Ádebıet
Баспасөздің майталманы
Әріптес ағаң туралы мақала жазу оңай шаруа емес. Оның өзі асқаралы алпыс жасқа толып отырса. Мұндайда тағы үнсіз қала алмасың анық. Қалай шығар екен деген қобалжу да болатыны сөзсіз. «Жығылсаң, нардан жығыл» демеуші ме еді дана халқым. Сол айтпақшы, нардың жүгін арқалаған «Ақ жолдың» нар тұлғалы азаматы Ақылжан Мамыт туралы қал-қадірім жеткенше қалам тербеп көрейін деп белді бекем буынған жайым бар.
Нар тұлғалы деп журналист ағамды бекер мақтап отырғаным жоқ. Расы солай. Қаламы қарымды, көтерер жүгі салмақты Ақылжан Қорғанбайұлын Жуалы жұрты ғана емес, облыс тұрғындары мақтан тұтады десем, артық айтқандығым болмас. Өзім аудандық газетте қызмет атқарып жүргенімде ол кісі туралы жақсы пікірлерді аудан тұрғындарынан көп еститінмін. Іссапармен ауылдарға жиі шығамыз ғой. Барған жерімізде аға буын өкілдері: «Ақылжан Мамытты білесіңдер ме?» деп сұрайтын. Қалай білмейміз? Білеміз дейміз ғой салған жерден. Сөйтсек, ағамыздың оқырманы бұрыннан-ақ көп екен. Олардың дені Ақаңды аудандық газеттен жақсы білетін болып шықты.
Сексенінші жылдары аудандық «Жаңа өмір» газетіне тілші болып орналасқан ол редактордың орынбасары лауазымына дейінгі өсу баспалдағынан өтті. Соның ішінде 5 жыл бөлім меңгерушісі, 7 жыл редактордың орынбасары қызметін абыроймен атқарыпты. Жалпы қайта құру мен тәуелсіздікке қол жеткізген алғашқы жылдарда шешімін күткен мәселе жетерлік болды. Сол тұста Ақылжан аға газет бетінде ауыл проблемасын көтере отырып, биліктің назарын соған аударуға тырысқан-ды. Бүгінде «Жасыл ел», «Жасыл белдеу» деп жаһанға жар салып жүрміз ғой. Бұл экологиялық мәселені білікті журналист сексенінші жылдардан бастап көтерген еді. «Туған жер тағдыры толғандырады», Туған жерді түлетсең» сынды мақалалары көпке қозғау салған-ды. Оның бұл бастамасынан кейін ауданда жаппай колхоз, совхоздарда тал-дарақ отырғызу үрдісі қалыптасып, шағын ормандар пайда болды. Бүгінде сол теректер құрылысқа пайдаланылуда.
Аудандық газетте қызмет ете жүріп шыңдала түсті. Әкесіндей қамқорлық көрсеткен алғашқы редакторы Әбдіғапар Айтоқұлының көп тәрбиесін алды. Одан кейін басшылыққа келген ақын Мырзахан Ахмет пен Мейірбек Мәтенов сынды ағаларынан да үйренері көп еді. Ол кісілердің ақыл-кеңестері облыстық «Ақ жол» газетіне ауысып келгенде көп көмегі тисе керек.
Ақылжан ағаны өзім 1996 жылдан бері танимын. Бұл жылы ол облыстық газеттің қара шаңырағы саналатын «Ақ жол» газетіне жұмысқа орналасқан екен. Онда мен Тараз педагогикалық институтының студенті болатынмын. Жаңадан бірнәрселерді жазған болып, жүрген кезім. Соны осы кісіге көрсет деп оқытушым жұмсаған еді. Ақылжан аға мені жылы қабылдап, шығармаларымды қарап, бағыт-бағдар берді.
Ақаң әдебиетпен де біркісідей айналысқан қаламгер. Дені балаларға арналған шығармалардан тұратын. Әңгімелері аудандық, облыстық газет беттерінде жарық көрген. Тырнақалды туындылары «Айтылмаған алғыс» атты кітапқа енген. Қаламгердің шығармалары ізгілікке құрылған дерсің. Бұлақ басындағы әңгімесінде бір ғана оқиғаны суреттей отырып, жастарды Отанды сүюге, туған жерді қадірлеуге, оның суы мен саф ауасын бағалай білуге үндейді. Ең бастысы, әңгімелерінің айтар ойы, көтерер жүгі салмақты. Жұмысбасты болып жүріп кейінгі жылдары жазбай кеткені болмаса, алдағы уақытта ағаның қолға алатын бір ісі осы болады деген сенімдеміз.
Жаңа орта, жаңа ұжым оның екінші тынысын ашқандай еді. Мұнда есімі елге, республикаға танымал Әлдихан Қалдыбаев, Бақытяр Әбілдаұлы, Рахметілда Құдабай, Тұрсынхан Толқынбаев және Елен Әлімжан сынды ағалармен қызметтес болып, оларға алғыстарын айтып жүреді. Олардың қамқорлығын сезіне жүріп, мұнда да өзекті мәселелерді дер шағында көтере білді. Сондай-ақ «Ақ жол» газетін бір кездері басқарған Мақұлбек Рысдәулет, Ғалым Қасабай, Қуаныш Иембердиев, қазіргі бас редакторы Көсемәлі Сәттібайұлының тапсырмасымен де көптеген мақалалар жазып, мәселелер көтерді.
Көптеген журналистің индустрия, экономика және ауыл шаруашылығы мәселелерін көтеруге тісі бата бермейді. Сондықтан да жауапты саланың жүгін арқалаған Ақаң «Ақ жолдың» да қара нарына айналған еді бұл жылдарда.
Амангелді газын іске қосу жөнінде өзге журналистермен бірге газет бетінде мәселе көтерген де Ақаң болатұғын. Осы мақалалары үшін ол «Жылдың үздік журналисі» атанып, газеттің өнеркәсіп бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалды. 2003 жылы Т.Рысқұлов ауданында жер сілкініп, тұрғын үйлерге айтарлықтай залалы келген тұста да айлап жатып апат аймағынан табылды. Тұрғындардың мәселесін көтеріп, олардың үйлі болуы мен әрбір жылт еткен қуаныштарына ортақтаса жүріп төрт айда ауданнан 29 мақала дайындапты. Одан бөлек өңірдегі химиялық зауыттардың қайта жандануын жазды. Іргемізден өтіп жатқан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің стратегиялық маңызы туралы, оның жақын болашақта өңір экономикасына әкелер үлесі жайлы сараптамалық мақалалар дайындады.
Сондай-ақ оның қаламынан «Қасқырлар қашанғы еркінсиді?», «Пәтер иелері кооперативінің келешегі бар ма?», «Тал-дарақсыз жер тұлдыр», «Тараздағы тозған тұрғын үй қоры» секілді проблемалық мақалалары оқырмандар тарапынан жоғары бағаланды. Ол жүзге жуық очерк жазды. Тамаша адамдардың табиғатын ашып көрсетті. Аудармамен де білек сыбана араласты. Сонымен қатар қарымды журналист, қабырғалы қаламгер Ақылжан Мамыттың қаламынан «Болмысы бөлек Боранқұл», «Өнеге өрісі» атты кітаптар дүниеге келді.
«Шәкіртсіз – ұстаз тұл» дейді. Сақа журналистің тәрбиелеген шәкірттері көп-ақ. Олардың қатарында бүгінде есімдері өңірімізге белгілі азаматтар баршылық. Солардың қатарында Талғат Талапұлы, Бекнұр Сатыбалдиев, Есет Досалы, Шынар Сағиева,Элвира Жарылқасынова, Жасұлан Сейілхан, Тұрсынбек Сұлтанбек, Жанғазы Ахмет, Жанат Қапалбаева, Нұрым Сырғабаев сынды қалыптасқан журналистер бар. Ол шәкірт тәрбиелей жүріп «Ақ жол» газетінде бас редактордың орынбасары, бірінші орынбасары қызметтерін де абыроймен атқарды. Ақаңның бүгінде еңбегі де елеусіз, ескерусіз емес. Тәуелсіздіктің 20 және 25 жылдық мерекелік, ауыл шаруашылығы саласының салалық медальдарын иеленген.
Негізі, бүгінде «төртінші билік иесі» атанып жүрген журналистер қауымының дені ақын, жазушы, әнші, күйші, сазгер болып келеді. Өнердің осынау түрлерінен Ақаң да құралақан емес. Әйтсе де оның әншілік пен күйшілікке бейімділігі басымдау. Ол – шанағы қомақтылау келген домбырасын қолға алып, салалы саусақтарымен қос ішекті саумалағанда, бойыңды баураған күй сазы жан дүниеңді балқытып, қиялыңа қанат бітіреді. Ал, кең тынысты қоңырлау дауысымен асқақтата ән шырқағанда тыңдаған қауымның көңіліне нұр құйылып, жүзі жадырайды. Соған орай, ол көпшіл, бауырмал, қайырымды, адамгершілігі мол, ұлтжандылығы мен азаматтық белсенділігі жоғары, имандылық пен инабаттылықты биік мақсат тұтқан азамат. Үлгілі отбасының отағасы. Ақаң көтерген мәселелер оны елге танымал етсе, оған Құдай қосқан жары Нағима жеңгеміздің де үлесі мол. Қызы Еңлік ТарМПИ-де оқытушы. Ұлы Ақжол ТарМУ-дың студенті.
Асқаралы 60 жасқа толған Ақылжан ағам жарты ғасырдан асар биігіне осылайша абыроймен келіп отыр.
Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист