Ádebıet

Өлең өлкесінде

Мұстафа балама құлаққағыс

Баршамызға балдай тәтті жан-игің,
Танудайын сені көптен танимын.
Баласысың Байтанадай қазақтың,
Перзентісің шаруаторы Ғанидың.

Баукең жайлы алдан өрбір әлі аңыз,
Туған елге түгеліміз баламыз.
Көкке айналсақ, жуалылық жусанбыз,
Керексінсе, керегі боп қаламыз!

Мұндалаған мұратыма жетем деп,
Сен де қоймай, Мұстафажан, ет еңбек.
Сөйткені жөн әкімдердің әрбірі,
Өз еліне кетпес үшін бөтен боп.

Осы жағын ойланып бақ жүз рет,
Өмір-өзен қарсы бетке жүзіп өт.
Ұмытпастан қара бастың қамын да,
Жамағатқа ете білгін көп қызмет.

Жүректінің жүрегінің түгі асыл,
Жүре келе мұның жайын ұғасың.
Баға білсең қас-қабағын көптің де,
Бірде сен де өз үдеңнен шығасың.

Бар шаруаңа бір адамдай төселдің,
Қайтпағаны өте дұрыс меселдің –
Әкім деген жанашыры осы елдің!!!
Ақын деген жанкүйері осы елдің!!!

Әр кісіге ақыл-ойы хас пана,
Алаңдамай атқа қамшыны бас, бала.
Бісміллә, деп бітіре бер ақырын,
Бастан асар жұмысыңды тастама.

Айқындалса алдыңдағы көмескі із,
Соңыңды ала «соны қойшы» демеспіз.
Ел болмаса сен де, мен де кім едік?
Ешбіріміз елден биік емеспіз,
Ешбіріміз елден биік емеспіз!!!

Мен сондаймын, сондаймын

Меніменен ысып-суып бірге өлең,
Арқалансам, арқа-жарқа шіркін іш.
Дүмпуімнен бас көтерсе дүрбелең,
Серпініме әкелердей серпіліс.

Қайдағыңды қай қапермен таза ұқтық,
Жаудан-зиян, тамбайтындай достан түк.
Қай жылдары алам тәннен азаттық,
Берекесіз бөгеттерден бостандық?

Байыз таппас жан аралап тән ішін,
Қылығының қайбіріне ырзамын.
Тек білмеймін мұның мұздай мәнісін,
Тәңір түстер бұлдырлықтың бұл жағын.

Батқан сайын тірлік тезі шымбайға,
Арыныма кімнің мұрнын бұздырам?
Махамбеттің жырын оқып мұндайда,
Қалған-құтқан жылым қанды қыздырам!!!

Шабыт шақыру

Бірталайдан жазбай кеттім бірде өлең,
Жете-есіме жетіспестен бірдеңем.
Күнде шығам жаман-жұман түс көріп,
Ұйқыма да араласып күрделі өң.

Бір тастауға өлең мені тастады,
Қабағында түйілісі қасқаның.
Жабығыстан жамылып ап жамылғы,
«Бұлт» торлады жан жүйемнің аспанын.

Мендегінің түсенбейді жұрт бәрін,
Жай-күйімді ұғар емес қырттарың.
Қай күндері жауар екен өкіртіп,
Ағыл-тегіл өлең болып «бұлттарым».

Қайда тастап кеткен мені күрт дарын,
Жауа алмастан булығулы бұлттарым.
Шыға алмастан шырғалаңның қырынан,
Кімге керек өзімді-өзім құртқаным?

Қағаберіс… қанымды көп ұрттадың,
Жатаберіс… қанымды көп ұрттадың,
Мен жайында не демейді сырттағы үн.
Неғылсам да жүз «найзағай» тұр жетпей,
«Жылатуға» жан-жүйемнің бұлттарын.

Жасағанның жете бере сыйы әрең,
Жыр нөсерге айнала сап құяр ем.
Ақын үшін… сүрген өмір-көрген түс,
Қолтығымнан сен демей көр, қиял-өң.

Сонда бар ма, селдетер ем, төгер ем,
Жырдан басқа ел-жұртыма не берем.
Өлең менің жаһандағы жан даусым,
Айқайымды… естір ме екен шөберем?!

Барымен базар

Өмір-барым басымдағы хақ па бұл,
Жаным-жамау, тәнім-тұрмыс жаққа құл.
Бұл құлдығым дедектетіп күніге,
Ойнауға әуес меніменен қақпақыл.

Бір күндерім бір күндерге итеріп,
Келістірмес күйімді де күйтімді.
Кетті ішімде қора-қора ит өліп,
А-нау иттер… шығарған соң итімді.

Әлде өмірім басқа қонған бақ па, күл…
Болғандығым түк емес пе таққа құл.
Бағыну да мүмкін бақтың бір түрі,
Түгендеген саясаттың соқпағын.

Әйтеуір, тек, тірілерге жақпадым,
Кеткеннің де тілін онша таппадым.
Арпалысқа араласып айқайшыл,
Былғандың көп жүрек-арым аппағым.

Қирай жаздап жүргендеймін қолында,
Бағым емес бұл өмірім сорым ба?..
Бір ойымның жаны құштар жарыққа,
Бір ойымның көшкісі бар қорымға.

Қайсысымен қауышпақпын, нетермін,
Екі ойдың да ауырлығын көтердім.
Баяғыдан бұ дүниеңе – таныспын…
Әл-әзірше о, дүниеңе бөтенмін!…

Мен солмын,
ол мен ғой

Өлеңдерді…. жақсы көрем шынайы ұқ,
Дәл мұныма тағар дейсің кім айып.
Ой түбінде маған ұқсас бір мұңлық,
Көптен бері отырған соң мұңайып.

Бір орнынан тапжылмастай байқұсың,
Тайсақтардай маңдайынан тайқы шын.
Мына менше түкірініп қояды –
Жаратқанға… өткізе алмай қайғысын!

Кейде қалса тіл сөліне шашалып,
Бағатынан көрмепті бір бас алып.
Үңірейер шексіздікке үңіліп,
Бір мезетте қартайып та, жасарып.

Айнымаған мен сияқты ол енді,
Көркемдіктің кестесіне көлемді.
Пысқырмастан, ол да мендей ұнатар,
Боямасыз тыржалаңаш өлеңді!..

Пешенеме соқтығысып соқыр мұң,
Оңашаммен оқшауланып отырмын.
Баяғыда-ақ күнім мұңдас түніммен,
Мен-бейбақпын, ол ақын ба шынымен,
Мен-зарлымын, ол шайыр ма шынымен?!

Ілияс АХМЕТОВ,
ақын

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close