Ádebıet
Еленбей кеткен ер Қасым
(Ұлы Отан соғысында Отан қорғау жолында басын бәйгеге тіккен гвардия аға лейтенанты Қасым Ералыұлының рухына арнаймын)
«Тізе бүгіп, тірі жүргеннен
Тік тұрып өлген артық».
Бауыржан Момышұлы.
(Басы газетіміздің
№17,25,26 сандарында)
– Қасымның інісі Әбдәлі он алтылардағы балаң жігіт еді,- деп жалғастырады Полина Романовна. -Екеуміз құрдас адамдай бір-бірімізге тез үйренісіп кеттік. Қасымға екеулеп хат жазамыз, ол – қазақша, мен – орысша. Ал келген хатты бүкіл ауыл болып сауаты жеткендер бәрі оқып шығушы еді. Осы Сәдуақас Тасқожаев, Сарыбек Толымбаевтар ол кезде ойын балалары еді, бүгінде барлығы да марқұм болған.
Полина сол кездегі өзіне жақын көрші-қолаңдарды, ауыл тұрғындарын еске түсіріп, бір күрсініп қойды. Сөйтіп жүріп босанып, ұлды болды. Бұл есімін Володя қойса, Орынкүл әже мен Әбдәлі өздерінше «Әбдірәсіл» қойып алды.
Кейінірек колхоз бөлініп, тұрғындар «Красная заряға» қоныс аударғанда бұлар сол ауылда қалып қоя берді. Полина баласын анасына қалдырып, өзі фермаға сауыншы болып орналасты. Володя-Әбдірәсіл өсіп келеді. Екі үйді байланыстырып тұрған сол. 1943 жылдың күзінде Қасымның хаттары сап тыйылды. Полинаның да, анасының да, Қасымның ағайын-туыстарының да көңілі алаң. Бәрі бір-біріне сыр бермей, іштен тынған сыңайлы. Соңғы хатында «жараланып, госпитальда жатырмын. Айықсам қайтадан майданға кетем» деген еді. Әлде…
Жаманат хабар Полинаға 1944 жылдың көктемінде жетті. Онда да ауыз екі. Көңілі күпті жүргенмен ол бұл хабарға сенбеді. Сенбеді ме, сенгісі келмеді ме, кім біледі? Әйтеуір ешкімге бұл жөнінде тіс жарып ештеңе айтпады… Сонда да бұл жайды, Қасымның туыстарына айтпай-ақ қойды. Ел қатарлы тірлігін істеп жүре берді.
Соғыс бітті. Ер-азаматтар ауылға келе бастады. Ауылдың қам-қарекеті, колхоздың жұмысы біткен бе? Полина оған да әбден мойынсұнып алған еді. Алайда өмір Полинаны тағы бір адаммен табыстырды. Еңбек армиясында болып қайтқан, осындағы Боралдай шахтасында жұмыс істеп жүрген Владимир Литтаумен көңіл жарастырып, отау тікті. Көлтоған ауылына көшіп келіп, осында үш жыл тұрып, 1953 жылы Бурный селосына қоныс аударды.
-Колхозда зоотехник болып істейтін Әбдәлі үйге жиі-жиі келіп тұрушы еді,- деп еске алады Полина Романовна. -Ағасынан қалған көз ғой, Володяны бір көріп, маңдайынан иіскеп, мауқын басып қайтатын. Артынан іні-қарындастары ілесіп, Володя-Әбдірәсіл де ер жетті. 1963 жылы әскерге кетерде Көлтоғанға Әбдәлімен ағайын-туғанмен қоштасуға барады. Балам ауылдан көңілі өсіп оралды. Ағасы Әбдәлі қолына сағат тағып жіберіпті. Әскерден қайтқан соң елге кел, өзім оқытам, мен сияқты зоотехник боласың. Қазақ қызына үйлендірем депті. Өкінішке орай, Володя-Әбдірәсіл әскери қызметін өтеп қайтқанда Әбдәлі соның алдында ғана қайтыс болып кеткен еді. Балам ағасының зиратына барып тағзым етіп, кеш те болса топырақ салып қайтты.
Бүгінде Әбдірәсіл сексенге жақындап қалған, жұбайы екі ұл, бір қызымен немерелері мен бірге Германияда тұрып жатыр. Полинаның тағдырға да өкпесі жоқ сияқты. Тек өткен жылдар есіне түссе жиі күрсіне береді. Қиын кезең болса да сүйіп қосылған жарымен өткен күндерді ойлай ма, әлде жарының бұл күнге жете алмай кеткені жүрегін сыздата ма, кім білсін?!
«Өмірге келер әлі талай Қасым,
Олар да бұл Қасымды бір байқасын».
Дауылпаз ақын Қасым Аманжолов осылай жырлағандай, 1992 жылы 15 тамызда Ералиевтер әулетіне дүниеге нөмірі екінші Ералиев Қасым Байғалиұлы келді. Бүгінгі таңда батырдан қалған жалғыз тұяқ Ералиев Владимир Касымович жеңгеміз Ералиева Елена Михайловна Солтүстік Германияда тұрып жатыр. Жеңге демекші, бұрынғы салт бойынша Лена неміс қызы болса да, жеңгетайлық жасап, Әлия екеуміздің жанұя болуымызға себепші болып еді. Жамбыл есеп-статистикалық техникумында оқып жүріп, сол кісілердің үйінде жүріп едім. Мекенжайы Жамбыл қаласы Сәтбаев көшесі 14 үй, 22 пәтер еді. Сол 1986 жылдары Лена Ушинский орта мектебінде қабылдау бөлімінде қызмет істейтін. Ал Әлия болса сол мектептің асханасында аспазшы еді. Біздің үйлену тойымызда 30 тамыз 1986 жылы шарбақта әулетіміздің қара шаңырағында Володя ағам мен Лена жеңешем сөз сөйлеп, би билеп қайтып еді. Содан бері араласып тұрдық, біз барып, олар келіп дегендей.
1980-ші жылы 22 сәуірде Полина апамды, толық аты-жөні – Полягея Романовна Масутина, Литтау Владимир Ивановичті, Лена жеңгемді, Әбдірәсіл көкемді, Наташа қарындасымды Ералиева Наталья Владимировнаны, інілерім Володя, Игорь, Ералиев Владимир Владимировичті, Ералиев Игорь Владимировичті алыс сапарға, дәлірек айтқанда, Батыс Еуропаға Германия еліне шығарып салдым. Соңғы қоштасу сәттерінде екі атаның баласы аға баласы Әбдірәсіл көкем мен іні баласы менің арамыздағы ыстық қимастық сезім…
-Біздің әкелеріміз бірін-бірі көруге жылдар бойы армандаған, екеумізге ортақ Орынкүл әжеміз үлкен ұлы сіздің әкеңізді өмірінің ақырғы күніне дейін күтті. Менің әкемнің армандары орындалмай кетті. Мүмкін сіз осында қаларсыз? Қазақтың бір қызынан, болмаса келіншегінен тоқал әперем,- дедім. Сондағы ағамның еңкілдеп жылағаны-ай, бәлкім, бүкіл өмірі есіне түсіп, есеп беріп тұрғандай болды. Мен де ет пен сүйектен жаралғанмын ғой, онсыз да көңілшек адаммын шыдай алмадым… Біраз үнсіздіктен соң Әбекең сенің сұрағыңа жауап берейін деп, өзіме қарама-қарсы сұрақ қойды.
-Неге сендер, мұндай ұсынысты ертерек жасамадыңдар? Ана немістер маған туысқандарыңның қасында қалғың келсе, қал деді. Сендер жақтан ондай әңгімелер болмаған соң мен жауап бере алмадым,- деді. Мен қатты састым, көкемнің алдында оны құшақтап тұрып.
-Сізді жанұяңыздан жұбайыңыз, екі ұл, бір қызыңыздан және сізді туған анаңыздан өгей болса сізді тәрбиелеген әкеңізден ажыратпайық деп едік. Жаңағы менің айтқан идеям тым кеш,- деп жауап қайтардым бауырыма. Көкем әкесінің (Министерство обороны СССР) КСРО Қорғаныс Министрлігінің архивінен Подольск қаласынан келген барлық хаттар мен деректердің түпнұсқасын менен алып алған. Мүмкін маған сол жақтан әкемнің жерленген жері бауырластар зиратына бару жеңілге түсер деді.
-Жортқанда жолың болсын, аға. Батырдан қалған жалғыз тұяқ сен де бір бұл бейбіт өмірдің қайсар қазағы батырысың, қайда жүрсең де аман бол. Әкеңнің әруағы демеп, қолдап-қоршап, желеп-жебеп жүрсін дедім. Тау мен тау ешқашан кездеспейді. Біз әлі талай-талай кездесулерде боламыз. Қош бол, аға туысқаным…
Елінен безген ер болмас, көлінен безген қаз болмас.
Иә, жауда да бір үй болсын деген екен қазекең. Ол рас мысалға, менің бауырым Солтүстік Германияда тұрып жатыр. Қарындасым Ералиева Наталья Владимровна (Әбдірәсілқызы) қазір Канадада тұрып жатыр. Күйеубала Балиев Константин екеуі жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Карина және Энолла деген қыздары бар. Сол жаққа мені қонаққа шақырып жатса, міндетті түрде барар едім. Игіліктің ерте-кеші жоқ,- деген бар. Белоруссия еліне Қасым атам жатқан бауырластар зиратына бас иіп құран оқу, туған жердің бір уыс топырағын салып қайту, ол жақтан бауырластар зиратынан бір уыс топырақ әкеліп, Көлтоғандағы бейітке Орынкүл әжеміздің басына және әкеміз Әбдәлінің мүрдесіне салуды әулетіміздің үлкені Әбуғали ағайымыз орындады.
Ол туралы Жуалы аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің №61 04.06.2015 жылғы санында «Орындалған парыз» атты көлемді мақаласы мрамор тасқа жазылған фамилиясы және ескерткіш алдында түскен суретімен бірге жарық көрді.
Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады. Өзім әкесіз жетім өскен соң, ұлдарымды жалтақ болмауға, жүректі батыр намысшыл болуға тәрбиеледім. Екінші ұлым дүниеге келгенде екінші ағам Байғали: -Әрбір әулетте бір-бірден Бауыржан болу керек, Баукеңдей әскери қолбасшы болсын,- деп атын қойып батасын беріп еді. Сол Бауыржан өсе келе әскери болу оның арманына айналды.
«Соғыстың соңғы солдаты өлгенде соғыс бітеді» деген сөз бар. Соңғы соғыстың соңғы солдаттары да саусақпен санарлықтай болып қалды. Биылғы жылы басталғанына 80 жыл толатын сұрапыл соғыстың аяқталғанына 75 жыл толып қалды. Сол жылы, жеңіс жылы туылған Жеңіс есімді балалар қазір қарияға айналды. Ең жас солдаттың өзі тоқсанның төбесінен қарап тұр. Күркіреп күндей өте шыққан соғыста аталарымыз бен әкелеріміз қазақтың атына кір келтірмей, батыр халық екендігімізді сөзбен емес іспен дәлелдеді.
Соның бірі әрі бірегейі, екі бірдей соғысқа қатысып қол бастаған Қасым атам. Қасым Ералиев 1915 жылы Жуалының түкпіріндегі Кеңбұлақ ауылында дүниеге келген. Алғашында атасы Ораз қажыдан арабша хат таныды. Латын әліпбиіне көшкенге дейін зерек Қасым Құранды оқитын дәрежеге жетті. Ералы мен Орынкүлдің тұла бойы тұңғышы өз тұрғыластарынан бойымен де, ойымен де ерекшеленіп тұратын. Меккеге екі рет барып келген Жуалыда екі бірдей мешіт ұстаған атасы Ораз қажының алдынан түспейтін, жанынан қалмайтын Қасым 10-15 жасқа дейін балалық шақтың балдәурен шағын басынан өткеріп жатты. Ұлы төңкерістің дүмпуі алыс-алыс ауылдарды айналып кеткен жоқ. 1928 жылы қазақтың бақуатты кісілерін кісендеп әкетіп жатты. «Қажы-молданы қамшымен қу» деген Кеңес үкіметі Ораз қажының мешіттерін қиратып тастады. Дін исламды құбыжық етіп көрсетті. Атасына келген нәубет әкесіне де, әулетіне де жетті. Қазақтың жартысы қырылған ашаршылықта Ораздың да әулеті ойсырап қалды. Ералының 11 ұл-қызынан, үлкен ұлы Қасым мен кенже ұл Әбдәлі ғана тірі қалды. Қалған тоғызы және Ералының өзі де ашаршылықтың құрбаны болды. Демек бір әулеттің 80 пайызға жуығы шейіт болды.
Күйеуінен, 9 баласынан айырылған Орынкүл апа баласы Қасымды Бурно-Октябрь ауылындағы балалар үйіне беріп аман сақтап қалады.
(Жалғасы бар)
Нұрғали ЕРАЛИЕВ,
майдангердің немере інісі.
Б.Момышұлы ауылы