Basty bet

«Қыс – қатал сыншы»

жауапты науқан жауапкершілікпен өтуде

Қазақ халқы бір-бірімен сәлемдесіп, жөн сұрасқанда ең алдымен: «Мал, жаның аман ба?» дейді. Жаннан бұрын малдың жайын сұрайды. Бұл ең алдымен малың қоңды болса, жаның да аман-есен болады деген мағынаға келіп саяды. Ежелден төрт түлік бағып, бүкіл өмірін кең сахарада мал бағумен тікелей байланыстырған халқымыз үшін бұл заңды құбылыс сияқты. Қанша заман алмасып, тұрмысымызға жаңа технологиялар дендеп еніп жатса да қазақ төрт түліктен алыстаған емес. Керісінше, қазіргі таңда сол жаңа технологияларды мал бағу ісіне, шаруашылықтың сан-салалы жұмыстарына енгізіп жатқан жайымыз бар. Бұл өз тиімділігін көрсетіп отыр.

Мал қыстату науқанының барысы туралы әрі ауылдардағы шаруалардың өмірінен материал әзірлеу мақсатын ұстанып жыл басында Қосбөлтек ауылына барған болатынбыз. Онда біз ауыл шетінде орын тепкен «Нұрасима» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. Аталған қожалық ауылдағы маңдайалды шаруашылықтардың бірі саналады. Оған бұл ұжымның атқарып отырған жемісті жұмыстары дәлел бола алады. Зеңгі баба тұқымының басын көбейтіп сүт бағытында өнімді жұмыс жасап жатқан шаруашылық жайын бізге қожалық мүшесі Нұрбек Райысов айтып берді.
– Шаруа қожалық келіншегім Гүлмира Байжұманованың жетекшілігімен 2002 жылы құрылды. Алғаш құрылған жылдары иелігімізде бірді-екілі бас қана ірі қарамыз болатын. Содан тынбай еңбектеніп, мал басын көбейтіп аяққа нық тұру бағытында жұмыс жасадық. Нәтижесі жаман емес. Қазіргі таңда сауын сиырдың басын 50-ден асырып отырмыз.
Осыдан үш жыл бұрын 50 басқа арнап қора салдық. Сауылған сүтті Болат Айтқұлов есімді жеке кәсіпкер азамат күнделікті алып кетеді. Иелігіміздегі малдың дені жергілікті сиырлар. Неге десеңіз, біздің сиырлар табиғи жағдайға бейімделгіш келеді. Үкімет тарапынан сауын сиырдың әр басына субсидия төленеді. Бұл да бізге қөмек-қолдау болып отыр.
Өткен жыл біз үшін табысты жыл болды деуге болады. Асыл тұқымды малдың басын ұлғайту мақсатында жақында облысымыздың Қордай ауданынан екі бас асыл тұқымды бұқа сатып алдық. Алатау сүтті сиырының да басын көбейтіп, сүт кластерін дамытуға күш салып жатырмыз. Мұндай жұмыстарға да Үкімет тарапынан тиісті қолдаулар барын білеміз. Мал баққан соң проблемасыз болмайды екен. Жайылымның мәселесі сәл қолбайлау болып отыр. Елімізде өзекті болып отырған жайылым мәселесі мемлекет тарапынан оң шешіліп жатса, нұр үстіне нұр болар еді,- дейді Нұрбек Алпысұлы.
Шаруа қожалық сауын сиырдан бөлек қойдың басын көбейтуді мақсат тұтып отыр. Қазірдің өзінде шаруашылықтың иелігінде 100-ге тарта Шопан ата төлі бар. Оның ішінде 35 басы байлаудағы бордақы малдар.
-Шамалы ғана егістік жеріміз бар. Жем-шөбімізді содан жинап аламыз. Жер көлемін ұлғайтып, жем-шөп қорын молайту үшін техника қажет. Лизинг жүйесімен ауыл шаруашылығы техникаларын алсақ деп жоспарлап отырмыз. Оған әлбетте, қомақты қаражат керек. Шаруашылықта тұрақты түрде үш адам жұмыс істеп, жалақы алады,- дейді қожалық мүшесі.
Жергілікті азаматтар Жанат Башаров, Айдос Ибрагимұлы және Ләззат Иманқұлова «Нұрасима» шаруа қожалығында біраз жылдан бері тұрақты жұмыс жасайды екен. Біз барғанда жұмысшылар малдың кешкі жем-шөбін салып, бұзауларға сүт беріп жатса, ал сауыншы сиырларды сауып жатты. Қожалық жұмысшылары айлық жалақыларын уақтылы алып тұратынын, шаруашылық басшысының басқа да қажетті жағдайларды жасап отыратынын қуанышпен жеткізді.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close