Ádebıet
Еленбей кеткен ер Қасым
(Ұлы Отан соғысында ел мен жер қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)
(Басы газетіміздің
№17,25 сандарында)
Бір сәт бүкіл дүниені ұмытқан оның аузынан «ағасына» деген жүрекжарды лебіздері осылайша жасқа тұншығып шығып жатты.
Володяның отбасымен біздің қарым-қатынасымыз осыдан кейін қайта жалғасты. Володя-Әбдірәсілдің үйінде бүгінде Қасым атамның немерелері Наташа, Владимир, Игорь өсіп жетілді.
Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында облыста «Боздақтар» деп аталатын Зерде кітабы дайындалып, оған соғысқа қатысқан боздақтардың есімдері енгізілген-ді. Бұған кездейсоқ Қасым Ералыұлының есімі енгізілмей қалыпты. Мен редакцияға қайта-қайта келіп жүріп, бұл есімді енгізуге себепші болдым.
Гвардия аға лейтенанты, танкіге қарсы оқ ататын ротаның командирі болып, ерлікпен қаза тапқан атасының атын жаңғырту, оның есімін елге таныту үшін алғашқы ұзын-сонар шапқылау маған осы істен басталған. Осы кезде даңқты қолбасшы, халық батыры Б.Момышұлының мұражайы ашылып, мен Қасым атамның бар құжаттары мен әскери формадағы суретін осында тапсырған болатынмын. Мұражайдың сол тұстағы директоры, марқұм Амангелді Ормантаев екеуміз Қасым Ералиев қайтыс болған Белоруссияға хат жазып, деректер сұрастырдық. Көп кешікпей ондағы азаматтар үлкен адамгершілік жасап, Қасым ағаның Қызыл әскери кітапша, «Қызыл жұлдыз» ордені, «Гвардия ордені», «Ерлігі үшін» медаліне қоса зиратынан бір уыс топырақ салып жіберіпті.
Маған осы кезде «мұражайдың бір бұрышын атама арнасам қайтеді?» деген ой келді. Осы ойды жүзеге асыруға кешікпей кірісіп кеттім. Әйтсе де, асу бермес шыңға келіп тірелгендей болдым. Б.Момышұлы мұражайының құрылысын аудан, облыс болып әрең бітіргені белгілі. Ал, ауданаралық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бас бухгалтері Нұрғали Ералиевтың қиын кездегі мына тірлігі біреулерге күлкілі болып та көрінген шығар…
Осы арада тынымсыз шапқылап жүріп Көлтоған ауылындағы бұрынғы Мельничная көшесіне Қасым Ералиевтың атын бергізуге көп күш салдым. Көше аттары жазылған қаңылтырды түгелдей өз қаржыма жасаттым. Біз Ұлы Жеңістің елу жылдығы мерекеленген күні осы құрметке байланысты ат шаптырып, ас бердік.
Әлбетте, бірнеше айлап айлық алмай отырған тоқсаныншы жылдардағы қиын кезеңде бұл айтуға ғана оңай. Мұражайдағы Қасым атама арналған бұрышты жабдықтап бітіру елеулі қаржыны талап етті. Бір портрет салдырудың құны екі жүз, үш жүз долларға дейін барды. Әйтсе де бастаған істі тастау жігітке жараса ма?! Қажет кезде суретші-безендірушілермен үйдегі малыммен есеп айырысып отырдым. Осы кезде үйдегі Әлияның да (әйелімді айтып отырмын) «шаң-шұң» дауыстары естілмей қалған жоқ. Бәріне де төзуге, бәріне де көнуге тура келді, әрине.
Домбыра күйге келмес бұрамаса,
Кім білер, кімнің жайын сұрамаса.
Ер жігіт мал тапқанмен не болады,
Жұбайы бір жағынан құрамаса.
Ер азаматқа арқа сүйеп, алтын басын бағалап, өз орнын біліп отырған әйелдің екі дүниеде бағы жанады. Әйелдің бағы ерімен бірге. Еркегі жоқ, отбасы жоқ әйел ешқашан бақытты болмайды. Жападан жалғыз, қашан бақытқа жетіп еді? Ендеше, әйелге қандай теңдік керек? Әкесіз бала бос, жігерсіз келеді. Психологиялық соққы өз алдына үлкен әңгіме, бір үйге бір еркектің кіріп шығуы айбат, ғанибет көзге көріне бермейтін қуат.
Міне, ағасы Бауыржан Момышұлы сияқты «Елім» деп еңіреп өткен ер Қасымның айбарлы да айдынды портреті ілінген, өмірінен түрлі мағлұматтар беретін экспонаттар қойылған бұрыш та жабдықталып бітті. Бұл бұрыш қасиетті Жуалы жерінде ержүрек ерлердің аз емес екенін көрсетіп, Бауыржан батырдың рухын асқақтатып, оның ерлігін інілері де толықтырып тұрғандай әсер қалдырады. Бұл сондай-ақ аға ерлігін ініге үлгі ету, ұрпаққа қалған ұлағат болса керек.
«Өлі ырза болмай, тірі байымайды», «Әруақ сыйлаған азбайды» дейді халқымыз. Қасым Ералиев сияқты ағамыздың аты аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылындағы бір көрнекті көшеге лайық-ақ. Қазіргі таңда Б.Момышұлы ауылында бұрынғы Чернышевский көшесі Қасым Ералиев көшесі деп аталады. Бұл көше Бауыржан Момышұлы көшесімен қатар жатыр. Көшенің екінші шетінде «Даңқ» орденінің толық кавалері Тайыр Тастандиев атындағы көше жатыр. Екі батырдың ортасында жатқан бұл кісі де еленбей қалған батыр. Ер есімі – әрдайым ел есінде қалмақшы…
Ұлы Отан соғысының еліміз тарихында мәңгі сақталары даусыз. Өйткені бұл соғыс бүкіл адамзаттың жүрегіне өшпестей із қалдырды. Қаншама адам опат болды, қаншама адам жарақат алып, өмірлік мүгедек болып қалды. Жесір аналар, жетім қалаған балалар мен иесіз қалған шаңырақтар қаншама?! Қаншама адам туған жер, атамекенін тастап босқынға айналды, сұм соғыс қаншама жанның тағдырын тәлкекке салды? Бұл бір Құдайға ғана аян.
Соғыс дүбірі Жуалының шалғай түпкіріндегі тып-тыныш қана жатқан шағын Васильевка ауылына жеткенде Қасым Ералыұлы да ел қатарлы өз тіршілігін жасап жүрген. Әскери қызметін енді ғана өтеп қайтқан запастағы офицер ретінде майданға алынды.
Пермь облысындағы Соликамск қаласында негізінен Орта Азиядан жасақталған орыс тілін жақсы білмейтін, басқа ұлт өкілдерін соғыс машақатына даярлайтын. Ауылдан шақырылған бозбалалар орыс тілін қайдан білсін? Танауларына оқ-дәрінің иісі бармағандар, қару-жарақты болса да көріп тұрғаны осы. Міне, Қасым оларды осының бәріне үйретіп, өзі майдан шебіне апарып, табыстап қайтатын.
Осылайша әскери училищеде дәріс беріп жүріп Ленинград облысынан звакуацияланып, анасымен осында көшіп келген орыс қызы Полина Масутинамен танысты. Орта бойлы, аққұбаша келген, мінезі ашық-жарқын Полина Қасымға алғашқы кездесуден-ақ ұнап қалған еді. Екі иығына екі кісі мінгендей сымбатты лейтенантты Полина да шет көрмеді. Екі жас киноға, клубтағы би кештеріне бірге барып жүріп бір-бірімен ұғынысып, тіл табысып кетті. Орайы келген бір күні Қасым жүрек сырын ақтарып, Полинаға өз көңілін білдірген еді.
-Шешем екеуміз көп ойланып, толғандық,- деп еске алады марқұм Полина Романовна. -«Ерге шыққан соң оны майданға алып кетсе қайтесің, сонда өліп қалса қайтесің?» деп уайымдайды анам. Мұны Қасымға айтсам ол: «Мені соғысқа алмайды. Мен осында керекпін» деп алып: «Үйленеміз. Әзір осында тұра береміз. Сосын ауылдан, болмаса жақын қаланың бірінен үй сатып аламыз» деп қиялға беріліп кетуші еді.
Мұны айтып отырғанда Полина Романовнаның жүзі де мың құбылады. Біресе езу тартып жымиып қояды, біресе терең ойға шомып кетіп ауыр күрсініп алады. Бұдан 69 жыл бұрын өзі небәрі 18 жасында бастан кешірген оқиғаны, балауса махаббатын қалай жеткізсем екен деп қиналып отырғандай. Ақыры екеуі үйленеді. Бұл нағыз соғыс оты өршіп тұрған 1941 жылдың 12 желтоқсаны еді. Ал келесі жылы 1942 жылы 20 сәуірінде Қасым өз еркімен сұранып, өзі тәрбилеген жауынгерлермен бірге қан майданда қалады. Ауыр әскери соғыс кезінде бақытты ғұмыр кешіп жатқан жас жұбайларды өмір осылай ажыратқан еді. Полинаға ендігі демеу майданнан сағынтып, сарғайтып жететін үшбұрыш хаттар ғана болып қалды…
Бірде Қасым өзінің жараланып, госпитальда жатқанын жазыпты. Сондағы Полинаның мұңайып, қайғырғанын білсеңіз. Анасы байғұс күндіз-түні мұны айналшықтап жұбатумен болды. Сөйтіп жүргенде қуанышты хабар да жетті. Қасым айығып, қайтадан сапқа қосылыпты.
Полинаның мұнан кейін де қиналған кездері аз болған жоқ. Бірақ бір жағы анасы, бір жағы Қасымның майданнан жазған, жүрекжарды хаттары бойына күш-қуат беріп, неге де болса да төзуге бекінген еді. Табиғат анаға мейлі бейбітшілік болсын, мейлі соғыс жүріп жатсын бәрібір, ол өз заңымен жүреді емес пе? Уақыт өте Полина да өзінің жүкті екенін байқады. Не істеу керек? Өмір енді Полина мен анасының алдына осындай сұрақты көлденең тартты. Бірақ бұл жолы көп ойланып, толғанған жоқ. Анасы өз шешімін кесіп айтты. «Қасымның еліне барамыз, не көрсек те сол жұртпен бір көреміз». Сөйтіп, бұлар қамданып жолға шықты. Бұл 1942 жылдың маусым айы еді.
– Жол-жөнекей сұрастыра жүріп Қасым айтқан Сталин атындағы колхозды төрағасы Жүнісәлі Тасхожаев екен зорға таптық,- дейді Полина Романовна. -Шөп орағы жүріп жатқан кез екен. Жұрттың бәрі шабындықта. Көшенің шаңын бұрқыратып жүрген ауылдың қарасирақ балаларынан жөн сұраймыз. Біз оларға, олар бізге таңырқай қарайды. Не керек, сұрай-сұрай Қасымның үйін де таптық-ау…
Қасым ауылға да хат жазып, мән-жайдан хабардар етіп қойған екен. Сондықтан мұнда оларды бөтенсімей қарсы алып, өзі қоржын там үйдің бір бөлмесін босатып беріп, қолдарынан келген жағдайды жасап жайғастырды. Бұлар да басқа ел, басқа жер деп бөтенсімеді. Үй ішімен де, көрші-қолаңмен де етене араласып кетті, білектерін сыбанып колхоздың жұмысына шықты.
(Жалғасы бар)
Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы