Basty bet
КӨРЕРМЕНГЕ ІЗГІЛІК НӘРІН СЫЙЛАҒАН ІРГЕЛІ ҰЖЫМ
бұл мақсатта балалардың қауіпсіздігі барлығымызға ортақ мәселе болуға тиіс!
Мәдениет – ұлттың жаны, ұрпақ тәрбиесінің, өркениетті қоғамның өзегі. Мәдениет – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Сондықтан да мәдениет барлық елде мемлекет дамуының маңызды басымдықтарының қатарына кіреді.
Елімізде жыл сайын 21 мамыр күні Мәдениет және өнер қызметкерлері күні атап өтіледі. Бұл – осы салада аянбай еңбек етіп, рухани құндылықтарды дәріптеп жүрген азаматтарға көрсетілетін құрметтің бір белгісі.
Мәдениет қызметкерінің жұмысы – көзге көріне бермейтін, бірақ ел өмірінде аса маңызды рөл атқаратын еңбек. Ауыл-аймақта түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырып, халықтың рухани дамуына ықпал ету – осы мамандардың мойнында. Олар елдің ұлттық болмысын сақтап қалуға, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеуге, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттауға ерекше үлес қосып келеді.
Жаһандану дәуірінде ұлттық кодты, төл мәдениетімізді сақтау – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Осы орайда, мәдениет қызметкерлерінің еңбегі ерекше бағалауға лайық.
Аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты бір аудандық мәдениет үйі мен 9 ауылдық мәдениет үйі және 12 ауылдық клубта барлығы 186 қызметкер жұмыс атқарады. Биыл жаңа ғимарат Қайрат ауылдық мәдениет үйі де іске қосылып, ауылдық мәдениет үйлерінің қатары тағы бір нысанмен толықпақ.
Мәдениет қызметкерлері ауданда өтіп жатқан мерекелік күндер мен мерейтойлардың сапалы ұйымдастырылуына өз үлестерін қосып келеді.
Әрбір іс-шараның артында үлкен еңбек жатыр. Әрбір іс-шараның сценарийінен бастап, орындалатын ән-биі, шараның театрлық қойылыммен әрленуі, дыбыстың сапасы, сахнаның безендірілуі барлығы ұжымның қажырлы еңбегінің нәтижесі.
2024 жылы мерекелік іс-шаралар мен түрлі өнер байқауларынан бөлек аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығы қызметкерлерінің атсалысуымен ауданда көптеген тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, Жамбыл облысының 85 жылдығына орай «Мәдениет – асыл қазынам» атты Жуалы ауданының мәдениет күндері өтті. Сонымен қатар, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразованың 75 жас мерейтойы, мәдениет қайраткері, жазушы-журналист Мырзахан Ахметовтың, сатирик Толымбек Әлімбековтың, жазушы-журналист Талғат Сүйінбайдың, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлының 70 жас мерейтойы мен жазушы-журналист, кинодокументалист Доқтырхан Тұрлыбековтың 75 жас мерейтойы, жазушы-журналист Ақылжан Мамыттың 65 жасқа толуына орай шығармашылық кеш ұйымдастырылды. Сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтың 100 жылдығына арналған еске алу кеші, жазушы-журналист, Қазақстанның мәдениет қайраткері Мақұлбек Рысдәулеттің 75 жылдығына арналған еске алу кеші, қобызшы, қазақ өнерінің жанашыры, зерттеуші Мұсабек Жарқынбекұлының 70 жылдығына арналған еске алу кеші, генерал-майор Диханбек Сатылғанов пен Сейітжан Қойбақовтың 70 жас мерейтойы кең көлемде ұйымдастырлып, көрерменнің жан байлығын арттырар тағылымды іс-шаралар өтті.
Аудан айнасы, қасиетті қара шаңырақ аудандық «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік кеш те аудандық мәдениет үйінде оқырмандарымен, арнайы шақырылған қонақтарымен аталып өтті.
«Жуалы» халықтық театры әртістерінің сахналауындағы Еркебұлан Жолдасовтың «Шатыр астындағы екеу» романтикалық комедиясы да сәтті шықты. Жалпы «Жуалы» және «Мыңбұлақ» халықтық театрларының әртістері әрбір іс-шараның мәнін ашуда көрерменін көркем ойдың көкжиегіне бойлатар қойылымдарымен көрермен көңілінен шығып келеді.
Ал биыл Кеңес Одағының Батыры, даңқты қолбасшы, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметованың 80 жас мерейтойына орай «Шуақты күндер. Келіннің күнделігінен» атты мерейтой иесімен тағылымды кездесу кеш өтті. Алда әлі де көрерменге рухани азық сыйлар ауқымды шаралар көп.
Халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығында бес халықтық атағы бар шығармашылық ұжым бар. Олар: «Қызғалдақ» ән-би ансамблі, «Бөкейтау» вокалды аспапты ансамблі мен «Жаңабаевтар» отбасылық ансамблі және «Жуалы», «Мыңбұлақ» театрлары.
Аудандық орталықта тәжірибелі мамандармен бірге талантты жас мамандар да қызмет етіп келеді. Атап айтқанда, көркемдік жетекші Нәзипа Тұранқызы, әдістемелік бөлімнің меңгерушісі Гүлжан Досмұрзаева, жастар және балалармен жұмыс секторының меңгерушісі Несібелі Тұрапбаева, көркемөнерді ұйымдастырушы маман Толқын Қыстаубаева, ардагерлер Ришад Қуанышев, Бақытжан Абдалиев, Аташбек Әмірқұл, жастардан директордың орынбасары Салтанат Мейіржанқызы, режиссерлар Ербол Бекжанов, Ерболат Қаттебеков, режиссердың ассисенті Талғат Батыров, «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің көркемдік жетекшісі Мәлік Мықтыбеков, әдіскер Мадина Свамбаева, мәдени ұйымдастырушы Гүлнар Қашкеева, әншілер Назерке Ахмет, Алмат Нұрқұс, Мейірхан Нұрдәулет, Әділет Мәдібек, Мадияр Сағымбек, Қуаныш Сүйінбай және тағы да басқалар.
Жұмыс барысында әрбір маманның өз қызметі мен өз орны бар. Мәселен, дыбыс операторы Бауыржан Маймақов, қоюшы суретші Қойшыбай Төремұратов, киім бөлімінің меңгерушісі Гүлжан Жаманқұлова, Меруерт Тоқтамұратова сынды тағы да басқа мамандардың да өз қолтаңбалары бар.
Жаңабаевтар отбасылық ансамблінің белді мүшелері Күнімбала Жаңабаева, Нұржан, Нүркен, Нәзия Жаңабаевтардың да өнер саласына сіңірген еңбегі зор.
Ауыл тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлау мен ауылдағы өнерлі жандардың өнерін шыңдауда ауылдық мәдениет нысандарының мамандары да өз үлестерін қосуда. Мәселен, Айжамал Мирзараимова, Гүлмира Самсыбаева, Айгүл Жомарт, Айман Ортаева, Манаткүл Сәрсенбаева, Нәзипа Кенжебекова, Лаура Үкімбаева, Жазира Дәуренова, Эльмира Райымбекова, Шыңғысхан Ералиев, т.б сынды өз жұмысын жауапкершілікпен атқаратын мамандар жетерлік.
Жүректен шыққан туынды ғана көрерменнің жүрегіне жетеді. Әрбір шығарманы жүрекпен қабылдап, жүрекпен жеткізе білген өнер адамдарына жүктелген жауапкершілік жүгі олардан әрдайым сергек болуды талап етеді. Себебі, патша көңілді, талғамы биік көрерменнің алдында сөйлеу, өнер көрсету мәртебелі әрі жауапты жұмыс.
Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлы өнер жайлы «Өнер – адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деген пікір білдірсе, жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза «Өнер дүлдүлдері болмаса, күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді» деген екен. Сондықтан барша әріптестерімді төл мерекелерімен құттықтап, әрбір мерекенің, іс-шараның рухани мәнін ашып, көременге рухани қуаныш, ләззат, шабыт сыйлау жолындағы игі істеріне әрдайым абырой мен табыс тілеймін!
Салтанат Біланқызы,
аудандық халық шығармашылығы
және мәдени демалыс
орталығының директоры