Basty bet
Ауылдан жеткен ақпарат
Ақтөбе
Ауылдық округте елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты сақтық шаралары қолға алынған. Ауылдық округ әкімшілігінің мамандары дүкен иелерімен түсіндірме, ескертпе жұмыстарын жүргізді. Дүкен иелері ескертпелерге түсіністікпен қарап, кешкі сағат 18.00-ге дейін ғана тұрғындарға қызмет көрсетуде. Сонымен қатар, учаскелік полиция қызметкерімен бірлесіп, түнгі рейдтер жүргізілуде. Ал, медицина қызметкерлері үйді-үйді аралап, өзге қалалардан келген тұрғындардың тізімін жасап, анықтау жұмыстарын жүргізуде. Округте жағдай тұрақты. Енгізілген шектеулерге ауыл тұрғындары жауапкершілікпен қарауда.
Б.Момышұлы
Ауыл әкімшілігінің ғимаратында отбасындағы кикілжіңді шешуге ықпалын тигізетін Жамбыл облысы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы ашылды. Орталықты ашудағы мақсат – тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен жандарға психологиялық тұрғыдан көмек көрсету. Аудан тұрғындарына орталықта социолог Мадина Күлшікова және психолог Айгүл Дәрібаева қызмет көрсетуде. Осы орайда, аудан тұрғындары қандайда бір отбасында зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе оның куәсі болған жағдайда аталған мамандардың көмегіне жүгіне алады.
Мыңбұлақ
Ауылдық округте көктемгі дала жұмыстары қызу жүруде. Округтегі «Ринат», «Өркен-1», «Экос», «Мадина», «Бірлік», шаруа қожалықтары егін алқаптарындағы жұмыстарын аяқтады.
Округте жаздық арпаны 1635 гектарға егу жоспарланса, бүгінгі таңда 1345 гектарға егіліп, жұмыс 82 пайызға орындалып отыр. Ал, мақсары дақылдары 1236 гектарға егу жоспарланып, шаруа қожалықтары иеліктеріндегі жерлерін дайындап, егу жұмыстарын бастауға әзірленуде. Сонымен қатар, 223 гектардың 135 гектарына таза жоңышқа себіліп, 65 пайызға жоспар орындалып отыр. Ауылдық округте көктемгі дала жұмыстары әлі де жалғасады.
Нұрлыкент
Округтің шаруа қожалықтары ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуда. Биылғы жылы көктем айының алғашқы күндері округке үш дана жаңа «МТЗ-80» тракторы қосалқы техникаларымен алынған болатын.
Аймақтағы «Шигендер» шаруа қожалығы бір техниканы лизингке алса, «Атамұра» және «Ақниет» шаруа қожалықтары жаңа техникаларды өз қаржысына сатып алды.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»