Ádebıet

Ат қою

Дидардың қуанышында шек жоқ. Алдынан шыққан әжесі:
– Атасы, немереңді қуантыпсың. Тайың құтты болсын, құлыным!, – деді қуанышына ортақтасып.
– Соның не керегі бар еді? Құлап бір жерін майып етіп жүрмесе жарар еді, – деп анасы атасына естіртпей күңк етті.
– Абай бол, балам! Қанша дегенмен жылқы малы асау болады, – деді әкесі сақ болуды ескертіп.
Қасқатайды көрген бойда, «атқа мінуді маған да үйретші» деп Рауан жабыса кетті. Сөйтіп, атты айнала қарап шыққан ол, «тайыңа не ат қойдың?» деп сұрады.
Дидар сәл ойланып тұрып:
– Батырлар жырындағыдай Тайбурыл деп қойсам қайтеді? Қобыланды батырдың тұлпарындай жүйрік, ұшқыр болсын, – деді кеудесін керіп, қолына найза ұстаған батырдай көкке созып, қаһарлана.
– Сен бе, Қобыланды батыр? – деп Рауан түріне қарап, езуін жия алмай ішін басты.
– Немене, қиялдауға да болмай ма? – деді Дидар шамданып.
– Алақай, таптым, таптым. Өткенде «Сұңқар» деген кино көріп едік қой. Сенің тайыңды Сұңқар деп атайық, – деді інісі қуланып.
– Оған ұқсамайды ғой. Бұл қара қасқа.
– Өзің қызықсың ғой. Міндетті түрде дәл ұқсау керек пе? Бірақ, Сұңқар деген аттың өзі қандай әдемі естіледі!? Сұңқар. Ғажап емес пе? – деді інісі таңдайын қағып.
«Сұңқар, Сұңқар» деп ішінен бірнеше рет қайталаған Дидар:
– Жарайды, – деді келісіп.
– Алақай, біздің Сұңқар әлі көр де тұр бас бәйгені иеленеді. Оған мініп көкпарға барамын, бәйгеге шабамын – деп Рауан екпіндей келіп тайдың жалына жармасты.
Қасқа қара тай оқыранып, дүр сілкінді. «Мынау тағы кім» дегендей оған үрке қарап тұр. Рауанның да алып-ұшқан екпіні басылып, тосырқап тұрып қалды.
– Қорықпа, жақын кел. Мә, мынаны бер, – деді Дидар інісінің алақанына бір түйір қант салып. – Сені алдымен танып алсын. Содан соң мінесің. Мақұл ма?
Рауан басын изеді. Сөйтіп қолын тұмсығына тақады.
Тәттінің дәмін татқан тай Рауанды да жатсынбады. Алақанын қытықтап, қантты езуімен іліп алып, тісімен уатып, «тәттісін-ай» дегендей тамсана жеп қойды. Тағы бере ме дегендей езуімен алақанын жалады. Оған балалар мәз болды. Тайды ортаға алған олар жалын тарап, сылап-сипап мәре-сәре болды да қалды.

Таңдаулы материалдар

Close