Basty bet
Байқаудың бас жүлдегері атанды
Жетпіс жыл бойына дінді апиынға теңеп, халықтың ұлттық жадына орны толмас зардабын тигізген кеңестік жүйе салт-санамызды өшіріп, тілімізден, дінімізден, қала берді, ділімізден айыруға шақ қалды. Басқасын былай қойғанда, қол жайып бата сұрай қалсаң, оны мүдірмей берер ақсақалдардың өзі азайып кеткен-ді. Бүгінде өлгеніміз тіріліп, өшкеніміз жанды, ұмыт бола жаздаған көптеген салт-дәстүрлеріміз ортамызға оралды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тамырымызда бүлкілдеген ұлттық кодты ояту мақсатында әлі де көптеген тағылымды шаралар ұйымдастырыла бермек. Осы ретте соңғы кездері түрлі деңгейлерде өткізіліп жүрген батагөй ақсақалдар байқауының алар орны ерекше. Күні кеше Алматы облысының Көксу ауданындағы Балпық би кентінде оңтүстік өңірдің батагөй ақсақалдарының байқауы өтті. Жетісу өңіріне танымал Балпық би бабамыздың 325 жылдығына арналған осы сайысқа алты өңірдің намысын қорғаған 13 ақсақал қатысып, бақтарын сынады. Жамбыл облысының атынан Жуалы аудандық «Ақментей» ҚБ төрағасы, от ауызды, орақ тілді батагөй ақсақалымыз Аманжол қажы Дүрәліұлы мен Жамбыл ауданынан Орынбай Рысбай арнайы қатысып қайтты.
– Жетісу елінде әрі көсем, әрі шешен, әрі би, әрі қол бастаған батыр атанған Балпықтың тарихи еңбегі ерекше. Ол Қаратал, Көксу бойында Ескелді бимен және Қабылиса жыраумен қатар көзі тірісінде әулие саналған кісі болған. Он екі ата Жалайырдың ең үлкені Андастан тарайды. Бидің кіндік кескен жұртында ел аузында оның үш ғасыр бойына қазақ жеріне үздіксіз жорық жасап, қан қақсатқан жоңғар қалмақтарынан ығысып, Сыр бойын, Шу бойын паналап жүрген руластардың басын құрап, туған өлкесіне қайта қоныстандырған еңбегі ерекше айтылады екен.
Байқаудың басты мақсаты – рухани түп-тамырымызды насихаттау арқылы кейінгі толқын жастарды бата беруге баулу. Халқымыздың кең тараған дәстүрлеріне байланысты бата беріп, тарихи тұлғалардың баталарын жатқа айтқан батагөйлер сайысының әділқазылар алқасына Қазақстанның Құрметті журналисі Нұртілеу Иманғалиұлы төрағалық етті. Байқауда өз аймағының үкілеген үмітін арқалап келген ақсақалдардың кейбірі бата беруден мүдіріп жатты.
Шартқа сай бата беру уақыты үш минут деп көрсетілсе, мен батамды сәл созыңқырап, бес минут бойына бердім. Салт-дәстүрлерімізге қатысты қойылған сұрақтарға да ойланбастан жауап беріп, көрерменнің айрықша ықыласына ие болдым. Зал толы жұртшылық орнынан тұрып, қол соғып, қошемет көрсетті, – дейді Аманжол қажы.
Үш күнге созылған оңтүстік өңірдің батагөй ақсақалдар сайысында облыстың үкілі үмітін арқалап барған Аманжол қажы Дүрәліұлының бағы жанды. Ол байқаудың бас жүлдесін және 600 мың теңгенің сертификатын иеленді. Бірінші және екінші орындар Алматы қаласы мен облысының, ал үшінші орын Түркістан облысының батагөйлеріне бұйырды. Қалған қатысушыларға 100 мың теңгенің ынталандыру сыйлықтары табысталды.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»