Basty bet

Генерал Диханбек Сатылғановпен ерлік сағаты өтті

Ел қасиеті – ер қасиеті!
Өткені тарихқа, бүгіні шаттыққа, тау-тасы сырға, өзен-көлі жырға тұнып тұрған талай батырлар мен ақындар, тарихи тұлғалар дүниеге келген, құт дарыған Жуалыдай қасиетті өлкені айтқанда, ең алдымен аты аңызға айналған, ерлігі мен өрлігі бүкіл әлемге мәшһүр болған даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы мен халық жазушысы Шерхан Мұртазаның есімін еске алады.

Қасиет дарыған өлкені батырлар мен ақын, жазушылар мекені деп келген жұртшылық енді генералдар елі деп те атап жүр. Өңірде халықтың маңдайына біткен абзал азаматтар мен арыстар аз емес.
Апта басында аудандық «Достық» мәдениет үйінде халық шығармашылығы және мәдени-демалыс орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Қарулы Күштерінің генерал-майоры, жерлесіміз Диханбек Жанқоразұлының 70 жас мерейтойына арналған «Ел қасиеті – ер қасиеті» атты ерлік сағаты өтті.
Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова және аудан орталығындағы мектептердің оқушылары, «Жуалы» колледжінің білімгерлерімен қатар, «Оңтүстік» өңірлік әскери қолбасшылығына қарасты 91678 әскери бөлімінің таулы-егерлік полкінде әскери борышын өтеуге келген жас сарбаздар қатысты.
Генерал-майор Диханбек Жанқоразұлы Сатылғанов 1954 жылы Жуалы ауданының бұрынғы Шетбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол КСРО Азаматтық қорғанысы Мәскеу әскери училищесін, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясын бітірген. Командалық-штабтың, жедел-тактика техника взвод, рота, батальон, полк, дивизия командирі, сонымен қатар, ҚР ҚК Бас штаб басқармасының бастығы, ҚР ҚК Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының орынбасары, 2004 жылдың желтоқсанынан ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс, әскери бөлімдер және жедел іс-қимыл департементінің директоры болған.
Диханбек Сатылғанов «Құрмет белгісі» ордені, КСРО, Қазақстан Республикасының бірқатар медальдарының иегері.
Іс-шара барысында мерейтой иесінің құрметіне Бақытжан Әбделиевтің орындауында «Ағаларым» әні шырқалып, алғашқы сөз генерал-майор Диханбек Сатылғановқа берілді.
Диханбек Жанқоразұлы жерлестерімен онлайн түрде байланысқа шығып, жүздескеніне қуанышты екенін айтып, жұртшылыққа алғысын білдірді. Одан бөлек, Отан алдындағы борышын өтеп жүрген жас сарбаздардың сауалдарына жауап беріп, еңбек жолындағы естеліктерімен бөлісті.
Ерлік сағатын аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова қорытындылады.
– Құрметті Диханбек Жанқоразұлы! Сізді 70 жасқа толған мерейтойыңызбен барша Жуалы халқының атынан шын жүректен құттықтаймыз! Еліне, жеріне адал қызмет еткен тұғырлы тұлға ретінде өзіңізді қашанда мақтан тұтамыз. Еліміздің мақсаты мен мүддесін қорғап жүрген антына адал, сертіне берік Отан қорғаушылар келешек ұрпақ өкілдері сіздің жолыңызбен жүріп, атпал азаматтар қатары көбейе берсін! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық және әрқашан да мерейіңіз арта беруіне тілектестік білдіреміз,- деді Анар Садыққызы.
Сонымен бірге, Диханбек Жанқоразұлына арнайы тоқылған кілемшедегі портретін сыйға тартты.

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close