Basty bet

Кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтуда

«Кәсіп болмай, нәсіп болмас». Ежелден солай. Бүгінгі таңда да бұл қағидалы сөз өз маңызын жойған жоқ. Қайта жаңа заманның көшінен қалмауды көздеген, жақсы өмір сүруге талпынған ел азаматтары мемлекеттің көмек-қолдаулары арқылы кәсіп ашып, нәсібін ұлғайтып отырған жайы бар. Осы тұрғыда Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында аудан көлемінде ағымдағы жылдың 10 айында бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылды.Аудан әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының ресми мәліметінше, Бағдарламаның бірінші бағыты (Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету) шеңберінде ағымдағы жылы қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарына жалпы 200 азаматты жолдау жоспарланды.
Есепті мерзімде №16 «Жуалы» колледжіне және облыстағы колледждерге жалпы 205 азамат оқуға жолданды (аспазшы-22, тігінші-20, тракторшы-20 адам, электрик-16 адам, электргазбен дәнекерлеуші-19, шаштараз-22, маникюр-20, «В» категория бойынша автокөлік жүргізуші-20, программист-20, қазандық операторы-10, кондитер-15 адам), ал 15 азамат оқудан бас тартты, нақты оқуға қатысқан азаматтар саны-190 адамды құрады.
Оқуларын аяқтаған 150 азаматтың 112-сі жұмыспен қамтылған. Осы бағыт аясында аудан әкімдігі білім бөлімінің ұйымдастыруымен құрылған мобильдік топтармен ауылдарда бағдарламаға кәсіптік даярлауға қатысатын үміткерлер тізімдерінің жинақталуы, тіркелуі жұмыстары жүргізіліп, 15 жас азамат техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау оқуына облыстағы колледждерге жолданды.
Бағдарламаның екінші бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде кәсіпкерлік ісін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 254 үміткер тізімге тіркеліп, оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берілді. Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамытуға 142 қатысушыға 597600,0 мың теңге берілуі қарастырылған. Есепті мерзімде 119 адамға жалпы 400 млн. 800 мың теңге шағын несиелер берілген екен. Оның ішінде 37 жас азаматқа 117 млн. теңге беріліп отыр. Ал жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 128 азаматқа 62 млн. 280 мың теңге қайтарымсыз грант берілуі қарастырылып, гранттар берілу үстінде.
Жамбыл облысы бойынша «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында өткен комиссия отырысына 150 жоба ұсынылып, 128 жоба оң шешімін тапқан екен. Оның ішінде жалпы 61 адамға 30 млн. 552 мың 500 теңге қайтарымсыз мемлекеттік гранттар берілді.
Кәсіпкерлік ісін жаңадан ашуға ниет білдірген үміткерлерді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша осы жылы кәсіпкерлік негіздеріне 189 адамды оқыту жоспарланып, оқуға жолданған 189 білімгер оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарын алды.
Аудандық жұмыспен қамту орталығы мамандарының көмегіне жүгініп, тиісті оқыту курсынан өтіп, мемлекет тарапынан бөлінген 505 мың қайтарымсыз грантты ұтып алған азаматтың бірі – Абдулла Нұрғали. Көлбастау ауылының тумасы шаштараз мамандығын игеріп, өз алдына кәсіп ашуды бұрыннан ойлап жүрген болатын. «Сабақты ине – сәтімен» демекші, соның сәті биылғы жылы түскен сыңайлы. Абдулла алдымен аудандық кәсіпкерлер палатасында «Бастау» жобасы арқылы оқып, тиісті сертификатын алды. Содан соң «Еңбек» бағдарламасының тиісті талаптарын орындап, нәтижесінде, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып алған.
-Биылғы Жастар жылы аясында ел жастарына нақты көмек-қолдаулар жасалып жатқаны белгілі. Сондай игілікті өзім де сезініп отырмын. Қайтарымсыз грант немесе төмен пайызбен берілетін несиелер кәсіп ашам деген жас азаматтарға үлкен қолдау деп білемін. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында оқып, шаштараз мамандығын игеріп алдым. Бір ай бұрын аудан орталығындағы «Аружан» сән салонынан бір орынды жалға алып, шаштараз ашып отырмын. Кәсібім жаман емес. Басында клиенттерге жеңілдіктер жасап, біраз уақыт шашты тегін қидым. Ең бастысы – кәсібіңе адал болып, еңбек етуден, жаңа заманның кәсіптерін игеруден қашпау керек. Алдағы уақытта кәсібімді одан ары кеңейтіп, өз алдыма шаштараз ашсам деген ойым бар. Әлбетте, осы кезде де мемлекет қолдаулары бізге күш-жігер береді деп сенемін, -дейді жас кәсіпкер Абдулла.
«Мал өсірсең, қой өсір, Өнімі оның көл-көсір» деген ата-бабалардың мақалын ұстанып, қойдың басын көбейтуді көздеп, мал шаруашылығын дамытуды мықтап қолға алған жас кәсіпкер Руслан Жарқынбаев та аудан орталығында тұрады. Руслан да өз кезегінде кәсіпкерлер палатасында «Бастау-Бизнес» жобасымен оқып, шілде айында үш миллион 500 мың теңге көлеміндегі жеңілдетілген несиеге қол жеткізеді. Атакәсіпті кеңейту мақсатындағы несие алты пайызбен ұзақ мерзімге берілген. Жас кәсіпкер қомақты қаржыға жергілікті жерден 94 бас аналық бас қой сатып алған екен.
– Мал бағу – біздің отбасыға таңсық кәсіп емес. Олай дейтінім, кішкентайымыздан төрт түлік асырап, бағып келеміз. Оның үстіне әкем Жұмағалидың мамандығы – мал дәрігері. Әкем маған үнемі қолдау көрсетіп, малдың жайын айтып, ақыл-кеңестерін беріп отырады. Мал бағу – біздің қазақ халқының бұрыннан келе жатқан атакәсібі. Мен де осынау кәсіпті дамытсам деймін. Оған мемлекет тарапынан да тиісті қаржылай қолдаулар жасалып отыр. Бұл бір жағынан отбасылық кәсіптің түрі. Басқа жақтан жұмыс іздеп сандалмаймыз. Бәрі өз ауламызда. Осы ретте кәсіп ашуға бағыт-бағдар берген аудандық жұмыспен қамту орталығының мамандарына, мемлекеттің саясатына алғысымды жеткіземін,- дейді. Руслан Жұмағалиұлы.
«Жас келсе, іске» демекші, жас кәсіпкер Руслан 505 мың теңге қайтарымсыз грантты да ұтып алған. Ол қаржыға 160 тауық алып, асырауда. Тиісінше, одан да мол өнім алуға болады. Ниет еткен адамға жұмыстың да, кәсіптің де табылатынын жас кәсіпкердің қолға алған отбасылық кәсібін көрген соң көз жеткізгендей болдық.
Аудан орталығында тұрып-ақ сүттен бұлақ ағызуға болатынын кейінгі жылдары көптеп байқап жүрміз. Б.Момышұлы ауылы Б.Сафинов көшесінің тұрғыны Күнсұлу Мусурова да «Бастау» жобасымен оқып, жеке кәсіпкерлігін ашқан жайы бар. Ондағы мақсаты – сауын сиырдың басын көбейтіп, сол арқылы нәсібін айыру. Күнсұлу Қазақбайқызы маусым айында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Жамбыл облыстық филиалынан үш миллион теңге несие алады. Оған 10 бас сауынды сиыр сатып алып, қазіргі таңда одан сүт өндіріп отыр.
– Үш миллион теңгенің 500 мыңы жем-шөпке қарастырылған. Қалған қаржыға сиыр алдық. Сауылған сүтті аудан орталығындағы «Бурное сүт компаниясы» ЖШС-на күнделікті өткіземіз. Табысымыз жаман емес. Алдағы уақытта сауын сиырдың басын көбейтіп, кәсібімізді ұлғайтсақ дейміз. Несие алты пайызбен беріліп отыр. Осы ретте «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының» облыстағы өкілдеріне айтар алғысым шексіз. Мал басын көбейтсек, жағдайымыздың да түзелетініне кәміл сенемін, – деді Күнсұлу апай.
Аудан әкімдігі халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов мекеменің индикаторлық көрсеткіштердің орындалуы тұрғысынан облыс аудандары арасында үшінші орында екенін айтады. Бұл – мекеме жұмысының жүйелі, мамандарының сапалы қызмет көрсетіп отырғанын көрсетсе керек. Мекеме қызметкерлері жылды да жақсы нәтижелермен аяқтайтынына сенгіміз келеді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close