Basty bet

ХАЛЫҚТАРДЫ ЖАҚЫНДАСТЫРҒАН СУ МЕРЕКЕСІ

Климаттың жаһандық жылынуы салдарынан бүгінде су проблемасы бір елдің не ұлттық мемлекеттің ғана емес, бүкіл адамзат баласының проблемасына айналғандай. Қазақ елі шығысы мен түстігінде өзге мемлекеттерден шекара асып келетін трансшекаралық өзендер суларына тәуелді. Жамбыл облысының егіс алқаптары тұтынатын ағын судың басым бөлігін Қырғыз Республикасының өзендерінен алады. Кеңес заманында көрші жатқан екі мемлекеттің арасында трансшекаралық өзендер суын бөлу 1948 жылы, кейіннен 2002 жылы қол қойылған ережемен жүргізілді. Осы ережеге сай Қазақ елі судың 32 пайызын, ал судың басында отырған қырғыз тарапы 68 пайызын алуы тиіс болатын. Алайда қазір бұл талап сақталмай отыр.
Соңғы жылдары осы трансшекаралық өзендердің суын бірлесіп, тиімді пайдалану мақсатында облыстың Жуалы және Меркі аудандарында «Күркіреу» және «Аспара» шағын бассейндік кеңестері құрылды. Оған мемлекеттік атқару және өзін-өзі басқару органдары, су және ауыл шаруашылығы, экология, метеорология салаларының мамандары, БАҚ өкілдері кіреді.
Америка даму агенттігінің (ЮСАИД) Орталық Азия өңірлік экологиялық орталығының (РЭЦЦА) атсалысуымен аймақтағы су проблемасы жете зерделеніп, ел үкіметтеріне тиімді ұсыныстар әзірленуде, шетелден инвестициялар тартылып, шағын бассейндік кеңестерге қаржылай және материалдық көмектер берілуде. Аталған орталық USAID-CAREC «Су, білім беру және ынтымақтастық» жобасы аясында Күркіреусу өзенінің 2020-2025 жылдарға арналған бассейндік жоспарын (Қазақстан бөлігі) әзірлеген. Жобаның мақсаты шағын өзендер, соның ішінде Күркіреусу өзенінің бассейнінде су ресурстарын интеграциялық басқаруды енгізу негізінде Орталық Азия елдері мен Ауғанстан Республикасының трансшекаралық ынтымақтастығына жәрдемдесу болып табылады.
Өткен аптаның аяғында Күркіреу» және «Аспара» шағын бассейндік кеңестері мүшелері РЭЦЦА-ның Қазақстандағы елдік кеңсесінің өкілдерімен және сарапшыларымен бірге көршілес Қырғыз Республикасының Талас облысында ұйымдастырылған «Су мерекесі-2019» іс-шарасына қатысып қайтты.
Күркіреу өзенінің бойында отырған өңірлер халықтарын жақындастыру, екі жақтағы шағын бассейндік кеңестер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатын көздейтін екі күндік сапар барысында Қазақстан өкілдері алдымен облыстың Қарабура ауданындағы Аманбаев ауылында орналасқан «Куркуроо» шағын бассейндік кеңесінің офисіне аялдап, офистің жұмысымен танысты. Осында екі елдің бассейндік кеңестері мүшелері шағын құрамда кездесіп, бассейндік кеңестердің ағымдағы және жоспардағы іс-шараларын пысықтап алды. Әрі қарай сапар Шекер ауылында жалғасты. Мұнда Қазақстан өкілдері Шыңғыс Айтматовтың мемориалдық музейін аралап, онда ұсынылған жәдігерлерді көрді. Келесі кезекте олар Көксай ауылындағы мәдениет үйінде бес ауылдық аймақтың оқушылары арасында табиғатты қорғау, тіршілік нәрі – суды ұтымды пайдалану тақырыбында өткен конкурсты тамашалап, спорттың шағын футбол, волейбол мен шахмат түрлерінен болған жолдастық кездесулерге қатысты.
Шараның негізгі бөлігі келесі күні облыс орталығы – Талас қаласындағы «Керуен сарай» қонақүйінің конференц-залында жалғасын тапты. Мұнда екі елдің шағын бассейндік кеңестерінің кеңейтілген құрамдағы кездесуі болды. Оның жұмысына Қырғыз Республикасы Үкіметінің жанындағы Су ресурстары жөніндегі мемлекеттік агенттіктің өкілі қатысты. Мүдделі тараптар трансшекаралық өзендер суын бірлесіп, тиімді пайдалану тұрғысында сындарлы пікір алмасылып, нәтижеге бағытталған шешімдер қабылданды.
Екі күндік сапар соңы Талас облысының Манас ауданында орналасқан Киров су қоймасында қорытындыланды. Сыйымдылығы 1,5 миллиард текше метрді құрайтын алып гидрологиялық үймерет өткен ғасырдың 70-жылы салынып, пайдалануға берілген. Кеңес заманында В.И.Лениннің есімін иеленген екен. Су қоймасындағы жағдай қалыпты, су белгіленген нормамен берілуде.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close