Basty bet
Сенім мен сезімді серік еткен
«Бақытты отбасы болу үшін ең бірінші оларға сүю керек. Сүю отбасының негізі, онсыз үй болу, бақытты болу мүмкін емес. Сүйіспеншілік жүректің тереңінен шығады, жүректе сезіледі. Екінші саналылық керек. Отбасында тек махаббаттың болуы жеткілікті емес, күнделікті өмірде сезімнен гөрі жарыңның өскен ортасы, алған тәлімі, өмірге деген көзқарасы, жандүниесінің байлығы басым түседі.
Ал үшінші сабыр. Сабыр үй болып кетуде үлкен рөл атқарады. Сабыр – қиындықтарға төзе білу, жолын тауып, жеңіске жету.
Төртіншісі – сенім. Сенім бар жерде ғана отбасы сақталады» деген еді даналарымыз.
Иә, елімізде сезім мен сенімді саналы түрде серік етіп бақытты ғұмыр кешіп отырған отбасылар көп. Солардың бірі – күреңбелдік Марат Садықов пен Меңтай Кәрібаеваның отбасы. Бұл отбасы жақында ата-баба шежіресін дәріптеп, өнерлі, адал ұрпақ тәрбиелеп отырған отбасыларды анықтау мақсатында өткен аудандық «Парасатты отбасы» байқауында әр ауылдық округтен келген 13 отбасының ішінен бас жүлдені жеңіп алып, облыстық байқауға жолдама алды.
Марат пен Меңтай ата-анасымен бірге тұрады.
Атасы Әмірқұл Садықов тыл ардагері. Ғұмыр бойы колхозда қара жұмыс істеген. Механизатор, қарауыл болған. Зейнетке шыққан соң мұндаға дейін ауылда мұрап болып сайланып, елдің бау-бақшасының уақтылы суғарылуына еңбек еткен.
Отанасы Қалима апа болса, ұзақ жылдар бойы сауыншы болған кісі. Қариялар үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарының барлығы үйлі-жайлы, өз мамандықтары бойынша еңбек етуде.
-Бұл шаңыраққа мен 19 жасымда келін болып түстім. Жолдасым мені алып қашып келген. Босағаны аттаған соң атам жаныма келіп, менімен сөйлесті. Ол кісінің ақылдылығына қарап, осындай әкеден тәрбие алған бала жаман болмас деп қалуды шештім.
Ата-енем мені өте жылы қабылдады. Мен отбасымызда үш ұл, үш қыздың ішінде қыздың кішкентайы болдым. Кенжесі болғандықтан үй шаруасына араласпаған едім. Мені енем еркелетті десем да болады. Білмегенімнің бәрін үйретті. Жас болғандықтан, оның үстіне оқып жүріп тұрмысқа шыққандықтан, атама мен оқимын дедім. Ол кісі бетімнен қаққан жоқ, қайта қуанды. Өзі менің жолдасымнан барлық балаларын оқытқан кісі (менің жолдасым бұзықтығынан оқымай қалған).
Атамыз өте адал, жауапкершілігі жоғары, еңбекқор кісі. Ауылға сыйлы. Үш жыл қатарынан қариялар арасында ұйымдастырылатын байқауға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп келеді. Жан-жақты, ауылдың қоғамдық өмірінің бел ортасында жүреді.
Ал апамыз өсек-аяңға жоқ, момын кісі. Бізге «ешқашан еңбектен қашпаңдар. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп айтып отырады.
Денсаулығы бар кезде кесте тігетін.
Өзімнің әкем Бақыт пен анам Ырымжан домбырамен ән айтатын өнерлі жандар. Екеуі той-жиында дуэт болып ән салады. Анам сырмақ сырып, киіз басып, ою ояды. Бізге үш қызға өзімізге жасауымызға алдын ала сырмақ сырғызды. Қыздарын қолөнерге қатты баулыды.
Анам үлкенді сыйлуға, қарсы келмеуге қатты мән беріп тәрбиеледі. Алғаш келін болып түскенде жолдасыммен түсінбеушіліктер болады. Үйіме барып, өкпемді жайлап айта бастасам, анам ары қарай айтқызбай қоятын. Қарап отырсам мұның өзі үлкен тәрбие екен. Ата-енем де анама риза болып, үнемі алғысын білдіріп отырады,-дейді Меңтай.
Меңтай Кәрібаева 1983 жылы Сарысу ауданы Жайлаукөл ауылында өмірге келген. Сол ауылдағы Жайлаукөл орта мектебін, бітіріп, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжінің бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша оқиды.
Меңтай алғашында 2008 жылы «Күреңбел» балабақшасына тәрбиеші болып орналасады. 2015 жылдан бастап өзінің мамандығы бойынша Күреңбел орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді.
Жолдасы Марат «Нұрислам» шаруа қожалығының жетекшісі. Негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Жылқы, сиыр ұстайды. Шаруа қожалығына тиесілі 14 гектар жерге мал азығы үшін жоңышқа егіледі.
Мараттың жылқыға жаны жақын. Көкпар тарту – оның сүйікті ісі. Марат жолдасы Меңтай екеуі бір қыз, үш ұл тәрбиелеп отыр.
Тұңғыштары Ринат 9 сынып оқушысы. Ринат жан-жақты бала. Ауылдың белді футболшысы, ән айтудан аудандық, облыстық байқаулардың жеңімпазы. Мектептің ұланбасы.
Қыздары Томирис те өнерден қара жаяу емес. Би мен домыбыра үйірмесіне қатысады. Томирис 4 сыныпта оқиды.
Кішкентайлары Нұрислам 2 сынып оқушысы. Нұрислам да күреске қатысады. Әнге құмар.
-«Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Отбасындағы тәрбие адамның өміріне азық болады. Сондықтан бала тәрбиесіне қатты мән беру керек. Сәл көңіл бөлмей, немқұрайдылық танытсаңыз, үлкен өкінішке ұрынасыз.
Отбасында береке, бірлік болуы үшін әйел шыдамды, сабырлы, төзімді болуы керек. Мен өз басым көп жағдайда барлық келеңсіз жағдайларды үндемей жеңемін. Сонда ғана шаңырақта бірлік болады. Сөз қуып соңына ешқашан жете алмайсың. Сөз сенің түбіңе жетеді.
Менің жолдасым өте сабырлы, көп ашуланбайды, бала мінезді.
Ата-анам өнерге жақын болғандықтан, мен де өнерге бір табан жақынмын. Балаларымызға өнерге деген құмарлық нағашыларынан дарыған болуы керек. Қазір өзіміз жетпеген жетістіктерге, армандарға балалар жетсе екен деп тілеп, қолдау білдіріп отырмыз,- дейді Меңтай.
Марат пен Меңтайдың өсіріп отырған ұл-қыздары еліміздің өнерлі, дарынды, жалынды жастары, арқа сүйер азаматтары болып өсуіне тілектеспіз.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»