Білім мен ғылым, өнер үшеуі – өміріміздің негізгі тірегі болып табылады. Білім қоғамды дамытып, болашаққа жарқын жол ашса, ал өнер адамды сұлулыққа, жан-дүниесінің тазалығына, рухани қажеттілікті толтыруға жетелейді. «Өнерліге өріс кең» деген халқымыздың осынау сөзінің астарында терең мағына жатқаны анық.
Өнер мен білімді дамытуға мемлекет тарапынан көп күш салынып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру сапасын жақсартуға айрықша назар аударылды. Онда ел Президенті шын мәнінде мамандар даярлаудың отандық жүйесі нақты еңбек нарығынан тыс қалғанын айта келе: «Жыл сайын 21 мыңға жуық мектеп түлегі кәсіби және жоғары оқу орындарына түсе алмай қалады. Жастардың бұл тобы жұмыссыздар мен маргиналдардың негізін құрайды. Олар амалының жоқтығынан қылмыстық және экстремистік ағымдардың ықпалына түсуде. Біз оқушылардың қабілетін айқындап, кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшуіміз қажет. Бұл саясат орта білім берудің ұлттық стандартының негізі болуы тиіс» деп атап өтті. Шын мәнінде оқушылардың қабілетіне қарай бағдарлар беру жұмысы аса маңызға ие. Бұл маңызды міндет біздің ұжымға да қатысты.
Әр адамның бойында ерекше таланты болады. Соның бірі – өнер. Өнер – халық тарихының шежіресі. Өнер құдіреті арқылы өмірдің кең тынысы, тіршілік құбылыстары, адамның әртүрлі сезімі бейнеленеді. Сөз, әуен, қолөнер адам өмірінің санғасырлық тарихынан көптеген нәрсені көрсетіп, алуан түрлі сыр шертеді. Қазақ халқының басынан өткен сан қилы замандар, оның тіршілігі мен дағдысы, салт-дәстүрі, санасы, өмір сүрген ортасы, әдет-ғұрпы арқылы ұлттық өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, тарих сахнасына шығып отырады. Әрбір адамның Құдай берген өнері немесе дарыны болады. Соны дер кезінде байқап, дұрыс бағыт берілетін болса, өнерлі жан өмірден өз орнын табады. Өнер адамның әрбір кезінде берілуі мүмкін. Бастысы, оған деген құштарлық сезімі биік болса, алынбайтын қамал болмайды.
Бұл дүниеде адамның жан дүниесін нұрландыра түсіретін, өмірді кемелдендіріп, ізгілік нұрын шашатын құдірет ол – өнер. Адам баласы өнер арқылы өмірдің қыр-сырын таниды. Өзін-өзі бағалап, кемелденеді. Биікке қол созады. Өмірге деген құштарлық сезімі өнер арқылы келеді. Өнерлі жан өзіне ғана емес, өзгеге де бақыт сыйлай алады. Өнердің шынайы келбеті сол өнерлі жанның өмірін нұрландырып, халық игілігіне қызмет етеді. Даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының: «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деген сөзі бар. Шын дарын өнердің қиын жолында күш, жігер, ақыл мен қайрат сияқты шыдамдылыққа жетелейтін асыл қасиеттер арқылы өзінің орны мен жолын таба алады.
Осы орайда аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінің шығармашылық ұжымы оқушылардың бойындағы таланттарын ұштау, бос уақытын тиімді пайдалану, шығармашылық қабілеттерін арттыру мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Жыл сайын үйірмелерге қатысып, дәріс алатын оқушылардың қатары артып келеді. Мектепте барлығы 10 үйірме жұмыс жасайды. Атап айтқанда, домбыра, баян, аккордеон, фортепиано, гитара, эстрадалық ән, театр, хореография, көркемсурет, сәндік қолданбалы өнер. Өнер үйірмелеріндегі оқушылардың санының өсуіне тоқталар болсам, 2017-2018 оқу жылында 874 оқушы қатысса, 2018-2019 оқу жылында 1121, ал 2019-2020 оқу жылында 1141 оқушыға артып отыр. Бұл көрсеткіш өз кезегінде жылдан-жылға оқушылардың өнерге деген қызығушылығының арта түскенін көрсетіп отыр.
Оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, үйірмелермен қамту мақсатында 2019 жылы Күреңбел ауылынан №1 Балалар өнер мектебінің филиалы ашылып, сонымен қатар, Көктөбе, Қарасаз ауылдары тұрғындарының өтініші бойынша ұстаздарымыз ауыл мектептеріне барып жұмыс жүргізуде. Білім ошағында жоғары білімді және өзі ісінің шебер мамандары жұмыс істейді. Ұстаздар саны 46-ны құрап отыр.
Бүгінгі таңда үйірмелерге ерекше қызығушылықпен қатысып, өз өнерлерімен облыстық, республикалық, халықаралық дәрежеге дейін көтерілген дарынды шәкіртеріміз биылғы жылы да биік белестерден көрініп отыр. Айта кетсек, «Қазақстанның таланттары» атты халықаралық өнер байқауынан «Бейнелеу өнері» бағыты бойынша Нұржігіт Орынбеков бас жүлдені қанжығасына байлады жəне көркемсөз бағыты бойынша Мадияр Әбілдабеков І орын, Оңғарбай Сейіткерім ІІ орынды иеленді. Хореография бағыты бойынша «Кәусар» би тобы ІІ орын жеңіп алса, жеке қатысқан Ұлдана Оңғар І орынның жүлдесіне ие болды.
ІІ Республикалық «Ұлы дала ұрпағы» атты көркемсөз оқу өнер байқауында 52 үміткердің арасынан оза шапқан Мадияр Әбілдабек үлкен топтан, Аяжан Әбдіқали кіші топтан бас жүлдені қанжығаларына байлады. Жас суретшілер номинациясы бойынша Шахмардан Құрмантай бірінші орынды, қолөнер номинациясы бойынша Арина Литвинова, Айару Болат, Малика Мырзабек, Зарина Ағатаева бірінші орынды иеленсе, екінші орынға Кәусар Әділбек жайғасты. Аспапта ойнау номинациясы бойынша Әнел Әлімбек бірінші орынды, орта топтан Ержан Әминов бірінші орынды қанжығасына байлап, Аружан Камал ІІ орынды иеленді. Кіші топтан бірінші орын Нұрәли Мырзахмет берілсе, Әсем Дүйсенбай екінші орын, үшінші орынды Ерхан Уызбай еншіледі. Бүлдіршін топтан Ясмин Абдулаева екінші орынды жеңіп алды.
Республикалық «Өнерге қанат қаққандар» атты ән-би өнер байқауынан өнер мектебінің хореография сыныбының оқушыларынан құралған «Қазына», «Алау» би топтары жүлделі ІІІ орынды жеңіп алды. Жеке қатысқан бүлдіршініміз Арайлым Әбдеш ІІ орынды жеңіп алып, Семей қаласында өтетін «Өнерге қанат қаққандар» байқауының суперфиналына жолдама алды.
Жыл сайынғы дәстүрге айналған «Бояулар құпиясы» атты облыстық жас суретшілер байқауы биылғы жылы да ұйымдастырылып отыр. 10 мен 11 жас аралығында сынға түскен көркемсурет бөлімінің оқушысы Кәусар Әділбек ІІІ орынды жеңіп алды. Облыстық «Сары жылан және орман қарақасы» атты жас суретшілер байқауынан Ерасыл Қуаныш ІІ орынды қанжығасына байлады.
Жақсылыққа ұмтылғыш, тазалықты сүйетін бала бойындағы тұнып жатқан қабілетті аша отырып, келешегі кемел, болашағы бағдарлы елдің ұл-қыздарын тәрбиелеу бағытында атқарылатын игі істер өте көп. Әрбір бала – жарық жұлдыз. Біздің міндетіміз – сол жұлдыздардың жарқырауына жәрдем ету. Ең бастысы, «Ұлтым» деп ұлылыққа ұмтылған, «елім» деп өрелі өнегесін танытатын білімді, дарынды ұл-қыздардың көп болуына тілек қосайық.
Қанат МҰРАТАЕВ,
№1 Балалар өнер
мектебінің директоры.
ҚР Суретшілер
одағының мүшесі