе сен өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап.
Өзіңді сенгіштікпен әуре етпе,
Құмарпаз боп мақтанды қуып кетпе.
Жұртпен бірге өзіңді қоса алдасып,
Салпылдап сағым қуған бойыңа еп пе?
Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме,
Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме.
Жүрегіңе сүңгі де, түбін көзде,
Сонан тапқан – шын асыл, тастай көрме.
Міне, осы үш ақыл: 1 – өзіңе сен, 2 – мақтанды қуып кетпе; 3 – жүрегіңді тыңда. Абайдың осы өлеңі кез келген жанға бағдаршам, бойтұмар дер едім.

«Шын мәнінде ұлы екенсің, Абай…»

«Абай – ұлы ақын» деген сөзді ауызбен айтқанмен еш нәрсе өзгермейді. Егер Сіз оның шын мәнінде ұлы екенін жүрегіңізбен ұғып, өзгеге дәлелдей алмасаңыз, бәрі – бос сөз болмақ. Өзіңізді тексеріңізші, Сіз ұлы Абайдың бір өлеңін, бір қара сөзін жатқа айта аласыз ба? Сізге шет елдің адамы: «Сіздердің ұлы ақындарыңыз Абай ғой, соның бір өлеңін оқып беріңізші» десе, оқи аласыз ба? «Ал, білмеймін, онда тұрған не бар?» деп, ойлайтын шығарсыз. Әрине, онда тұрған түк жоқ. Бірақ өкінішті. Сіз өз ұлтыңыздың ғұламасын, асқар биігін танымағансыз. Сіздің жүрегіңізде қазақ деген халықтың рухани төл құжаты – Абайға деген мақтаныш сезім болмаса, оны тудырған халыққа да құрметіңіз аз ғой деген ой өзінен өзі келеді.
Абайдың ұлылығын біреулердің айтқаны арқылы мойындамаңыз. Өзіңіз оқып, сезініп, жүрегіңізге жеткізіп барып: «шын мәнінде ұлы екенсің, Абай» дегенге жетіңіз.

Қазақ тілін сақтау

Көп тілді білудің еш жамандығы жоқ. Жаманы сол – өз ана тілінде сөйлемеу.
Тілді тазарту мәселесіне шындап, бүкіл ел болып кірісу қажет. Алдымен ақпарат құралдарындағы, интернеттегі, қолдан түспейтін телефондағы тілді шұбарсыз, көркем ету қажет.
Әлемнің Жеті кереметтері көп. Ал біздің халықта бір ғана керемет бар. Ол – қазақ тілі. Киелі қазақ тілінің шырағын сөндірмей өз ұрпағына аманаттап жеткізген ата-бабаларымыз қаншалықты парасатты, терең ойлы болған десеңші! Ұлы Абай да, одан бұрынғы Бұқар жырау, Махамбеттер де, Алаш арыстары да, Бауыржан Момышұлы, Мұқағали, Қадыр, Тұманбай, Әбіш, Фаризалар да қазақ тілінің шырақшылары болған. Ендігі жерде бұл қасиетті тілдің, тұлпар тілдің, сылдыраған бұлақтай таза тілдің тағдырына жауап беретін сендерсіңдер. Шырағын өшірмейтін сендерсіңдер. Енді бір жиырма жылда Тілімізді сақтап, қажеттілігін сезіндіре алсақ, сендіре алсақ, одан кейін Тіліміз өлмейді. Қазақ халқы еңселі ел болып, өз тарихын, тамырын, тілін, дәстүрін іздейтін болады.

«Мен – адаммын!» дей аласыз ба?

Абай «Толық адам» деген түсінікті қалыптастырды. «Толық адамды» әр адам әртүрлі ойлайды. Біреулер үшін ол «жан-жақты дамыған адам», «білімді адам», «мәдениетті адам» т.б. Абай түсінігінде ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұстаған адам толық адам. Ендеше тағы да Абайдың өлеңін оқып көріңіз.
Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек,
Жылытқан тұла бойды ыстық жүрек.
Тоқтаулылық, талапты, шыдамдылық –
Бұл қайраттан шығады білсең керек.

Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста,
Сонда толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жарытпайды,
Жол да жоқ жарым есті «жақсы» демек.

Ақыл да, ашу да жоқ, күлкі де жоқ,
Тулап қайнап бір жүрек қылады әлек.
Біреуінің күні жоқ біреуінсіз,
Ғылым сол үшеуінің жөнін білмек.

«Сіз шын ғашық бола біліңіз!…»

Адам баласының сезімі ол тіл жеткісіз ғажап құбылыс қой. Жастықтың қуатына сай сезімі де күшті болады. Шын сүйе білу – бақыт, сүйікті бола білу – одан да үлкен бақыт. Шын сезімді қастерлеп, құрметтей білу керек. Жақсы көру сезімі кей-кейде бір жақты болады да, оның қуанышынан қайғысы көп болады. Адамның сезімін құрметтеген дұрыс. Тіпті, сезіммен жауап берер жауабыңыз болмаса да, мазақ етуге, күлкі етуге құқыңыз жоқ. Сыйлаңыз, дос болып қалыңыз. Махаббаттың оқуы жоқ, оны ешкім оқып білмейді. Ол – жүректің ісі. Ал, Абай дана болса, өз сырын өлеңмен былайша жеткізеді.

Ғашықтық, құмарлық пен – ол екі жол,
Құмарлық бір нәпсі үшін болады сол.
Сенен артық жан жоқ деп ғашық болдым,
Мен не болсам болайын, сен аман бол.

Көңілімнің рақаты сен болған соң,
Жасырынба, нұрыңа жан қуансын.
Бірге жаққан біреуге жақпаушы еді,
Сүйкімді тірі жанға неткен жансың?!

Fашықтық келсе, жеңер бойыңды алып,
Жүдетер безгек ауру сықылданып.
Тұла бой тоңар, суыр үміт үзсе,
Дәмеленсе, өртенер күйіп-жанып.

Біз кейде былай ойлаймыз, Абайдың ұлы, «толық ақын» болуына Тоғжандай қызды сүюі де себеп болған шығар? Жүрегінде ұлы махаббаты бар адамдар ұлы дүниелер тудыруға, ұлы жаңалықтар ашуға бейім болады. Тоғжанға арналған мына екі шумақ өлеңде қаншама сыр, қандай сезім, тазалық жатыр десеңізші!
Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде, сірә, сендей маған жар жоқ,
Саған жар менен артық табылса да.

Сорлы асық сарғайса да, сағынса да,
Жар тайып, жақсы сөзден жаңылса да,
Шыдайды риза болып жар ісіне,
Қорлық пен мазағына табылса да.

Өмір – бәйге, сол үшін жақсы жолдас табу керек

Өмір – бәйге. Ал жалғыз адамға бәйге болмайды. Жарысатын, бірге шабатын өр, ер жігіттер, азаматтар қасыңызда болса, ол жарыс мәнді де қызық болады. Бәйге деп астарлы түрде айтып тұрғанымызды түсінерсіздер. Өмір сапарда барлық қызмет, іс-әрекет, соның бәрінде адал дос, жақсы жолдас керек. Абай «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» деген өлеңінде сондай жолдас табу керек екенін айтады. Жолдас табуда, жаңылыспау керек дейді.
Жігіттер, ойын – арзан, күлкі – қымбат,
Екі түрлі нәрсе ғой сыр мен сымбат.
Арзан, жалған күлмейтін, шын күлерлік
Ер табылса жарайды қылса сұхбат.

Кейбіреу тыңдар үйден шыққанынша,
Кейбіреу қояр көңіл ұққанынша.
Сөз мәнісін білерлік кейбіреу бар,
Абайлар әрбір сөзді өз халынша.

Кемді күн қызық дәурен тату өткіз,
Жетпесе біріңдікін бірің жеткіз.
Күншіліксіз тату бол шын көңілмен,
Қиянатшыл болмақты естен кеткіз.

Бір жерде бірге жүрсең басың қосып,
Біріңнің бірің сөйле сөзің тосып.
Біріңді бірің ғизәт, құрмет етіс,
Тұрғандай бейне қорқып, жаның шошып.

Жолдастық, сұхбаттастық – бір үлкен іс,
Оның қадірін жетесіз адам білмес.
Сүйікті ер білген сырын сыртқа жаймас,
Артыңнан бір ауыз сөз айтып күлмес.

Жуалы ауданының Құрметті азаматы, Назарбаев университетінің профессоры
Гүлтас Сайынқызының
«Қоңырау» атты кітабынан
(Жалғасы бар)

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close