Ádebıet

ТӘЛІМДІК ДАЙДЖЕСТ

Ұстаздық туралы

Ұстаз алдынан теңіздің толқындарындай шәкірттер алмасып келіп отырады. Әр шәкірттің өз әлемі бар, табиғаты бар. Кереметі шәкірттер ұстаздарды толықтырып, жаңа леп беріп, өздеріне икемдеп отырады. Ұстаз сабақ әлемінде әр шәкірттің жүрегіне өнердің отын тұтатып, ізгіліктің, адамдықтың дәнін себеді. Олар игіліктерді бірге жасайтын жасампаз құбылысқа айналады. Әр сабақта қаншама жаңалықтар ашылады, қаншама шәкіртке қанат бітіп, самғауға талпынады. Қанаты қатайып ұшып кеткен түлектер оқтын-оқтын қайта оралып, ұстаздарына басқа кеңістіктегі жаңалықтары мен жеңістерін айту үшін, ұстаздарын қуанту үшін келіп тұрады.

Ұлттық
құндылықтарды сақтау

Оқыған кітаптарым арқылы, ата-әжелерімнен естіген әңгімелерім арқылы өз елімнің тарихында ұялатын емес, мақтанатын істер көп болған-ау деймін. Абай дана да 39-қарасөзінде: «Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір бірлеп тастап келеміз, әлгі екі тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді…» дейді ғой. Ал бүгінгі кезге дейін біздер қаншама асыл қасиеттерімізді жоғалттық екен?.. Ол екі қасиетінің бірі – ел басы, топ басы болған кісіні сыйлайды, тілін алады екен, екіншісі – намысқор келеді екен. Абай заманынында үлкенді сыйлау, құрметтеу, үкен кісілерге сәлем бере бару, сөз парқын тану, үлкеннің алдын кеспеу, орынды сөйлеу, салт-дәстүрді сыйлау, т.б. қаншама жақсы қасиеттер бар еді. Егер біздер сол асыл мұра қасиеттерді сақтап қалсақ, өмірлік ұстаным етіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізсек қой… Онда болашақ үшін алаңдамасақ та болар еді.

Мықты елміз десек…

Ұлы даласы бар, койнауы толған ырыс құт, суы бал, көдесі май елде тұрғанда кедей болғанымыз жараса ма? Еріншектік, мақтаншақтық, мал шашпақтық, өсек пен өтірік деп Абай айтқан бес дұшпаннан құтылар күн болар ма екен? Шіркін, Абай дананың бес асылын: талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахымды өмірлік бағдар етіп ұстансақ … Мықты ел сонда боламыз.

Ұрпақ тәрбиесінде ана тілі
мен жігерлілік керек

Ең басты уайымым – ұрпақ тәрбиесі. Соларды уысымыздан шығарып алсақ, адасып кетеді ғой деп уайымдаймын. Ұрпақты кім тәрбиелеп жатыр? Теледидар, қолдағы планшет пен телефон, одан әрісі клубтар, т.б. Бақылап, сауал жүргізіп көргенде байқалғаны: қазақ тіліндегі хабарларды балалардың, жастардың да жасы үлкендердің де қарамайтындығын, қандай газет-журналдар бар екенін бімейтінін, қазақ тілінде көркем шығармаларды оқымайтындығын білдік. Бұл – уайым.
Күшті болу керек. Дәл қазіргі уақыт жігерді, ерікті, күшті күшейтетін заман. Теледидар болсын, интернет желісі болсын көп көрсететіндері – негативті нәрселер. Ондай ақпараттар адамға психолгиялық жағынан жаман әсер етеді, көңіл-күйлерін түсіреді. Сол себептен де әр адам айналасына шуақ шашқандай жағымды, жылы энергетика таратқаны дұрыс деп санаймын.

Кітап оқу туралы

Бүгінгі күні әр отбасында бірнеше теледидар, отбасының әр мүшесі әр бөлмеде өзінің киноларын көріп отыратын жағдай. Одан қалса, қолдарындағы қалта телефондары…
Ертеректегі жасы есейген кісілер, мысалы біздің әке-шешелеріміз, аға-жеңгелеріміз газет-журналды қалдырмай оқып, кітап оқып, оқығандарын балаларына, үйге келген қонақтарға айтып отырушы еді.
Кітапты оқыту үшін жарнамамен айналысу кажет. Оған интернетті де, теледидар, радиоларды да қосу қажет.
Әр оқырман өзі оқыған шығармасы туралы, кітабы туралы интернетке, блоктарға жазып отырса, пайдасын айтса, басқалардың да қызығушылығы артады деп ойлаймын. Бұл – бір жолы. Ал негізінде, отбасында балаларына кітапхана жинап, әр аптаның бір күнін (бірнеше сағатын) кітап оқып, отбасымен бірге талдап, балаларының жетістігін бағалап, ынталандырса, бала есейгенде дағыдысына айналдырады және осы жақсы дәстүрді кейін өз отбасында жалғастыратын болады.

Әдебиет дұрыс
өмір сүруге үйретеді

Әдебиет өмірді дұрыс сүруге үйретеді. Өзіне өзі сын көзбен қарап, бойындағы мінін түзеуге үйретеді. Адамдармен, табиғатпен дұрыс қарым-қатынас жасауға да әдебиет үйретеді. Өз басында міні көп, мәдениеттен қараңғы, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алмайтын адам жүз жерден математик, ғалым болса да бақытты бола алмайды.
Бүгінгі оқушы – адамдардың арасында өмір сүріп жатқан, адамдармен өмір бойы қарым-қатынасқа түсетін, жүрек қалауымен отбасын құрып, балаларына тәрбие беретін тірі жан. Дәл осы адамдармен дұрыс қарым-қатынаста болса ғана, ол бақытты болады. Әдебиет соған үйретеді. Мысал келтірсем: М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы. Иә, ондағы адамдардың бәрі Абай заманында, ХІХ ғасырда өмір сүріп кеткендер. Мен басқа тұстарын айтпай-ақ қояйын. Құнанбайдың Меккеге қажылыққа барардағы жұбайы Ұлжанмен арыздасып қоштасу сәтін алайық.
– Бәйбіше, үй серігім ғана емес, өмір серігім едің. Ұзақ кешкен тірлікте қай белдің астында жүрсем де, артымда отырған бір бел – өзің едің. Сенің айтар кінәң болса да, менің саған артар бір түйірдей назым жоқ. Адал жүрек, ақ пейілің үшін балаларының бағы ашылсын, – деді.
– Мырза, мынадай сапарыңа кінә түгіл наз ертсем, оным білместік болар еді! – деп күйеуінің бетіне салмақпен қарады… Жастықта адамға төсек те, үй де, тіпті дүние де тар екен. Ал егде тартып, зауал шағыңа бейімдеген сайын дүние кеңейе береді екен. Өзің босаң, кішірейе беріп, айналаңда қуыс дүниені көп тауып, өзгеге орын босата бергің келеді. Кінәң азайып, кешірімің көбейіп, суына бастайды екесің. Осы көңіл мені жеңгеніне көп болған!– деп, біраз толас етті. Құнанбай аса қатты ден қойып, ұйып тыңдап қалған еді. Ұлжанның жүзіне телміре қадалып қапты. Ұлжан қабағын көтеріңкіреп, екі көзін қысыңқырап, тағы да толғанумен нұрлана түсті.
– Әйел еркекке ене бауырындағы құлындай жанасып жүріп те, не шеттеп тайталасып жүріп те сүйеніп өседі. Ерден әйел жамандық та алады, қасиет те алады. Мінім болсын, өзгем болсын, бір жағы өзіңнен еді. Ұзақ дәурен кешіп келіп бүгін сен ырзалық айтып аттансаң болады. Мен сенімен енді кеп кінәласам ба, мырза! – деді. Ұзақ өмірде күйеуінен кешкен көп реніші есінде тұрса да, ашпады. Оны іркіп қалды.
(Мұхтар Әуезов «Абай жолы»)
Міне, қара, (мен бұл үзіндіні шәкірттеріме жатқа оқимын) ерлі-зайыптардың арасындағы сыйластық, түсіністік, тіл мәдениеті қандай? Сондықтан да, «әдебиет адамға не береді?» деген сұрақ орынсыздау сияқты.

Жанашырлық туралы

Жанашырлық жақсы қасиет. Байқайсыздар ма, қазіргі адамдар бір-біріне салқындап барады. Техниканың тасқыны адамдардың адами қарым-қатынасына нұқсан келтіруде. Бір-біріне жанашырлық сезімдері ояна қоймайды. Оған не себеп, кім кінәлі? Ақпараттар тасқыны, техниканың шарықтауы ғана ма?
Жанашыр адамның жүрегі жұмсақ болады. Ол адамдарға жақсылық қана ойлайды. Өзгелердің уайым-қайғысына қатты мазасызданады. Ондай жандар бар. Қаталдау дүниені жұмсартып тұрғандар – солар, сондай жандар.
Жақында Дариға Кінәзбекқызы Ахметова жасы жетпістен асқан, оқыған, өте мәдениетті жан. Бір оқиғаны баяндады. Ол кісі теледидардағы «Айтуға оңай» деген бағдарламаны көреді екен. Сол бағдарламада өмірге аяқсыз кеген жеті жасар мүгедек бала тағдырын, ата-аналарының жүрек жарасын, арман-тілегін баяндапты. Апай жолдасымен бірге көріп отырып, қатты толқыпты. «Жыладым, түні бойы ұйықтай алмадым» дейді. Содан не керек, Дариға апай тележүргізуші Бейсен арқылы сол отбасымен кездесіп, жолдасы екеуінің бір айлық зейнетақысын апарып беріпті. Назарбаев зияткерлік мектептерінің басшысы Күләш Ноғатайқызымен кездесіп, кішкентай бала тағдырына көмек сұрапты. Ол кісі қолынан келген көмегін аямапты. Баланы зияткерлік бағытта дамыту үшін оқытушылар бөліпті. Дариға апай одан кейін «НұрОрда» қазақ-түрік лицейінің директорына барыпты. Ол кісілер баланы қасындағы бауырымен бірге мектепке қабылдап, тегін оқытатын болыпты. Дариға апайдың жүрек жылуының қуатын қараңызшы. Ешбір ақы сұрамайтын, абырой тілемейтін жанашырылық деген осы.

Жағымпаздық

Ал жағымпаздықтың артында есеп тұрады. Ол көңілімен емес, күні үшін жақсылық жасайды. Байқалмайды дейсің бе, ол өте сүйкімсіз жан. Сондықтан да адамдарға шынайы көңілмен қарым-қатынас жаса. Қолыңнан келсе, жақсылық жасауға тырыс. Қолыңнан келмесе, жамандық жасама.

Тарихымызға
мақтанышпен қарай аламыз

Біз де арттағы екі, үш мың жылдық тарихымызға мақтанышпен қарайтын халықпыз. Тіпті одан арғы тарихымызға да қарай аламыз. Біздің дәуірімізге дейінгі VI-VII ғасырда Анақарыс (гректер Анахарсис деп атаған) Грекияға барып, ақыл-парасатымен гректерді аузына қаратып, Солон патшамен дос болып, көзі тірісінде гректің жеті ғұламасының бірі атанған жоқ па?! Анақарыс бабамызға Грекияда Солон патшаның айтуымен мыстан ескерткіш орнатып, оған Анақарыстың «Басқа пәле – тілден» деген сөзін жазыпты деген аңыз бар. Анақарыс туралы деректі тарихтың атасы Герадоттың еңбегінен және тұңғыш ұстаз атанған Аристотельдің еңбегінен тауып оқуға болады. Анақарыстан жеткен мынадай сөздер бар: «Қызғаныш пен қорқыныш – адамның ең жаман қасиеттері. Қызғаныш достарының кірісін санатқызса, қорқыныш адамды үмітсіздікке жетелейді».
Сақ, ғұн, үйсін, түрік қағанаты заманында ерлігімен ел санасында қалған Тұмар, Еділ, Мөде, Білге, Күлтегін т.б. бабаларымыздың ерлігі мақтануға тұрарлық емес пе? Қытай сол ежелгі дәуірде көшпенді түріктерден қорғану үшін атақты ұлы қытай қорғанын тұрғызбады ма?
Сақ патшайымы Тұмардан: «Басқа елдің қажеті жоқ, көк күмбезді аспаны бар, бетегелі боз даламызды біз ешқашан, ешкімге бермейміз» деген сөзі ұрпақтан-ұрпаққа жетті.
Кейін «тозған қазды топтанған қарға жейді» дегендей, берекесі, бірлігі азайған кезде көрші елдердің билігі жүріп, таланды. Асыл қасиеттерінен айырылып, елдігінен айырылды. Сондай ел басына күн туғанда Ұлы Даланың арыстары халқының көкірек көзін ашуға бастарын бәйгеге тігіп кірісті. Олар: XV-XVI ғасырлардағы дала жыраулары, олар: XXVIII-XIX ғасырдағы Махамбет, Бұқар жырау, Дулат, Абайлар, XX-ғасырдағы Алаш арыстары болатын.
Қазақ даласының ірі-ірі қалалары, соған сай өркениетті мәдениеті, өнері, архитектуралық ғимараттары, ұлы ескерткіштері болған.
Қазақ – тарихы кемел, тамыры терең, елдігі де, ерлігі де болған халық. Сол себепті біз де өз тарихымыздан ұялмаймыз, мақтанамыз.

Бұрынғы қазақ еліндегі білім беру жүйесі
қандай болғаны туралы

Кеңес заманынан бұрынғы қазақ еліндегі білім жүйесі қандай болғандығы туралы ғалым, ұстаз Ғұзыхан Ақпанбек ағамыз былай дейді: «Қазақ халқы сауатсыз болған, ешқандай білімді меңгермеген деген сияқты ұзақ уақыт бойы жүргізілген теріс насихат білім беру жүйесіндегі, халық ағарту ісіндегі жетістіктерді жоққа шығарды.
…Қазақтың қандай мектептері болды, қандай пәндер өтілді, білім беру жүйесі қандай, қандай ғылым салаларын үйренді, кім үйретті, т.с.с. сұрақтарға жауап беріп көрейік.
…Бала тоғыз жасқа толғанда ауыл молдасына беріледі. Бірінші жылы Әліп, Әбжад, Әдеп, Әркен деген төрт сабақ міндетті түрде оқытылады. Әліп – оқуды, жазуды үйрететін сабақ, әбжад – есеп сабағы, арифметика. Негізгі төрт амал толық игеріледі. Қосу, азайту, көбейту, бөлу және проценттеу мен жуықтау сол сияқты жобалау, жорамалдау тәсілдері де қамтылады. Үй шаруашылығын жүргізу үшін қажетті есептеулер жасау оқытылады. Әдеп – өмірдегі, тұрмыстағы негізгі ережелер, қағидалар, сый-құрмет, т.б. жүйелі түрде үйретіледі. Ата-ананы және үлкендерді сыйлау, кішіге қамқорлық шапағат, қайырымдылық, мейірімділік туралы арнайы дәрістер өтеді. Әркен – негізінен әсемдік өнерін қамтиды. Адамның сырт келбеті, жан-дүниесі, басқалармен қарым-қатынасы, әсіресе сөйлей білу, сөзді тыңдау, шешендік өнердің негізі айтылады. Киім-кешек, ыдыс-аяқ, ер-тұрман т.с.с. өмірде қажетті барлық тұрмыстық бұйымдар мен шаруашылық құралдардың жасалуы жайлы деректер беріліп, үндестік (гармония) заңдылықтары үйретіледі. Балалардың әсемдік талғамын қалыптастырып, табиғатпен дұрыс қарым-қатынас жасау жолдары көрсетіледі. Обал, сауапты және сегіз пиғылды саралап үйренеді.
Келесі жылы оқытудың екінші кезеңі басталады. Мұнда бірінші жылғы пәндер кеңейтіліп оқытылады да Әптиек сабағы қосылады. Әптиек деген сөздің мағынасы 7/1 (жетіден бір) дегенді білдіреді, яғни, Құранның соңғы бөлігі, сүрелердің жиыны. Әптиекті оқытқанда араб тілін қоса үйретеді. Тілді үйренуді әптиекті тәфсирлеу (қазақшаға аудару) түрінде жүзеге асырады. Бұдан соң Құранға түседі.
Оқытудың үшінші жылы түркі тіліндегі көркем шығармалар поэзия (назым) оқытылады. Яғни, әдебиет сабағы өтеді. Сонымен қоса мүнәжжімдік (астрономия) ғылымдар негізі беріледі. Аспан шырақтарына қарап бағыт-бағдарды табу, ауа райын болжау, мал жайылымының жағдайын білу сияқты қажетті мағұлматтар беріледі. Сонымен 12 жастағы бала араб және түрік тілін қажетті деңгейде біліп шығады. Бұдан соң жаңа пән мұқтасар қосылады. Мұқтасар шариғат жолын, негізгі заңдарды үйрететін арнайы сабақ. Келесі кезекте Әділет және Әлеумет пәндері оқытылады. Әділет сабағында адамгершілік қағидалары, ақиқатты, шындықты айту, ханға да, қараға да бірдей тек адам деп қарау қажет деп үйретеді. Ел аузындағы шешендік сөздерден, билер үкімінен мысалдар келтіріліп, пәлсапалық мол мазмұнды, ұтымды ойды білдіретін тапқыр сөздер айтылады. Әлеумет сабағы қоғамдағы өмірдің құбылыстарын үйретеді. Мемлекеттік құрылымның түрі, ел басқару, қоғамдық қарым-қатынас, басқа мемлекеттер, олардың ерекшеліктері т.б. мәліметтер беріледі.
Қыста жиналған көпшіліктің көзінше балалардың білімі тексеріледі. Төрт жыл дәріс алған шәкірттердің арасындағы қабілеттілерін және жағдайы барларын әрі қарай медреселерге жіберуге кеңес береді, яғни кәсіби бағдар беріп, келешектеріне қамқорлық жасайды. (Ғұзықан Ақпанбек «Қазақ халқының дүниетанымы» 76-78 беттер).
Он үш жаста бала 7 ғылымды біліп, 12 пәнді меңгеріп, өмірге қажетті дәрежеде білім алып шығады.
(Жалғасы бар)

Гүлтас Сайынқызы,
Назарбаев университетінің профессоры.
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close