Ádebıet
Сейсеп қыздың зары
Қазыналы қырық қатарлы қарт Қаратаудың шығыс Билікөлге қараған шатқалының бірінде Белбұлақ аталатын шағын ауыл болған.Осы жерде Байбол есімді құттықтың үш ұлы,алты қызы болған.Үйелмелі-сүйелмелі өскен алты қыздың алтауы да өнерлі,көрікті әрі айтыс өнеріне бейім болып өседі.Сондықтан ел ішінде: «Айтыс болатын болса,Байболдың қыздарының басын қосыңдар,бірін-біріне даусы жетпейтін жерде болсын»-деген сөз қалыпты.Оның себебі: Олар дауыс жетер жерде болса бірі бастаған өлеңді екіншісі,одан үшіншісі іліп алып, жалғап кетіп ақындарға дес бермейді екен.
Сол қыздардың ішіндегі ортаншысы Сейсеп: көрікті,сымбатты,ақсарының әдемісі,һәм өнерлі болыпты.1917 жылғы жұртта барынша ылдилықтар ақсүйек аштыққа ұшырап, үлкен жеңгелері Сейсепті бір сауынды сиырға жотадағы бір орта жастағы мосқал кісіге ықтиярсыз беріп жібереді.
Әлгі кісі Сейсепті қарсыласқанына қарамай жылатып-еңіретіп ердің артына отырғызып,өзімен қоса белінен байлап алып кетеді.
Сейсептің ағасы Данайдың әйелі Айнақыз (Сейсептің жеңгесі) бұл оқиғаны былай деп еске алып отырушы еді-деп айтатын аталарымыз:
– «Сартайымның» (айнақыз қайын сіңлісі Сейсепті осылай деп атайды екен.)әкетіп бара жатқандағы зарлы өлеңі адамның сай-сүйегін сырқыратар еді.Арбатастан асқанша құлындаған даусы жан жүйемді езіп,естіліп тұрды.
Сондағы Сейсептің зарлы өлеңінің жұрнағын біз 1987 жылы апамыздың 86 жасында немересі Нағашыбектің тойына барғанда өз аузынан жазып алған едік….
Ата жұрт артта қалды Белбұлағым,
Елді ойлап көздің жасын көл қыламын.
Бастағы бостандықты малға жығып,
Бір нәмәрт тағдырыма салды лаңын….
Тағдырдың көне алам ба сынағына,
Іліндім құтылмастай тұзағына.
Дауысым араша іздеп шырылдаған,
Құдайдың жетер ме екен құлағына.
Удай ашып кеудеде жанды жарам,
Көз жасым көлдей болды тарам-тарам.
Құрбаны боп қу тақыр жоқшылықтың,
Ат көтінде аңырап кетіп барам…
Билікөл көзден ғайып қыр асқандай,
Күтеді мені алдан сынақ қандай?
Жауқазындай жұлынып,көктей солдым,
Тәңірге не жаздым жылатқандай!?..
Дәулетжан Байдалиев,
Жуалы ауданының «Құрметті азаматы»,ақын