Basty bet
“Ата-салтымызды ұстанып, жақсы ісімізбен үлгі болайық!”
Жақында №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте аудандық ардагерлер кеңесінің жиыны өтті. Оған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев пен Мыңбұлақ ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхтар Тұрғынбеков және ауылдық ардагерлер ұйымының мүшелері қатысты.
Сейітхан Шералханұлы жиынды ашып, жақында бекітілген «Бастауыш ардагерлер ұйымының» ережесі туралы баяндады.
Жиында жастардың тәрбиесі, дін мен дәстүр, жағдайы төмен отбасылардың ахуалы, еңбек ардагерлеріне көңіл бөлу т.б. мәселелер жайлы сөз қозғалды.
Мұхтар Тұрғынбеков ардагерлер ұйымының жұмысымен таныстырды.
– Ауыл ардагерлерінің бастауымен, жастардың қолдауымен көше тазалығы мен Момыш бұлағының тазалығын қолға алдық. Өз қаржымызға 60-қа жуық шырша және жеміс ағаштарын отырғыздық. Бұл үрдіс бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Тарихи маңызы бар Момыш бұлағын мемлекеттік балансқа алсақ деген жоспар бар. Жалпы, алты айда атқарылған жұмыстар аз емес. Талапты ауылының жолы түгелімен асфальтталды. Кішігірім спорт алаңы, медпункт соғылып, бүгін-ертең қолданысқа беруге дайын тұр.
Ендігі мәселе Көлбастау ауылы, Д.Қонаев көшесіндегі мәдениет үйі құрылысының аяқсыз қалғандығы. Мәселе, айналып келгенде қаражатқа тіреліп тұр. Арнайы жиындар, іс-шаралар өткізетін орын жоқ, әр мектептің табалдырығын тоздырып жүрміз.
Жастарды еңбекке, өнерге баулып, тәрбиелеу – біздің парызымыз. Дегенмен спорт алаңы, я мәдениет үйі, я үйірмелер жоқ болса, ол қалай жүзеге аспақ? Қазыналы қарттар – жастарға кедергі емес, тірек болады, бәсекелес емес, ақылшы болады, – дейді Мұхтар Икрамбайұлы.
Сонымен бірге дін мен дәстүрге қатысты ауыл ішіндегі мәселелерге кеңінен тоқталды.
Жиын соңында Сейітхан Шералханұлы аталған мәселелерді ауыл әкімімен бірлесіп жасауды және Момыш бұлағын мәдени демалыс орталығына айналдыру жайлы ұсынысты ардагерлердің атынан облыстың әкіміне үндеу жолдау керек екендігін айтты.
Шер ағаң «Менің бір үлкен азамат болғаным, ол арша бесікте жатып, тәрбие алғаным шығар» демекші, ел боламыз десек әуелі бесігімізді түзеуіміз қажет. Жастарымыздың болашағы жарқын, білімді де тәрбиелі болуын қаласақ, ата-салтымызды ұстанып, дінімізден адаспай, жақсы ісімізбен үлгі болып, өнегелі ісімізбен дұрыс тәрбие берейік, – деп қорытындылады С.Жұмашев.
Аида Тұрғұмбекова,
«Жаңа өмір»