Basty bet

Халықтың үні, жаңалықтың жаршысы

шалғайдағы оқырмандардың «Жаңа өмір» газетіне ықыласы ерекшеҰЛЫ

Еліміздің ақпарат кеңістігі соңғы кездері сан салалы, өзіндік айтар ойы бар, қалыптасқан көзқарас-байламы бар басылымдармен толыға түсуде. Ғасырға жуық тарихы бар «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» республикалық газеттерімен қатар, өңірімізде «Ақ жол», «Знамя труда» басылымдары қоғамдық пікірдің көшін бастаса, ауданымыздың айнасы, оқырмандар көзайымына айналып отырған «Жаңа өмір-Новая жизнь» газетінің де өзіндік орны мен ерекшелігі, қолтаңбасы бар.
Негізі қаланғалы бері 85 көктемді артта қалдырған байырғы аудандық басылымның өз аудиториясы, тұрақты оқырмандары бар. Жыл санап таралымы да артып келе жатқан жайы бар.
Таяуда редакцияның ақпараттық тобы аудан орталығынан шалғайда жатқан Ақтөбе ауылдық округіне барып, оқырмандармен жүздесіп қайтты. Әңгіме ауылдағы ағайынның тыныс-тіршілігінен басталып, қазіргі ақпарат тасқыны дәуірлеген заманда газеттің рөліне қарай ойысты.
Тәжірибелі жорналшы, аға тілші Абылайхан Сәрсен оқырмандарды газеттің рөлі қай заманда да бәсеңдемейтініне сенім білдіре келе, ол ойын былайша тұжырымдап берді:
– Әлеуметтік желілердегі немесе көгілдір экрандағы ақпараттың ғұмыры әрі кеткенде бір-ақ мезет. Көз жүгірттің, көрдің, көз алдыңнан өтті, кетті. Ал газеттің әр нөмірі тасқа басып жазылғандай, өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күнге татиды. Мәселен, Америкадағы «New York Times» газеті екі ғасырға жуық уақыттан бері өшпей жасап келеді. Оны таласа-тармаса оқитын оқырмандары жетерлік. Тіпті әлемдік БАҚ сол газеттен сілтеме жасау арқылы ақпараттар таратып жатады.
Себеп неде? Ең алдымен, газет күнделікті сіздің үстеліңізде жатады. Апта, ай сайын емес, күн сайын. Күніге ақпаратты толықтырып, мәні мен мағынасы толысқан, азаматтық көзқарастарды ұстана отырып, бір күннің ішінде мақала жазу тілшінің шеберлігінен. Біздің тілшілеріміз де газеттің әрбір санын көркем, әрі тартымды етіп шығару бағытында жалықпай-талмай еңбек етеді, ізденеді. Ізденімпаздық пен жаңашылдыққа ұмтыламыз.
Оқырмандар да газеттің кескіні мен бет-бейнесіне, мазмұнына қатысты өз ойларымен бөлісті. Мәселен, Күркіреусу ауылының тұрғыны Әділ Жаңабаев аудандық «Жаңа өмір» – «Новая жизнь» газетінің тұрақты жаздырып алып, әр санын қалт жібермей оқитынын, соңғы кездері газеттің пішімі өзгеріп, жазар тақырыбы көбейгенін, ауданның әр шалғайында болып жатқан жаңалықтарды «Ауылдан жеткен ақпарат» айдарынан танысып отыратынын айтса, Бәйтерек ауылының тұрғыны, Ақтөбе ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Дінмұхамед Сатымқұл газетті оқырманға әлі де тартымдырақ ете түсу үшін дизайнмен көп жұмыс істеуді, түрлі-түсті бояуларды көбірек қосу керектігін ұсынды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close