Ádebıet

Көкпарда

«Тайыңды мініп шық, көкпарға барамыз» деді Елнұр. Онымен Дидар ес білгелі дос. Ол бір сынып жоғары оқитыны болмаса, егіз қозыдай жұптары жазылған емес. Сонымен бірге ілесіп жүріп атқа мінуді үйренді. Елнұрдың үйі жылқы ұстайды. Әкесі оларды суғарарда екеуіне мінгізіп жіберетін. «Сен биеге мін, жануар жуас» дейтін Ержігіт ата. Ал Елнұр жирен байталды мініп шығатын. Соңдарынан құлдыраңдап құлын ілеседі.
Тақымдарына ат тиген соң екеуі маңайды шарлап кетеді. Оған Ержігіттің атасы ашуланбайды. Қайта: «Жан-жақтарыңа қарап, абайлап жүріңдер, алтындарым» дейді ескертіп.
Бірде астындағы аттарын ауыстырып мінді. Жирен байталдың басы қатты екен. Өзін баласынған ол ырқына көнбей суға қарай ойнақтап шаба жөнелді. Дидар тізгінді тартты. Бас берер байтал ыңғай танытпады. Қатты састы. Қорыққанынан көзінен жас та шығып кеткен еді. Кенет табан астынан пыр етіп бөдене ұшты. Байтал кілт тоқтап, жалт бұрылды. Дидар үстінен ауып, тақыр жерге бұрқ түсті.
«Қап» деп Елнұр санын соғып қалды. Ұшып жанына келген ол досының асты-үстіне түсті. Қорқып қалды ма деп сұқ саусағын аузына салып, таңдайын басты. Әйтеуір үлкендерден көргенін жасап жатыр. «Жерге түкір» деді тағы да ырымдап.
Әбиір болғанда аяқ-қолы сау. Еш жері ауырып тұрған жоқ. «Бәрі дұрыс» деп ол досынан жасаураған жанарын алып қашты. Сөйтіп шаң болған үсті-басын қақты. Өксік тамағына тығылды. Бір атқа ие бола алмағанына ызасы келді. «Сені ме, қайда жаңағы бөдене? Жұмыртқаңды тауып алып, быт-шытыңды шығарайын осы», деп жусанды аяғымен ары-бері тепті.
– Ат жалын, есек тұяғын төсейді дейді әкем. Мен де сен құсап талай құлағанмын. Бір рет қолымды шығарып та алдым. Бірақ жылаған жоқпын. Жарадың, сен де жыламадың – деді Елнұр досын жігерлендіріп.
Оның сөзі өзін жігерлендіре түскендей болды. Еңсесін көтеріп, райынан қайтты.
– Кел, мінгес, – деді досы қолын созып. Дидар қолын беріп, биенің үстіне досының демеуімен жеңіл ғана қарғып мінді. Байтал сол күйі ұстатпай кетті.
Алдарынан атасы шықты. Екеуін көріп:
– Әйтеуір, амансыңдар ма? Байталды көріп, не болып қалды екен деп жаным қалмағаны. Шүкір, Құдайға, – деп ентігін басып.
Елнұр болған жайды жайып салып, соңынан:
– Дидар жылаған жоқ. Нағыз жігіт екен, – деді мақтап.
«Ашық ауыз. Айтпай-ақ қойса қайтер еді», деп Дидар досына көзін алартты.
– Байталды өзің мін дегенім қайда? Басы қатты демеп пе едім саған, – деді Ержігіт ата баласына ұрсып.
– Өзі, – деді ол міңгір етіп.
– Қане, бері келші. Қол-аяғың сау ма. Басың ауырмайды ма? Қорқып қалмадың ба? Қарашы мұнда, – деді атасы өн бойын алақанымен тінтіп. – Жасырма. Бір жерің ауырып тұрса айт. Ағам мұны естісе жанымды шығарады, айналайын.
-Шын айтам, ата, еш жерім ауырған жоқ. Сенбесеңіз қараңыз, – деп Дидар қол-аяғын ары-бері созып, жаттығу жасады.
– Аман бол, құлыным, – деді көңілі жайланып.
– Ата, – деді Дидар қарияны өзіне қаратып. – Атама айтпай-ақ қойыңызшы мұны.
Өзіне қиыла қарап тұрған баланы бауырына басып.
– Жарайды, – деді ол.
Содан бері екі жыл өтіпті. Қазір Дидар ат үстінде еркін отырады. Достарымен қыс бойы қаншама асау тай үйретті. Талай омақаса құласа да, алған бетінен қайтпай ат мініп жүр. Енді, міне, бүгін өзінің де тайы бар.
Олар келгенде көкпар басталып кетіпті. Қалымбек ағасы көкпардың бел ортасында жүр. Сонадайдан өздерін байқаған ол қастарына келіп, көкпаршыларға жақындамауын қатаң ескертіп кетті. «Әне, қара, серкені жерден қалай көтеріп алды, көрдің бе Қалымбек ағаны»,- деді Елнұр. Оның әрбір әрекетінен көз алмай жіті бақылап тұрған Дидардың есіне достарымен Желсазда тартқан көкпар түсті.
Желсаз үлкен аумақты алып жатпаса да көкпар тартып, тай жарыстыруға қолайлы алаңқай. Жазда ауылдың шабындығы. Шөбі қалың. Жері сулы. Баланың еңбегіндей былқылдап жатады. Жазда шөбі шабылып, жері құрғаған соң балалардың ойын алаңына айналады. Тай мінген балалар қолы боста осында жиналып, сабан толтырылған қапты көкпар қылып тартады. Қапты жерден көтеріп алу да оңай шаруа емес. Әсіресе бастауышта оқитындарға қиын-ақ. Олар қара санын көбейтіп, арлы-берлі қиқулап, асыр салып шапқандарына мәз. Енді бірде ет қызумен Дидар да сол додаға кіріп, қапты көтеріп алмақ болып қол созған. Бірақ қолы қапқа жетпей ат үстінен жерге ауып түсті. Сонда да талаптануын қоймады. Бірде топтың капитаны Мұхан ортадан шыға алмай қолындағы қапты жақын тұрған өзіне өңгере салып, «тарт» деп айқайлады. Іле ат сауырынан қамшымен қойып қалды. Тайы топтан ытырылып, алға суырылып шықты. Апақ-сапақта қапты қолынан түсіріп те ала жаздап, әупіріммен ұстап үлгерді. Сол бойда атын тебініп мәрені бетке алды. Соңынан алып ұшып қуып жетіп қалған қарсыластарын Мұхан мен Елнұр жасқап, қасына маңайлатпады. Көкпарды әкеліп шеңберге тастады.
– Жарайсың, Дидар. Осы бетіңнен танба. Маған жақын жүрсең, жерден қапты өзім әперіп тұрамын, – деді Мұхан арқасынан қағып.
Елнұр бас бармағын жоғары көтеріп, «жарайсың!» деп басын изеді.
Дидарға бұл үлкен ерлік жасағандай әсер етті. Еңсесі көтеріліп, балалардың ортасында мәртебесі өсіп қалды. Содан бері тай көкпарда Мұханның қасынан шықпайды. Енді, міне, Қалымбек ағасының ептілігі мен қайратына ырза болып, өскенде мен де көкпарды ағам ұқсап тартамын деп құлшынып, Сұңқарды тебініп, ілгері шығып кеткенін де аңдамай қалған-ды. Үлкендер кейін-кейін деп кері шегіндірді.
Көкпардан шыққан бетте олар аттың басын қоя берді. Кімнің тайы жүйрік екенін өзара дәлелдемек. Бүгін ғана базардан әкелген Сұңқары Елнұрдың тайынан қалыспады. Шапқыш -ақ екен. Бірақ олар ауылға таяғанда аттың басын тартты. Өйткені алдарынан ауылға қарай шашырай жайылып бара жатқан табын ұшырасқан-ды.
– Екі кештің арасында маған қарай құйындата шауып келе жатқан кімдер болды екен десем, өзімнің көршілерім екен ғой. Ағаларың қайда? Неге жалғыз жүрсіңдер? – деді бақташы Байжігіт ата есегінің үстінде отырып алып сұрақты үйіп төкті.
– Қалымбек аға, бізді қайтарып, өзі көкпаршылармен қалды, – деді Елнұр.
– Сендердің жолыққандарың қандай жақсы болды, екеуің сиырдың басын жинап беріңдер, – деді бақташы қолқа салып.
Олар шашырап кеткен малдың басын жинап, ауылға қарай айдады.
– Өркендерің өссін! Үлкен азамат болыңдар! – деді бақташы ата балаларға батасын беріп. Ол екеуі енді күнде кешкісін малдың алдынан шығып, бақташы атаға серік болып алды.

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
балалар жазушысы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close