Basty bet

Ауызсу мәселесі көтерілді

«Nur Otan» партиясы аудандық филиалы Партиялық бақылау комиссиясының отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде ауданымыздағы елді мекендердің таза ауызсумен қамтамасыз етілу барысы; Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалуы; «Nur Otan» партиясы мүшесінің Этика кодексі талаптарының сақталуы, партияның мүшелік жарналарының толық көлемде уақтылы төлеу, партиялық жобалардың іске асырылуы туралы мәселелер қаралды.

Отырысты комиссия төрағасы Сейітхан Жұмашев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімдігінің тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейітбеков баяндама жасады.
Ерболат Оразбақұлы жалпы аудандағы биылға дейінгі ауызсуға байланысты атқарылған жұмыстарды айта келіп, бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті.
-2020 жылы ауызсу құрылысын жүргізуге бес елді мекенге 968,4 млн теңге қаржы қаралған. Олар: Шақпақата, Көлтоған, Ертай, Қошқарата, Т.Дүйсебайұлы ауылдары. Барлық жобаның қаржысы 2021 жылға өтпелі.
2021 жылы жалпы аудан көлемінде 49 елді мекеннің 30-ы ауызсумен қамтамасыз етіліп, ол 61,22 пайызды құрайтын болады. Қалған 19 елді мекен бойынша 8 елді мекенге ЖСҚ әзірленген. Олар: Ақтөбе, Қоңыртөбе, Рысбек батыр, Кәріқорған, Тасбастау, Жаңаталап-Ақтоған, Бәйтерек ауылдары.
11 елді мекенге ЖСҚ әзірленбеген, оның ішінде 9 елді мекен 50 аула санына жетпейді. Қазіргі таңда аула саны 50-ден төмен елді мекендерге ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінде модульдік тазарту қондырғыларын қою жоспарлануда.
Қалған екі елді мекен Қарабастау мен Түктібай ауылдарына алдағы уақытта ЖСҚ әзірленетін болады,- деді бөлім басшысы.
Баяндамашыға комиссия мүшелерінің тарапынан сұрақтар қойылды.
Комиссия төрағасы С.Жұмашев: «Су құбырлары тартылып жатқан елді мекендердегі жұмыстың сапасы қандай? Бүгінгі таңда аудан орталығында ауызсу мәселесі күрделі болып отыр, яғни ауыз су көптеген көшелерде тоқтап қалды. Оны күнделікті естіп отырсыздар. Бүгінгі орын алып отырған ауызсу мәселесі бір жағынан кезінде осы су құбырлары тартылған кезде кеткен кемшіліктердің салдары. Ендігі жерде бұл мәселені қалай шешесіздер?» деген сұрақтар қойды.
-Ауылдарда тартылып жатқан ауызсу құбырларының сапасы аудан басшысынан бастап барлық жауапты басшылардың басты назарында. Мәселен, Қошқарата ауылындағы жұмысты талаптарды толығымен орындау үшін тоқтаттық,- деді Ерболат Сейітбеков. – Ал, аудан орталығындағы ауызсу мәселесі тұрғындардың ауызсуды бау-бақша суғаруға жұмсауының салдарынан болып отыр. Бүгінгі таңда біз ағын су мәселесін шешу үшін «Ақсай» су каналынан ауыл шетіне дейін құбырлар тарту жұмысын бастап жатырмыз. Биылға жоспарланған бұл жұмысты шілде айының аяғына дейін бітіру қажет болатын. Аудан әкімінің тапсырмасымен біз маусым айының соңына дейін аяқтауға барымызды салудамыз. Ауыл әкімдері халықты ағын сумен қамту мәселесіне, яғни ағын суды ауылға жеткізу, әрі қарай тұрғындарды ұйымдастырып арықтарды қазу, мұрап сайлау жұмыстарын мықтап қолға алатын кез әбден жетті.
Екінші мәселе бойынша аудандық жер қатынастары бөлімінің маманы Нұрғайша Қоскелбаева баяндама жасады. Баяндамашыға жайылым жер мәселесі және аудан орталығындағы «Көктөбе» тұрғын үй алабына байланысты сауалдар қойылды. Ал үшінші мәселе бойынша баяндама жасаған «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы «Қошқарата» бастауыш партия ұйымының төрайымы, Абай атындағы орта мектептің директоры Жанар Өтегеноваға жергілікті жерде партияның рөлін және қоғамдық бақылауды күшейтуді тапсырды.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close