Basty bet

СОҢҒЫ ҚОҢЫРАУ СЫҢҒЫРЫ

аудан мектептерінде соңғы қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы аяқталды

Алтын ұя мектепті аяқтап, үлкен өмірге қадам басу адам көңіліндегі ең бір қимастық сезім болса, ол адам өміріндегі жауапты кезеңнің бірі екені анық. Күні кеше ғана еліміздегі білім беретін барлық мектеп және гимназия, лицейлерде соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл – ел өміріндегі маңызды әрі қуанышты оқиға болып табылады.

Ел өңірлеріндегідей биыл 24 мамыр күні ауданда орналасқан барлық білім шаңырағында дәстүрлі соңғы қоңырау соғылып, салтанатты шаралар ұйымдастырылды. Аудан орталығындағы білім шаңырақтарының алдыңғы қатарындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейде соңғы қоңырау салтанатына арналған жиын өтті. Салтанатты шараға мектеп оқушылары, ұстаздармен қатар, ата-аналар және қонақтар шақырылды.
№15 мектеп-лицейдегі «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбындағы салтанатты шараның жоғары дайындықпен және әсерлі ұйымдастырылғанын баса айту қажет.
Соңғы қоңырау салтанатына орай оқушылар мен ұстаздар таңертең мектеп-лицей ауласына сапқа тұрғызылды. Салтанатты жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова құттықтау сөзінде мектеп ұжымы мен түлектерге ақ тілегін жеткізді.
– Құрметті мектеп ұстаздары, түлектер және ата-аналар!
Биыл аудандағы барлық білім беру ұйымында оқу жылының аяқталуына байланысты 11 сынып түлектері үшін «Мектебім, саған мың алғыс!» тақырыбында ұйымдастырылған салтанатты іс-шара екінші жыл қатарынан жаңа форматта өтуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында: «Біз біртіндеп барлық салада ауқымды реформалар мен нақты өзгерістерді жүзеге асырып жатырмыз. Оның бәрі халықтың тілегі мен заманның талабына сай жасалуда. Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» деп атап өткенін жақсы білеміз.
Жалпы білім беретін мектептер оқу жылын «Білімім – Отаныма!» тақырыбында жалпыреспубликалық бірыңғай сынып сағатымен аяқтады. Сынып сағаттарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарына басымдық беріліп отыр. Білім алушылар «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» және «Адал азамат» тақырыптық бағыттарында эссе жазды.
Тәуелсіз елдің болашағы ең алдымен жастардың «Адал азамат» болып қалыптасуына тікелей байланысты. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы Тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық сияқты негізгі құндылықтарды түгел қамтиды.
Келешек ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру, елі мен жерін сүйетін, ұлтқа қызмет ететін адал азамат ретінде қалыптастыру – баршаға жүктелген ортақ міндет. Биыл аудан мектептерінде барлығы – 10 072 оқушы сабақты аяқтаса, оның 644-і мектеппен қоштасып, үлкен өмірге қадам басып отыр. Биыл ауданда 11 сыныпты аяқтаған 644 түлектің 24-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, ал 71-і «Үздік атестатқа» үміткерлердің қатарында. Балаларды заманауи біліммен сусындатып, тәрбие беруде шығармашылықпен еңбек етіп, шәкірттері тиянақты білім көрсетіп жүрген ұстаздардың барлығына алғыс айтқым келеді.
Соңғы қоңырау салтанаты – жас түлектер үшін толқынысты әрі сыныптастарымен, мектеппен, он бір жыл білім берген аяулы ұстаздарымен қимай қоштасып, балалық шақтан болашаққа, үлкен өмірге қадам басатын жауапты сәт. 11 жыл аз уақыт емес, бірақ алда бағындыратын белес одан да көп. Ең бастысы, мамандық таңдауда дұрыс таңдау жасауға тілектеспін. Қадамдарыңызға сәттілік тілеймін,- деп атап өтті Анар Садыққызы.
Айта кетсек, мектеп-лицейдегі соңғы қоңырау салтанатты шарасында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, ізгі тілек білдірсе, тірек мектеп-лицейдің директоры Руслан Сайлаубаев түрлі бағыттағы спорттық және пәндік олимпиадаларда, т.б. салаларда жоғары жетістікке жеткен үздіктерді Алғысхаттармен марапаттады.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close