Ádebıet

Бауыржан Үсенов өлеңдері

Қара машина

Үш ұлы адам дарын ескен түрінен,
Келбетіне Құдайдайын үңілем.
Бір-ақ жылда қайтыс болған, тарихи,
Құбылыс деп ойлайтынмын мұны мен.

Бір тынбаған қамын ойлап халықтың,
Күреңітіп тұрмасын деп жарық күн.
Бірақ халық жауы болып ұсталып,
Кеткендігін кейін біліп, қамықтым.

Естеліктер жазып жүрген сан адам,
Бірақ бүгін көрінбейтін арадан.
Қалайша жау қазақ әдебиетінің,
Іргетасын құлдар құсап қалаған?!

Адамзаттың ажарлысы, өзі ақын,
Қазағым деп қамшылаған боз атын.
Сырнай үнмен әсем әнін созатын,
Жан бар ма еді Сейфуллиннен озатын?!

Алатаудан Ақсу болып бұрылған,
Қыран жырды қайыратын қырымнан.
Жансүгіров емес пе еді Құлагер,
Ол қалайша айбалтаға ұрынған?!

Талантына табынам мен қай елдің?
Мен өзімнің қазағымнан май емдім.
Бейімбеттің жазығы не, паш еткен,
Еркек түгіл коммунисін әйелдің?

Қалайша жау ардагерлер топ жарған?
Ақиқатын сұрадым мен көп жаннан.
Қырандарға көкте қанат қағатын,
Кімдер екен, кімдер екен оқ жонған.

Оларға оқ жаумағаны хақ көктен,
Жауабы жоқ, жаныма осы батты өктем.
Бірде біреу деді: «Оларды бір түнде,
Қара машинамен келіп ап кеткен…»

Қалың топты жарып шыққан мергенді,
Қазақ қашан асылына теңгерді?
Қолымызбен ұстап берген ерлерді,
Іздегенмен тірілтпейсің сен де енді…

Содан бері шошынамын дүсірден,
Содан бері көз алмаймын мүсіннен.
Қараңғы түн, қап-қара бір машина,
Шықпай қойды, шықпай қойды түсімнен.

Әлі алдымда батпағым көп кешпеген,
Көкеймде құпиям көп шешпеген.
Шындық жайлы айта берсем, бір түнде,
Қара машина ап кетердей сескенем…

 

Бүйрек
туралы жыр

Бір өксік алқымыма кеп тұрады,
Шулайды көңілімнің көк құрағы.
Бұйығып бүйірімде бүлкілдеген
Бүйрегім түбі мені жеп тынады.

Бұл жағдай айқын болды атқан таңдай,
Жүрсем де тірлік кешіп саптан қалмай.
Қараймын болашаққа күдікпенен,
Алдымда күтіп жатқан қақпан бардай.

Демі өрт, жүзі жарқын, ұраны әсем,
Жиырма бес, жолықтың ба жыраға сен?
«Кеп қалса», қиналғанша, көнер едім,
Кетеді-ау тағдырыма бірақ есем.

Қасқырдың үйіріндей қоршап қайғы,
Құралай үміт менен алшақтайды.
Қазы жеп, қымыз ішер қыр қазағы
Қалайша сүт көжемен жан сақтайды?

Бүйректен бөлінген у басқа шауып,
Шаба алмай, қан қақсайды қасқа шабыт.
Мезгілсіз тасырқады өлеңім де
Кезінде сынайтұғын тасқа салып.

Жарасар жастық шақта бәрі дедік,
Бірқатар дос-дұшпанға мәлім едік.
Жүйкемді көп жұқартты емшілер де,
Қырығы қырық түрлі дәрі беріп.

Төгуші ем той-думанда таңдайдан ән,
Білтесі бітетұғын шамдай жанам.
Елемей өткізіп ап жылым дертті,
Шыбықша қурағаның қандай жаман?!

Әйтеуір, бір келеді қаза деген.
Кетеді, соны ойласам, маза менен.
Әйтсе де, мойынсұнбай,
Қаламсабым
Қолымнан түскенінше жаза берем.

Бас та өлең, бауыр да өлең, бүйрек те өлең,
Ақынды ажалың да күйретпеген.
Кеудемде жүрек-бұлбұл шыр-шыр етіп,
Көшімді Күншығысқа сүйреп келем.

 

Көңілдің кейбір сәттері

Сырбазсыман, сыр ашып сөйлегесін,
Мен өмірден түңілем кейде, досым.
Шалғайымнан тартқандай шиебөрі,
Шөлде қалып қойғандай бейне көшім.

Бұлақ мұзға айналып кететіндей,
Құлағымнан жел сарнап өтетіндей.
Мұрат шіркін, пенденің пәруана боп,
Мәңгі жете алмайтын бекетіндей.

Бұлбұлымды бүргендей қаршыға кеп,
Болысам деп жүрегім шаншып әлек.
Көкірегімді аршыған кеме мұңнан,
Айқайлауда ол сығыр: «Аршыма»- деп.

Бәйге-құнан аяғын сындырғандай,
Сындырғандай, мұң шағып шыңғырғандай.
Не болды деп күрсіне,
Жігерімді осынша құм қылғандай.

Мені тастап достарым кеткен сынды,
Қаға алмайтын Мұңлықпен беттен сұмды.
Сіңіре алмай санама отырамын,
Самал болып еркелеп жеткен сырды.

Айналамдағы еш нәрсе қызық емес,
Жатады өтіп көзімнен үзік елес…
Бар адамның басында болатын жай,
Мықты болсаң елесті бұзып егес.

Жыр құрадым таба алмай толымды ырғақ,
Сықылықтап күледі сорым жырлап.
Тұман-тұман ойлардың түкпірінен,
Тіршіліктің маягі қолын бұлғап.

 

 

Сұңқар-қиял

Сұңқар-қиял,
ал енді Самға, самға,
Сүйегіне иеңнің таңба салма,
Жеті қабат көкке кет,
Зарыққанда
Жерге келіп қонарсың анда-санда.

Томағаңды сыпырдым,
Жөнел, кәне,
Жұлдыздан да алып кет өлеңді әрі,
Кеуде жарып шығардай аласұрған,
Табылады жүрекке сенен дәрі.

Сұңқар-қиял
Сыйынған пайғамбарым,
Сеземісің сұрапыл майдан барын.
Қамал бұзар жиырма бес,
Келіп қалды
Жердің шарын бір рет айналмадым.

Сұңқар-қиял
Топшыңды жайға жаны,
Шамырқансын шабыттың тай қазаны
Мекеніне жасынның жете алды екен,
Жыр баптаған даланың
Қай қазағы.

Сұңқар-қиял,
Сия көк аспан мекен.
Қанатыңның қайғысы дастан ба екен
Сенің әрбір сәттерің төмендеген
Менің қызыл қанымды шашқанға тең.

Сұңқар-қиял
Бір сәт те төмендеме,
Өмірде де
Өлшем жоқ өлеңде де.
Төмендесең талқан қып сенімімді
Тұғырыңа қайтадан келем деме,
О, сұңқар қиял!

 

Көгілдір сағым

Жабырқасам, көзіме жас келеді,
Жанарларың бұлтсыз аспан еді.
«Ай, жеттім-ау» дегенде бұлың етіп,
Алдап кеттің сағымдай сәскедегі.

Қабылдамай, жанымның ымырасын,
Қаштың менен,
Көтермес мұны басым.
Күдерімді үзейін десем енді,
Көкжиектен тағы да құбыласың.

Аспан кезді баянсыз бағым менің,
Айдаладан арбаған сағым ба едің?
Самал болып есе алмай,
Саған қарай,
Шаруасы шалқайып шабылды ерің.

Бозторғай да атыңды айта берді,
Періштең не, кеудемде сайтан өлді.
Мәңгі аңсайтын бір арман керек шығар,
Сағым болсаң-сағым бол,
Қайтем енді…

 

Самғау

Менің ұшқым келеді биік-биік,
Бұлттарменен тигізсем иыққа иық
Содан кейін түйіліп төмен қарай,
Жыр нөсерін жіберсем құйып, құйып.

Су-су болып жүгірсе жайран қағып,
Қара өлеңді сағынған қайран халық.
Таңдай қағып, сан соғып, шапалақтап,
Думан қалып жайына, сайран қалып.

Шамаң жетсе ұшқанға не жетеді,
Бәрімізге бір самғау қажет еді.
Ұшам десең, қылтиған қанатыңа,
Сөзі өтеді біреудің, көзі өтеді.

Шамам жетсе ұшар ем айдан әрі.
Мүмкіндік бар шолуға айналаны.
Ең жақсысы ол жақта естілмейді,
Ұша алмайтын «жандардың» байбаламы.

Өлең-мені биікке жалғап өт сен,
Өз обалым өзіме шаңға бөксем.
Армансыз-ақ өтер ем, әз халықтың,
Аспанынан бір рет самғап өтсем…

 

 

Ауыл түні

Тоңазыдым,
Түн бүгін салқын ба еді?
Таулы ауылым сынап тұр бәлкім мені.
Мына жақтан шу етті бір қора ит,
Ана жақтан әңгі есек әңкілдеді.

Сылдырады сонан соң құлын үні,
Батпаққа мас бақалар шұры-бұры.
Қойнау жақтан у-һу деп үкі үн берді,
Түн жамылып құтырған зұлым ұры.

Күркірейді тоғайда сарқырама,
Құю үшін теңізге алқына ма.
Жолаушыға жөн сілтер Темірқазық,
Мұхитында жұлдыздың жалқы дара.

Алтын теңге сияқты ай да толық,
Тоған жатыр жарқырап сайға толып.
Жағасында жантайып қырман жатыр,
Тастағандай алтыннан қойма төгіп.

Қызыл отау жақтағы тамашаны,
Көріп қайтсам, әрине, жарасады.
Бастырмасы көршінің тасырлады,
Бүгін бәйге қаракер тау асады.

Тәтті түтін аралас ауа қандай,
Тәтті ауада дәм бардай, дауа бардай.
Ит келді ме,
Қаз-үйрек шарбақтағы,
Қиқу салды бір ауық жау алардай!

Теңгермейтін ханыңа, қарашыға,
Бәйек болып анам жүр баласына
Жүрек, шіркін, барады алып-ұшып,
Кеттім, апа, жастардың арасына.

 

Ән

Ән бар еді,
Бір әнім,
Шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын.
Қолтық сөгіп, көсіле шаппаған соң,
Кімге керек кібіртік құр аяңым?

Ән бар еді,
Әнімді неге ұмыттым?
Жарқырап күн, тұратын төгіліп түн.
Қадам сайын қанатқан балтырымды,
Құрбаны боп кеттім бе жөгіліктің?..

Ән бар еді,
Сырлы да, мұңды да еді,
Талай ару тамсанып, үлбіреді.
Өмір жайлы ой толғап өзге жақта,
Өзімді іздеп жүр ме екен, кім біледі?

Ән бар еді,
Иесі мен емес пе ем?
Балдырғанды өлкеде Кенен өскен.
Шошыды ма тірлікпен ғұмырымды,
Жүргенімде өткізіп ерегеспен?

Ән бар еді,
Аққудың сыңсуындай,
Жүрегімді тынбайтын бір суырмай.
Жан-дүниемді сығады сұм өкініш,
Оттан шыққан қып-қызыл шымшуырдай.
Көбелектің көгілдір қанаты еді,
Атасы – нұр,
Ақша бұлт – ана тегі.
Көкірегімнен «әу» десем, аққу емес,
«Қоңыр үйрек» бұл күнде дар етеді.
…Ән бар еді, бір әнім, шынайы әнім,
Ұмытып қап әуенін мұңаямын…

 

 

Жапырақ жайлы
бір өлең

Кеше ғана биікте ең,
Бүгін жатсың табанда.
Жапырақ-ау, жағдайың тимеді оңай маған да!
Құлағанды биіктен
Кім сыйлайды бұл күнде?
Қансыраған жүректей жерде жатып бүлкілде.

О, бүлкілде, бүлкілде,
Шірігенше бір тынба.
Ағаш сені не қылсын, қабығы бар сыртында.
Бұтақ сені неғылсын, тамырлар бар нәр берер,
Қыстай қатып,
Көктемгі жылылықпен әлденер.

Жапырақ-ау, жапырақ,
Сары аурудай сарғайған,
Ғұмыр дейтін –
мәңгілік таусылмайтын қан майдан.
Құладым деп қамықпа,
Өлдім ғой деп түңілме,
Терегіңнен серейген дің де қалмас түбінде.
Алты ай бойғы армансыз
Ғұмырыңа тәубе де,
Сені таптап жүргендер түсе берсін әуреге…

 

 

Шабыт
көкпары

Көңілдің көк дөнені ал, кісіне,
Жараспас жабы тірлік сал кісіге.
Соқтырып жөнелейін, мініп бүгін,
Шабыттың белі жуан, әлдісіне.

Сандалкөк-сауран тектес додаға кір,
Ой-қырды келтірейін тобаға бір.
Сүрінсең бұл сіркілде, атпазына,
Боп қалсын мәре болған оба қабір.

Серкені сексен қадақ бұйым көрмей,
Іс қылсам дос-дұшпаным күйінгендей.
Жеткенін шашып кетсем,
Мәселенки,
Долы жел құмнан құйып үйіргендей.

Па, шіркін, тартыс буы желіктіріп,
Жіберсем аспан астын бөріктіріп!
Көкпарды сағынған ел жер көшіріп,
Қол соқса қызығыма өліп тұрып.

Дүрмектің шамға көміп тамам бозын,
Келгенде, салса арулар маған көзін.
Қорғаған намысыңды қайран өлең,
Мен де бір жалғыз атты шабандозың.

Жалғыз ат, жалаң қылыш-ердің бағы,
Дәмелі бір бүркіттен елдің бәрі.
Сапары үзілмесе үйден шыға,
Салармын салымыңды зәңгірге әлі…

 

 

Музаға сыр

Бозбала – өзі хан, өзі бай,
Бақыттан жайнаған көзі де.
Енесін іздеген қозыдай,
Емініп ұмтылды өзіңе.

Жаза алмай шекесін көмді тер,
Жия алмай ойларын шашылған.
Мейірім іздеп жүр сергітер,
Самал боп сипашы басымнан.

Құлын ем босаған желіден,
Құлдырап жүгірген қыратта.
Айырылмас дос болған сенімен
Сезімтал жанымды жылатпа.

Өзің ем мұңымды шағатын.
Қуансам өзіңе ұшқан ем.
Бекімей жатса да қанатым,
Қырандар көретін түс көрем.

Жастықтың қайғысыз күндерін,
Деген ем жазамын тасқа өріп.
Әйтсе де, көзімде тұр менің
Бір өлең мөп-мөлдір жас болып.

Сезімді оятқан гүл едің,
Күбірлеп айтатын сан дастан,
Сен маған көрінбей шынымен,
Өстің бе шыңдарға қар басқан?

О, муза, демі өрт, қыз ерін,
Мәжнүн қып өмірден өтпе сен.
Мен сенің гүліңді үземін,
Тек өзім үзіліп кетпесем.

Таңдаулы материалдар

Close