Basty bet

«Ауыл аманаты» жобасы әр ауланың берекесін арттырады

«Ауыл аманаты» жобасының аясында ауылда тұратын қарапайым халық жаңа кәсіп ашып, ауласындағы малын көбейтуге мүмкіндік алып отыр. Бұл – өте тиімді, тұрғындарға қолайлы бағдарлама.
Бүгінде ауданда «Ауыл аманаты» жобасының арқасында бірнеше ауылдық округтің тұрғындары табысын арттырып, тұрмысын түзеуде.

Қарасаз ауылдық округінде «Ауыл аманаты» жобасына 187 тұрғын құжат тапсырған. Жоба ауылдық округте бес бағыт бойынша жүзеге асырылуда.
Жобаның бірінші бағыты аясында тұрғындар үй іргесіндегі жерді тиімді пайдаланып, өз кәсібін бастауға ниет білдірсе, екінші бағытта тұрғындар қорасын малға толтырып, ауылдық округтегі мал басын арттыруға септігін тигізуде. Қарасаздықтардың дені жобаның екінші бағытында құжат тапсырып, бүгінгі күні 150-ден астам тұрғын өз кәсіпкерлігін бастаған. Қазіргі таңда тұрғындар төрт түлікті күтіп- баптап, кәсібінің нәсібін көру үшін еңбек етуде.
Ал, жобаның төртінші бағыты ауыл сыртындағы алқаптарды игеру деп аталады. Бұл бағытта елді мекенде «Қарасаз-2023» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылып, оған 184 жеке кәсіпкерлік тіркелген. Алдағы уақытта кооператив құрамына кірген жеке кәсіпкерлердің ауыл сыртындағы жерлері игеріледі деп жоспарлануда. Жобаның төртінші бағыты бойынша копперативке жаңа техникалар алу үшін 89 млн-ға өтінім беріліп, нәтижесінде үш жаңа трактор алынған. Алдағы уақытта кооперативке қажетті тағы да қосымша ауыл шаруашылығы техникаларын алу көзделуде.
Бесінші бағытта кәсіпкерлікті дамыту үшін қарасаздықтардан үш өтінім түсіп, бір өтініш иесіне несие беруден бас тартылған. Жалпы, Қарасаз ауылы аудандағы кәсіпкерлігі жақсы дамыған елді мекеннің бірі, яғни, елді мекен тұрғындарының дені белсенді кәсіпкерлікке бет бұрған. Алдағы уақытта өтінім берген тұрғындардың қаражаты түссе, ауылдағы кәсіп түрлерінің қатарына жаңадан жиһаз жасау және термопанель шығару секілді жобалар қосылатын болады.
Ауылдық округтің әкімі Жанар Нұрмұратқызы жобаның ауыл тұрғындарына берері мол екенін айтады. Оның сөзінше, ауылдық округте жоба арқылы 67 жас өз кәсібін ашқан. Ауылдық округтегі жұмыссыздар саны 30-ға кеміген, сонымен қатар, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылар қатары да азайған. Яғни, өткен жылы 20 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалса, биылғы жылдың І тоқсанында жеті отбасының өтініші қабылданған. Жобаның арқасында ауылдық округте мал саны артып, тұрғындардың жағдайы жақсарған.
Халықтың ауылда еңбек етіп, тұрақтауына, сондай-ақ жұмыссыздар санының азайып, тұрғындар табысының артуына серпін берген бұл бағдарлама ауыл шаруашылығы саласының дамуына да үлес қосуда. Ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алу арқылы кәсіптерін ашып, дөңгелетіп отыр.
Достияр Шопанбаев жобаның игілігін көріп отырған еңбекқор азаматтың бірі. Ол отбасылық тұрмыстық жағдайын арттыру мақсатында 2,5 пайызбен несие алуға өтінім беріп, қажетті құжаттарын тапсырған. Нәтижесінде, талаптарға сай деп танылған оның өтініші мақұлданып, ол жоба аясында 4,5 млн теңге несие алады. «Достияр» жеке кәсіпкерлігін ашып, берілген қаржыға мал бордақылау бағытында 60 бас қой және қажетті жем-шөбін сатып алады.
-«Ауыл аманаты» жобасы арқылы ауылдың тұрғындарына төмендетілген пайызбен несие беріледі дегенді естіп қуандық. Өйткені, өзіміз ойлап жүрген ісімізді жүзеге асыру үшін еш жерден мұндай төмен пайызбен несие ала алмайтының белгілі. Әрі оны төлеу үшін бір жыл демалысы бар. Осы уақыт ішінде кәсібіңнің жұмысын жолға қойып алуға мүмкіндік бар. Қазіргі таңда қойларды үш сарайға бөліп қойдым. Олардың күнделікті күтімі, әрине, оңай шаруа емес. Бабын тапсаң ғана мал қоңды болады. Қойларды бордақылағаныма бес айдан асты. Таза жоңышқамен және арпа, бидай жемімен бордақылаудамын. Алдағы уақытта сатылымға шығарып, орнына тағы басқа ұсақ малдар алып келетін боламыз. Осылайша төлем уақыты келгенше, әрекет етіп, қаржыны мақсатты әрі дұрыс пайдалану ойда бар. Бастысы, еңбегімді адалынан істеп, кәсібімді жолға қойып алуға барынша күш салудамын, – дейді жеке кәсіпкер Достияр Тәртіпбекұлы.
Достияр Тәртіпбекұлы бұл уақытқа дейін әртүрлі жұмыс істесе, жары мектеп асханасында уақытша жұмыс істеуде. Екеуінің үш перзенті бар. Балалары әлі кішкентай. Достияр аға еңбекқор азамат. Әрі басты мақсаты – отбасының қамы үшін отбасылық табысын арттыру. Әрі десе ауылдың кәсіпкерлік саласының өркендеуіне, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосу.
Иә, қаржы тек мақсатты жұмсалғанда ғана пайдалы болмақ. Достияр аға да бұл ойымызды құптап, мемлекеттің қолдауын дұрыс пайдалану қажет екенін айтады. «Мемлекеттен төмен пайызбен берілген қаржыны өзге іске жұмсамай, мақсатты жұмсап, алға қойған мақсатқа ұмтылу қажет» дейді ол.
Бағдарлама аясында несие алған жастың бірі Қуаныш Сәрсеқұл мал бордақылау ісін жақсы біледі. Бұл уақытқа дейін де Қошқарата ауылында тұрып, сонда мал шаруашылығымен айналысқан. Отбасымен Қарасаз ауылына қоныс аударып, қайта ісін жалғастыруға «Ауыл аманаты» жобасы арқылы мүмкіндік туады. Негізінен ол Қошқарата ауылдық округінде «Қазына» шаруа қожалығының жұмысын алға қойып, кәсібінің нәсібін көрген еңбекқор жас. Қожалықтың иелегіндегі 57 гектар егістік жерге егін егіп, мал азығын уақтылы дайындап отырған. Сонымен қатар, 67 гектар жайылым жерін тиімді пайдалануы да оның істің көзін тапқанын аңғартады. Осылайша, ауыл шаруашылығының қыр-сырын түсінген Қуаныш Қарасаз ауылына қоныс аударған соң да кәсіпкерлікпен айналысуға бел буады.
Жобаға үлкен үміт артып отырған ауылдықтармен бірге ол да өтінім беріп, «Ұлдана» шаруа қожалығын ашады. Несие алмай тұрып, жаңадан қора-жай соғып, кәсібін бастауға тыңғылықты дайындалады. Жоба аясында ол 7 млн 800 мың теңге алып, оған мал бордақылау бағытында 12 бас жылқы және жем-шөбін алады.
-Қарасаз ауылына көшіп келген соң, өз ісіммен айналысу қажет болды. Бұл уақытқа дейін де «Ауыл аманаты» жобасы жайлы естіп, біраз ақпарат алғанмын. Содан еш ойланбастан өзім үйреніп, біліп қалған кәсіп түрін таңдадым. Бүгінгі таңда жылқыларды бордақылау үстіндеміз. Жылқы етіне сұраныс көп түседі. Одан түсетін пайда да жақсы. Сол себепті, еңбектеніп, несиені уақтылы төлеу үшін әрекет етудемін. Иелігімде азын-аулақ техника бар. Жалпы, еңбек еткен адамға қазір мүмкіндік көп. Кәсіп ашу үшін мемлекеттен осындай қолдау болса жеткілікті. Осы қолдауды тиімді пайдаланып, тұрмыстық жағдайымызды түзеп, кәсібімізді алға жылжыту үшін еңбек етемін, – дейді жас кәсіпкер.
Қуаныш көпбалалы әке. Жары Ақжібек екеуі отбасында үйемелі-сүйемелі төрт қызды өсіріп, тәрбиелеуде. Бір шаңырақ астында ата-анасымен бірге тату-тәтті өмір сүруде. Оның қолдаушысы да отбасы, яғни, ұлдарының ісінің алға жылжуына ақ батасын беретін ата-анасы да оған үлкен сенім артып, ісінің берекелі болуына тілектес болуда.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында қарасаздықтар өткен жылы несиелерін алып, кәсіптерінің жұмысын бастаған еді. Бүгінгі мақаланың кейіпкерлерімен сұхбат барысында-ақ кәсіпкерлердің кәсібі тәй-тәйлап аяққа тұрып келе жатқанын аңғардық. Яғни, қарасыздықтар қаржыларын мақсатты пайдаланып, адал еңбек етуде.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close