Basty bet

«Қарапайым заттар экономикасы»

«Қарапайым заттар экономикасы» дегеніміз – Қазақстан азаматтары күнделікті пайдаланатын және ауқымды капитал жұмсалымы мен күрделі технологияларды қолдануды талап етпейтін өнімдер шығару, сондай-ақ қызметтер көрсету.
Қарапайым заттар экономикасын дамыту – бұл ішкі нарықты отандық тауарлармен толықтыру, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру және ең алдымен, халық тұтынатын тауарлардың кең номенклатурасын шығару.
Қарапайым заттар экономикасын дамытудың мақсаты – халықтың қажеттіліктерін қанағаттандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру үшін бәсекеге қабілетті өндіріс орындарын құру, импорттық әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын жергілікті өнімдермен алмастыру арқылы ауыл тұрғындарының жағдайын көтеру.
Қарапайым заттар экономикасы туралы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында және қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған Жолдауында да атап өтті.
Бұл өте үлкен маңызды жоба бойынша облыс әкімі мен тиісті басқарама басшылары, аудан-аудандағы арнайы құрылған жұмысшы топтар ауқымды жұмыстар атқарды. Бұл жоба Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Президентінен қолдау тапты. Осыған байланысты жұмысшы топтар жұмысын әрі қарай жалғастырып, көп жұмыс атқарды. Енді алдағы жарты немесе бір ай көлемінде жобаға қатысатын тұрғындар қаржыландырылатын болады деп күтілуде. Осы орайда ауданымыздағы жұмысшы топтың басшысы аудан әкімінің орынбасары Әбдікерім Уркумбаевпен сұхбаттасқан едік.- Әбдікерім Құлтайұлы, бұл игілікті бастаманың біздің облысымыздан бастау алып отырғанына еліміздің басқа өңірінен қызығушылық танытып отырғандар көп. Яғни, 2,5 пайызбен берілетін несие ауыл халқының тұрмысын көтеруде таптырмас мүмкіндік. Біздің ауданнан пилоттық жобаға таңдалған Ақтөбе ауылдық округінен қанша аула бағдарлама аясында несие алуға ниет білдіріп отыр? Алдағы жылы бұл жобаға басқа ауылдық округтегі тұрғындар қатыса алады ма?
-Төрт елді мекеннен тұратын Ақтөбе ауылдық округінен 494 аула ниет білдіріп отыр. Жалпы, бұл ауылдық округ таңдалынып алынбай тұрғанда түсіндіру жұмыстары барлық ауылдық округте өтті. Барлық ауылдық округ әкімдері бұл бағдарлама туралы толық біледі. Сондықтан ауыл тұрғындары өздерін қызықтырған сұрақтар бойынша ауыл әкімдеріне жолығуларына болады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов алдағы жылы облыстағы барлық ауылдық округтерде бұл іс қолға алынады деп жоспарлап отыр.
-Бағдарламаға қатысу үшін ауыл тұрғындары не істеу керек?
-Ең бірінші, кепілге қоятын үй, басқа да өз меншігіндегі ғимараттар, тағы да басқа мүліктердің мемлекеттік актісі мен техникалық паспортының құжаттарын дайындап, яғни заңдастырып отыру керек.
-Жобаның бағыттарына тоқталып өтсеңіз.
– Жаңа жоба бес бағыттан тұрады. Олар: үй іргесіндегі жерді, ауладағы мал шаруашылығын, тұрғындардың ауыл сыртындағы жер үлесін тиімді пайдалану, кооперативтер құру, тұрғындардың өз кәсібін ашуға немесе кеңейтуге арналған шағын жобаларды қаржыландыру болып табылады.
Яғни, бірінші бағыт бойынша әр аула үйінің айналасындағы жерін игеруге және ауылдан құрылған АӨК мүшесі болуға міндетті.
Екіншіден, кепілдікке қоятын мүлкін заңдастырып, бағалатып, малды қай жерден алатынын анықтап дайын отыруы керек.
Үшіншіден, ауыл сыртындағы жер (өзінің біреуге берген жер үлесін) үлесін ауылдан құрылған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне қосуға міндетті. Бұл жерде шаруаларға егетін ұрығын, минералды тыңайтқыштарын, т.б АӨК өзі әкеліп береді.
Төртіншіден, ауылдық округтерде құрылған (құрылып жатқан, құрылатын) АӨК қайта жабдықтау мен дамытуға атсалысу.
Бесінші бағыт – шағын бизнесті (дәріхана, наубайхана, шаштараз, т.б) қолдау және қаржыландыру.
-Аталған несиені кімдер ала алады?
-Әрине, кез келген адам (аула) ала алады. Алайда, несие тарихы және қаржылық талаптарына сай келмесе ала алмайды. Сонымен бірге бұл несие ІІ деңгейлі банктер арқылы емес, облыс әкімі жанынан құрылған «СПК Тараз» корпорациясы арқылы беріледі.
-Бүгінгі таңда Ақтөбе ауылдық округі бойынша қанша аулаға қандай бағытта қаржыландыру жоспарланып отыр?
-Жалпы, 494 ауланың 186-сы екінші бағыт бойынша мал алу мақсатында, жалпы соммасы 737 млн.теңге несие алуға ниет білдірсе, 146 млн теңгеге АӨК-не техникалық жабдықтар алуға ниет білідіріп отыр. Себебі, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жан-жақты жабдықталған болуы керек.
-Бағдарлама бойынша басқа да мәліметтерді қайдан алуға болады?
-Елімізде болып жатқан оң өзгерістерді қарап жаңашылдыққа бет бұру керек. Мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысайық. Бағдарламаның түпкі мақсаты – әрбір ауланың жағдайын көтеру және табысын молайту.
Жалпы бағдарлама бойынша қосымша мәліметтерді аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімі, кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі және жоғарыда айтып өткенімдей, ауыл әкімдерінен алуға болады.
-Әңгімеңізге рақмет! Халқымыз бай-қуатты болсын!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close