Basty bet
Жеңіс жаңғырығы жас ұрпақтың жадында!
Жұлдызы биік жуалылықтар!
Қадірменді жерлестер!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар және 9 мамырдағы Ұлы Жеңіс күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Жыл сайын атап өтілетін бұл айтулы даталар – қазақстандықтардың барлық буынын біріктіретін шын мәніндегі жалпыхалықтық мейрамдар.
«Біздің елімізде соғыстың зардабын тартпаған бірде-бір семья жоқ» деп халқымыздың қаһарман перзенті, қасиетті Жуалы жерінің жұлдызын биіктеткен аса ірі тарихи тұлға, даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, Ұлы Отан соғысының аяқталғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де соғыстың салған жарасы әлі де толықтай жазыла қойған жоқ. Биыл Ұлы Жеңіске 79 жыл толып отыр.
Жеңіс күні – тарихи естеліктер жаңғырып, болашақ ұрпаққа бейбіт күннің қадір-қасиетін өсиет ретінде жеткізетін күн. Бұл мейрам еліміздің ертеңі үшін жанын қиған қаһарман аға-апалардың ерліктерін еске түсіреді. Жеңіске жету жолында аянбай еңбек етіп, майдандағы жауынгерлерді әскери техникамен, азық-түлікпен және киім-кешекпен қамтамасыз еткен тыл еңбеккерлерінің де зор үлесін ұмытпау керек. Майданға жолданған 10 оқтың тоғызы қазақстандық қорғасыннан құйылғаны баршаға аян.
Жыл сайын елімізде мамыр айының 9-шы жұлдызында сол сұрапыл соғыстағы Ұлы Жеңіс күні айрықша атап өтіледі. Ол жалпыға бірдей халықтық мереке болғанымен, бұл күні әсіресе, Жеңіс үшін қолдарына қару алып, майданның алдыңғы шебінде болып жаумен шайқасқа түскен соғыс ардагерлеріне көрсетілер ел құрметі айрықша болмақ. Соғыс көрген ардагер ата-апалардың да қатары жыл санап кеми түсуде. Олардың ерлік істерін ұрпақ жадында жаңғырту – біздің негізгі парызымыз.
Қаншама боздақтар ұрыс даласынан қайтпай қалды. Арын – байрақ, намысын – найза еткен ерлердің қаһармандығы аңызға айналды. Осы қасиетті күні адалдық пен еліне деген жанқиярлықтың үлгісін көрсеткен қаһармандар рухының алдында бас иіп, тағзым етеміз. Уақыт өз дегенін жасайды. Жыл өткен сайын бізге бейбітшілік пен Ұлы Жеңісті сыйлаған ардагерлер мен тыл жұмыстарында аянбай тер төккен аға буын өкілдерінің қатары сиреп барады. Оларға көзі тірісінде құрмет жасау – қасиетті парыз.
Бұл күн – қан майданда парыз бен намысты алға ұстаған, елі мен жерінің бостандығы үшін жан аямай, қас дұшпанға төтеп берген, табанды да қайсар мінезді жауынгерлердің және тылда тынымсыз еңбек еткен аға буынның ерен ерлігі мен биік рухының мерекесі.
Ұлы Жеңісті жақындатуға отандастардың тылда қосқан еңбегі өлшеусіз. Ағалардың ардақты ісін бүгінгі күні кейінгі ұрпақ лайықты табыстармен жалғастырып келеді.
Отан қорғаушылар күні мен Жеңіс мерекелерінің қатар келуінің тарихи терең мәні бар. Бұл екінші дүниежүзілік соғыс жеңімпаздарының әскери дәстүрі мен Отан қорғаушылардың қазіргі буынының сабақтастығын білдіреді. Аталар мен әкелердің озық дәстүрлерін ұлт жадында сақтау, жаңғырту, оны кейінгі ұрпаққа оларды үлгі ету – біздің қасиетті борышымыз.
Қадірлі жерлестер!
Қатар келген қос мереке Отан қорғаушылар мен Ұлы Жеңістің 79 жылдығымен баршаңызды құттықтай отырып, елімізге бейбіт өмір, әрбір шаңыраққа шаттық пен бақ-береке тілеймін!
Игі тілекпен,
Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімі